«Анамның орнында болсам...»: Астанада ерекше спектакльдің премьерасы өтті

«Анамның орнында болсам...»: Астанада ерекше спектакльдің премьерасы өтті
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында 9 және 11 қазанда «Ана жолы» спектакль-перформансының премьерасы өтті. Авторы әрі режиссері Іңкәр Каримова болған қойылым ана мен қыздың қарым-қатынасын, әйелдердің өмірлік таңдауын және қоғамның оларға қоятын талаптарын арқау етті.

Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Деректі театр мен заманауи сахна тілін ұштастырған спектакльде жеті жас актриса кейіпкерлерінің анасы туралы оқиғаларды баяндады. Отбасылық естеліктер арқылы әйелдердің бастан өткерген қиындықтары, орындалмаған армандары мен өмірлік ұстанымдары емес, ең алдымен олардың тағдырына қыздарының көзқарасы ұсынылды.

Кейіпкерлер аналарының шешімдерін өз түсінігімен таразылайды. Бірі оның өмір жолын қайталағысы келмесе, екіншісі дәл сондай жағдайда басқаша таңдау жасар едім деп есептейді. Енді бірі анасының жас кезіндегі жан күйін түсініп, оған қолдау білдіргісі келеді. Осы әңгімелер арқылы қойылымда екі буынның өмірге көзқарасы, әйелге жүктелетін міндеттер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі көтерілді.

Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Іңкәр Каримова бұған дейін El.kz тілшісіне берген сұхбатында шығарманың негізгі назарын жас қыздардың ішкі әлеміне аударғанын айтқан еді. Режиссер үшін аналардың өмірбаянын баяндаумен қатар, сол тағдырларды көріп өскен қыздардың қандай қорытынды жасағанын көрсету маңызды болған. Сондықтан спектакльде олардың қорқынышы, қоғамнан сезінетін қысымы және өз болашағына қатысты ұстанымы да қамтылған.

Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров «Ана жолын» Іңкәр Каримованың заманауи драматургиядағы алғашқы қадамы ретінде бағалады. Оның айтуынша, бүгінгі заманның тілімен жазылған перформанс әйел мен ананың ішкі жан дүниесін ашуға ұмтылады. Театр басшысы қойылым аналарды не толғандыратынын, ана болудың жолы қандай екенін және қоғамның оларды қаншалықты қадірлейтінін ой елегінен өткізуге жетелейтінін атап өтті.

Бұл спектакль бүгінгі өскелең ұрпаққа ананы қадірлеуді, ананы аялауды үйретеді. Жалпы, осы перформанс-қойылымның басты идеясы да сонда, – деді Асхат Максимұлы.

Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Оның пікірінше, әйел мен анаға көрсетілетін құрмет – қоғамның өркениеттілігін айқындайтын құндылықтардың бірі. Театр директоры жастардың қойылымнан анаға деген ықылас, перзенттік парыз бен жауапкершілік туралы ой түйіп қайтатынына сенім білдірді.

Спектакльдің көркемдік шешімінде деректі мәтіндер, пластика мен музыка қатар қолданылған. Музыкалық әуендер монологтарды толықтырып, кейіпкерлердің көңіл күйін жеткізуге қызмет етеді. Қойылым көрерменмен тікелей байланысқа да құрылған. Актрисалар залға сұрақ қойып, көрерменге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді. Жауап беру немесе қол көтеру – әркімнің өз еркінде. Режиссер бұл тәсіл арқылы сахнада қозғалған мәселелерді ортақ талқылауға айналдыруды көздеген.

Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Қойылымның қоюшы-суретшісі – Іңкәр Каримова, қоюшы-хореографы – Камила Бузанова, қоюшы-хормейстері – Әлихан Ыдырысов. Музыкалық көркемдеуін Осман Абайділдә мен Дастан Мерғали жасаған.

Осылайша, елордада өткен «Ана жолы» премьерасы әйел тағдырын отбасылық естеліктер мен қыздардың бүгінгі көзқарасы арқылы таныстырды. Қойылымның өзегіндегі «Анамның орнында болсам, қандай өмір сүрер едім?» деген сауал кейіпкерлердің әңгімелерін тоғыстырып, көрерменді өз отбасы мен анасының өмір жолына үңілуге шақырды.

Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Оқи отырыңыз