Жаңалықтар

«АНАҒА ТАҒЗЫМ» РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК КЕШЕНІНІҢ ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ РӨЛІ ОРАСАН

«АНАҒА ТАҒЗЫМ» РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК КЕШЕНІНІҢ ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ РӨЛІ ОРАСАН
20.11.2018 10:20 4272

Елбысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласында ашылғанына бір айдан астам уақыт болған «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік кешенінің жұмысына қызығушылық танытушылардың қатары күннен-күнге көбейе түсуде. 

21 қыркүйекте күнтізбедегі алғашқы жұмыс күнін республикалық әйелдер слетімен ашып, елге сыйлы ақ жаулықты аналар келіп тұсауын кескен кешенге бүгінде арнайы ат басын бұрып келушілер де жоқ емес.

Мәселен, өткен аптада «Менің елім» тарихи-өлкетанымдық жобасы аясында Батыс Қазақстан өңірімен танысу мақсатында жолға шыққан бір топ – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері «Анаға тағзым» кешеніне келіп, тәнті болғандарын жасыра алмады.

Сол секілді облыс аумағындағы аудандар мен қалалардан да жиі-жиі оқушылар делегациялары келіп, Ана ұлылығына деген құрметтерін білдіріп жатады. Бүгінде орталық Ақтөбе қаласында орналасқан орта және жоғарғы оқу орындарының басшылығымен келісімге келіп, жастарды тәрбиелеу бағытында бірлесіп жұмыс жасау туралы әріптестік қарым-қатынас орнатуда.  Ақтөбе қаласына жұмыс сапарымен келген елге белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлері мен алыс-жақын шетелдік қонақтар да аталмыш орталыққа бас сұқпай кетпейді.

Республикада баламасы жоқ орталықтың салынуына мұрындық болған облыс басшылығының бастамасымен бұл жобаға күллі ақтөбеліктердің жұмыла көтерген жүк жеңіл болады деп үлес салуға асыққанын білеміз. «Анаға тағзым» рухани адамгершілік кешені Ана есімін құрмет тұтқан, ұлықтаған азаматтардың «Туған жерге тағзым» жобасының аясында демеушілігімен жүзеге асырылды.

Біз бүгінде оның жұмысы қалай жүріп жатқанын білмекке «Анаға тағзым» рухани адамгершілік кешенінің директоры Динара Әбікешованы сөзге тартқан болатынбыз. Кешен жұмысының алдағы уақытқа белгіленген ауқымды жоспарымен бөліскен Динара Әбікешованың айтуынша, «Анаға тағзым» рухани адамгершілік кешенінің бағытын әртараптандыру мақсатында бүгінде оның жанынан Аналар кеңесін ашу қолға алынуда. Аналар кеңесі тек облыс орталығында ғана емес, оның аумағындағы барлық аудандарда құрылып, жүзеге асырылатын болады. Ал «Ана даңқы», «Әйел даңқы» галлереяларын алдағы уақытта ай сайын, тоқсан сайын жаңа есімдермен толықтырып отыру көзделуде. Бұл әйелдің еңбек нарығындағы белсенділігін арттыруға мүмкіндік беруі тиіс дейді Динара Әбікешова. «Кешеннің ашылуына мүдделі болған жандардың барлығы Ана алдындағы перзенттік парызын өтесем деп, анаға құрмет көрсетілер, есімі мәңгі дәріптелер, ұрпақ санасына ананың қадір-қасиетін сіңірер кешенді өзінің анасына деген балалық махаббатымен байланыстырды.

Сондықтан біз бұл орталық келген адамдарға ананың алақанының жылуы мен жүрегінің ақ адал махаббатын сездірте білсе екен дейміз. Мұнда балалармен жиі жұмыс жасаймыз. Әрбір мектеп оқушыларын кезек-кезек қонаққа шақырып, олармен танымдық сабақ өткіземіз, ұлттық дәстүрлерімізбен, тарихтағы есімі белгілі қыз-келіншектердің ерлігімен, еңбегімен таныстырамыз.

«Алып анадан туады» демекші, мұнда ел ағаларының, зиялы азаматтардың аналарының портреттері орналастырылған. Мұның өзі өскелең ұрпаққа үлкен сабақ болады деп ойлаймын. Анасының мұндай кешенде маңдайы жарқырап тұрғанын, оған адамзаттың барлығының сүйсіне қарағанын кім қаламайды дейсің. Сондықтан, мұны саналарына тоқып өскен балалар да, аналарына көрсетілер құрметтің өздерінің адам, маман болып өсулеріне де байланысты екендігін жақсы ұғынып, соған тырысатын болады деп сенемін» деген Динара Әбікешованың сөзінің жаны бар.

«Ана даңқы» галлереясында Елбасының анасы Әлжан анадан бастап, зиялы қауым өкілдерінің, қоғам, мәдениет, саясат, әдебиеттегі белгілі тұлғалардың аналарының фотосуреттері қойылған.

Осы ретте Елбасының анасы туралы айтқан әңгімесі еске түседі: «Жалғыз мен ғана емес, барлық адам уақыт өте келе, есейе келе анасына уақытты аз бөлгені, жылы сөзді аз айтқаны үшін өзін сөгетін шығар. Кезінде онымен жиі бірге болмағаныма қатты өкінемін. Оның мені қатты жақсы көретінін білетінмін. Әлі күнге дейін маңызды шешім қабылдарда оның әруағы мені қолдап отырады" деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев ана туралы тілші сұрағына берген жауабында.

«Әйел даңқы» галлереясында деректі фильмдер көрсетіледі. Мұнда Әйел-ананың, Әйел-әлемнің ерлігі, еңбегі дәріптеледі. Бүгінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарын тапсыру салтанатын да осы кешен ғиимаратында өткізу дәстүрге айналды.

Әйел адамның қоғамдағы рөлі, тәлім-тәрбие, ұлт құндылықтары жөніндегі түрлі тақырыптық жобалар мен кездесулер де жиі ұйымдастырылып отырады. Ақтөбе облысының Іскер әйелдер ассоциациясының мүшелері де кешен орталығымен қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Кешеннің іргетасы құйылған сәттен бастап оған жанашырлық білдірген әйелдер қауымдастығы бүгінге дейін онымен тығыз байланыс орнатып, кез-келген мәселеде әріптестік қолдау танытуға дайын екендіктерін білдіруде. Орталықта «Қыз елдің көркі» интеллектуалды дамыту бағдарламасы негізінде қыз балалар мектебі жұмыс жасайды. Мұнда 7 жастан бастап 18 жасқа дейінгі қыздарға тәлім-тәрбие сабағы ұйымдастырылады.

«Кешен жұмысына бұқара халықтың қолдау білдіріп жатқанын көріп, көңіліміз марқайып қалады. Кейбір қала тұрғындары өздерімен бірге әке-шешелерін, ата-әжелерін жетектеп келіп жатады. Бұл да ұрпақ сабақтастығының жалғас тапқандығының дәлелі деп білеміз. Үлкен кісілерге көңіл бөліп, аз-кем сұқбат құруға тырысамыз. Олар ана құрметіне ашылған кешеннің мақсатын, анаға көретілген тағзым туралы естігенде, жас балаша мәз-мәйрам болып жатады.

Ананың шынайы күлкісіне куә болудың өзі бір бақыт» дейді Анаға тағзым» рухани кешенінің басшысы. Орталық қызметкерлері алдағы уақытта кешен негізінде қыз-келіншектерге арналған түрлі үлгідегі шеберлік сыныптарын ұйымдастыруды да қолға алмақшы. Алғашқы шеберлік сабағы басталып та кетті. Ақтөбеден шыққан танымал жас дизайнер Малика Усупова «Киім дизайны» тақырыбында 5 күндік оқыту семинарын өткізді. Оған қатысуға тілек білдірушілер де көп болды. «Сұраныс өте үлкен. Оны тез арада қамтуға тіпті үлгере алмай жатырмыз. Атақты әйелдермен кездесулер, сынып шеберлерін өткізу, шетелдермен де бірге жұмыс жасағымыз келеді. Бірақ бұл енді болашақтың еншісінде шешілетін үлкен жұмыстар» дейді жұмыс жоспарымен бөліскен Динара Әбікешова.

Бүгінде «Анаға тағзым» рухани адамгершілік кешенімен әріптестік қарым қатынас орнатуға мүдделілік білдірушілер де өте көп. Білім ошақтары, жоғарғы оқу орындары, жекелеген тұлғалар күнделікті түрлі ұсыныс-тілектерін білдіруде. Мұның өзі жобаның өзін ақтағанын, халықтың рухани азық алуы үшін қажет жоба болғандығын дәлелдеді деген сөз.

Тағы бір қуанарлығы, облыс басшысының Анаға құрмет көрсету туралы идеясы облыс аудандарында да өз жалғасын табуда. Атап айтар болсақ, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында «Аналар саябағы» ашылып, оның нақ ортасынан «Анаға тағзым» ескерткіші орын алды. Аталмыш ескерткіш «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілікпен салынған. Ол облыс орталығындағы Ана ескерткішінің көшірмесі іспетті. Аналар саябағында ардагерлер бас қосып, бір-бірімен әңгіме дүкен құрып, бос уақытын тиімді өткізулері үшін демалыс алаңқайлары жасақталған. Қандыағаш қаласының тұрғындарының сүйікті демалыс орынына айналып үлгерген бұл саябақ та Ана атты Тәңіріге бас июдің белгісі деп білеміз.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға