Жылтырақ өмірді насихаттау жастардың санасын улап жатыр – Тұрар Сәттарқызы

Жылтырақ өмірді насихаттау жастардың санасын улап жатыр – Тұрар Сәттарқызы

Назерке Чакирбаева
Фото: Назерке Чакирбаева

Бүгінде әлеуметтік желі мен медиа кеңістікте сән-салтанатты өмір, материалдық мүмкіндік пен жоғары әлеуметтік мәртебе жиі алдыңғы қатарға шығады. Мұндай үрдіс жастардың жетістік, білім, еңбек және ұлттық құндылықтар туралы түсінігіне қалай әсер етеді? Тарихшы-этнолог, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші, Журналистер одағының мүшесі Тұрар Сәттарқызы Шәкен осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, қоғамда қандай құндылықтарды көбірек дәріптеу керектігіне тоқталды.

Оның айтуынша, күнделікті нәпақасын маңдай терімен тауып жүрген қарапайым халық үшін сән-салтанат пен материалдық мүмкіндіктің адамның деңгейін анықтайтын өлшем ретінде ұсынылуы әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздіктің белгісіндей қабылдануы мүмкін. Бұл материалдық құндылықтардың рухани құндылықтардан үстем болып бара жатқаны туралы мәселені де алға шығарады.

Тұрар Сәттарқызы Баян Алагөзованың сұхбатында қызына қатысты айтқан сөздері қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде түрлі пікірге себеп болғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл пікірталастың астарында бір адамның сөзіне қатысты реакциядан бөлек, тіл, ұлттық құндылық, әлеуметтік жіктелу және қоғамға ұсынылатын өмір салты секілді ауқымды мәселелер жатыр.

Фото: AmanTasyganLive Youtube арнасынан алынған кадр

Тіл, әлеуметтік жіктелу және ұлттық құндылық

Тұрар Сәттарқызы ең алдымен сұхбаттағы тіл мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, сұхбат алушы сұрақты қазақ тілінде қойғанына қарамастан, сұрақтардың басым бөлігіне өзге тілде жауап берілген.

Қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақша жауап беру – ең алдымен мәдениет пен сұхбаттасушыға деген құрметтің белгісі. Қарым-қатынастың қай тілде басталғаны маңызды емес деп қарау оңай көрінуі мүмкін. Бірақ тіл – жай ғана қатынас құралы емес, ол адамның болмысы мен ұлттық санасының бір бөлігі, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Оның пікірінше, кез келген қоғамда сұхбаттасушылар бір-бірінің тілдік таңдауына құрметпен қарауы керек. Сондықтан қазақ тілінде қойылған сұраққа басқа тілде жауап беру кей көрермен тарапынан сұхбат алушының тіліне ғана емес, оның ұлттық болмысына деген құрметсіздік ретінде қабылдануы мүмкін.

Тұрар Сәттарқызы бұл жерде мәселе бір адамның қай тілде сөйлейтінінде ғана емес, медиа тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігінде екенін айтады. Этнографтың сөзінше, Баян Алагөзова секілді аудиториясы үлкен танымал тұлғалар қоғамдық пікірге ықпал етеді. Олардың экрандағы әрекеті, айтқан сөзі мен өмір салтын көрсету тәсілі жастар үшін белгілі бір деңгейде үлгіге айналуы мүмкін.

Ел танитын тұлға қазақ тілінде қойылған сұраққа өзге тілде жауап берген жағдайда, бұл жас ұрпақтың санасына: «Қазақ тілі маңызды емес. Қазақша сұрақ қойылса да, басқа тілде жауап бере беруге болады» деген түсінік қалыптастыруы ықтимал. Бұл – мемлекеттік тілдің қоғамдық ортадағы мәртебесіне қатысты да ойланатын мәселе, – дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі екенін еске салып, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де, мемлекеттік тілде қойылған сұраққа сол тілде жауап беруді қалыпты мәдени нормаға айналдыра алмау қоғам болып ойланатын мәселе екенін айтты.

Сонымен бірге Тұрар Саттарқызы адамның өз ойын қай тілде еркін жеткізетіні жеке таңдау екенін жоққа шығармайды. Алайда қоғамдық ықпалы бар, ел алдында жүрген адамдардың тіл мәселесіне жауапкершілікпен қарауы маңызды деп есептейді.

Тарихшы-этнолог сұхбаттың қоғамдағы әлеуметтік жіктелу мәселесін де айқын көрсеткенін айтады. Оның пікірінше, қыз ұзату, келін түсіру немесе болашақ жар таңдауда гольф ойнау, әлемдік музейлерді аралау, тек шетел әдебиетін оқу секілді критерийлерді негізгі талап ретінде ұсыну қарапайым халықтың күнделікті өмірінен алшақ көрінуі мүмкін.

Әрине, адамның білімге ұмтылуы, әлемді тануы, өнер мен мәдениетке қызығуы – жақсы қасиет. Гольф ойнау немесе әлемдік музейлерді аралау да өздігінен жаман дүние емес. Мәселе – осының бәрін адамның әлеуметтік және рухани деңгейін өлшейтін басты өлшемге айналдыруда, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Фото: Тұрар Саттарқызының жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, белгілі бір әлеуметтік ортада өмір сүретін адамдар өз баласының да сол ортадан теңін табуын қалауы мүмкін және бұл – олардың жеке таңдауы. Бірақ осындай талаптар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария айтылғанда, оның қоғамның басқа бөлігіне қалай әсер ететінін де ескеру қажет.

Мұндай талаптарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария түрде ұсыну қарапайым халықтың көңіліне тиіп, өзін қоғамның «екінші сорты» ретінде сезінуіне әкелуі мүмкін, – дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы ұлттық құндылық мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, сұрақтың қазақша қойылып, жауаптың өзге тілде берілуі және рухани талаптар арасында қазақ әдебиеті мен ұлттық мәдениеттің аталмауы да қоғам назарын аударған. Ол шетел әдебиетін оқуды немесе әлем мәдениетімен танысуды теріс құбылыс деп есептемейді. Керісінше, мұның адамның танымын кеңейтетінін айтады. Бірақ әлемді тану өз тамырыңды танумен қатар жүруі керек.

Өз ұлтының тарихын, әдебиетін, салтын, тілін білмей тұрып, өзге мәдениеттің жетістіктерін ғана жоғары қою – рухани сабақтастықтың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Зиялы адам ең алдымен өзінің болмысынан безбейді. Өз тілін, өз мәдениетін, өз тарихын құрметтей отырып, әлемдік өркениетке ашық болады, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Оның пайымынша, өзге мәдениетті тану адамның өз болмысынан бас тартуын білдірмеуі керек.

Өзгені тану – өзіңді ұмыту деген сөз емес. Керісінше, тамыры мықты адам ғана әлемдік мәдениетпен тең дәрежеде сұхбаттаса алады, – дейді ол.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

«Жылтырақ өмір» жастардың санасына қалай әсер етеді?

Тұрар Сәттарқызы мұндай сұхбаттар мен әлеуметтік желідегі сән-салтанатты өмірді көрсететін контенттің ең маңызды тұстарының бірі – оның өскелең ұрпақтың санасына ықпалы деп есептейді. Тарихшы-этнологтың айтуынша, әлеуметтік желіде жастар күн сайын қымбат көлік, зәулім үй, шетелдегі демалыс, элитарлық орта, қымбат киім мен сәнді өмірді көреді. Егер оған адамның деңгейін материалдық мүмкіндігі арқылы бағалайтын талаптар қосылса, жастардың жетістік туралы түсінігі де өзгеруі мүмкін.

Жастардың санасында: «Сыйлы адам болу үшін міндетті түрде бай болу керек», «Ақшаң көп болса ғана қоғамда орның бар», «Қарапайым өмір – жетістіксіздік», «Қазақ тілі мен ұлттық құндылықтар заманауи өмірден кейін қалып қойған» деген жаңсақ түсініктер орнығуы мүмкін. Бұл – өте қауіпті тенденция, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Ол жылтырақ өмірге қол жеткізе алмаған қарапайым отбасының баласы өзін өзгелермен салыстырып, өз өміріне көңілі толмай, өзін төмен сезінуі мүмкін екенін де атап өтті. Үнемі салыстыру психологиялық қысымға, әлеуметтік оқшаулануға және өмірге қанағаттанбауға әкелуі ықтимал деп есептейді.

Тұрар Сәттарқызы тағы бір маңызды мәселе ретінде тілдік кемсітушілік сезімін атайды. Оның айтуынша, егер жастар өз елінде ана тілінде сөйлейтін адамды төмен, ал басқа тілде сөйлейтін адамды жоғары деңгейлі деп қабылдай бастаса, мұның қоғамның ішкі тұтастығына да кері әсері болуы мүмкін.

Осыған байланысты ол медиа кеңістікте қоғамға қандай адамдарды үлгі етіп ұсынып жүргенімізге назар аудару қажет деп есептейді. Оның пікірінше, тек материалдық байлық пен элитарлық өмір емес, қарапайым еңбек, адал табыс, шынайы білім, кәсібіне берілгендік, ана тіліне сүйіспеншілік, отбасына жауапкершілік пен ұлттық құндылықтар да дәріптелуі керек.

Жастарға үлгі болатын жаңа кейіпкерлер қажет. Ғалым. Ұстаз. Дәрігер. Инженер. Шебер. Диқан. Кәсіпкер. Өнертапқыш жас. Өз еңбегімен жетістікке жеткен қарапайым азамат. Міне, осындай тұлғаларды дәріптеуіміз керек. Байлықтың өзі емес, оған қандай жолмен жеткенің маңызды, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастардың санасына кері әсер ететін шектен тыс «жылтырақ өмір» насихатына қоғамдық жауапкершілік пен белгілі бір деңгейде бақылау қажет деген пікірде. Алайда мұнда мәселе тек цензурада емес екенін атап өтеді.

Мұнда сөз цензура туралы ғана емес. Қоғамдық талғам мен жауапкершілік туралы айтып отырмыз, – дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы қоғамның рухани мәселелерінің алдын алудың бір жолы мемлекет тарапынан жүйелі тәрбие жұмысын жүргізіп, ұлттық құндылықтардың мәнін жастарға заманауи тілмен жеткізу деп санайды.

Осы ретте ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасынан бастау алған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына тоқталды. Оның пікірінше, бұл бастаманы мектептегі тәрбие сағаттарымен ғана шектемей, қоғамның басқа орталарына да жеткізу керек.

Тұрар Сәттарқызы бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде қоғамға ұсынылатын медиа кейіпкерлерді өзгертуді ұсынады. Телеарналар мен әлеуметтік желілерде жылтырақ, элитарлық өмірді көрсететін тұлғалармен қатар, өз еңбегімен табысқа жеткен ғалымдар, ұстаздар, дәрігерлер, инженерлер, кәсіпкерлер мен жас өнертапқыштар да «Адал азамат» бейнесі ретінде кеңінен көрсетілуі қажет деп есептейді.

Сондай-ақ мектептердегі тәрбие бағыттарын жастардың тіліне бейімдеу қажет екенін айтады. Тәрбие сағаттарын есеп үшін өткізумен шектелмей, подкаст, қысқа әлеуметтік ролик, пікірталас, деректі видео және әлеуметтік желідегі челлендждер арқылы ұлттық құндылықтарды қызықты әрі заманауи форматта жеткізу керек.

Мұны құрғақ есеп үшін өткізбей, жастардың өз тіліне бейімдеу маңызды. Подкаст, қысқа әлеуметтік ролик, пікірталас, деректі видео, әлеуметтік желідегі челлендждер арқылы ұлттық құндылықтарды қызықты әрі заманауи форматта жеткізу қажет, – дейді ол.

Фото: Тұрар Саттарқызының жеке мұрағатынан

«Күлтөбенің басында күнде жиын» емес, нақты нәтиже керек

Тұрар Сәттарқызы жастар тәрбиесінде отбасының рөлін күшейту қажет деп есептейді. Оның айтуынша, бүгінде ата-аналарды қолдау орталықтары, түрлі кеңестер мен комиссиялар жұмыс істейді. Алайда олардың түпкі мақсаты ортақ болуы тиіс – отбасы мен мектептің байланысын күшейтіп, бала тәрбиесінің негізін нығайту.

Жастардың санасына ақшаның тек жылтырақ өмірмен немесе жеңіл жолмен келмейтінін, маңдай термен келген табыстың қадірлі екенін сіңіруіміз қажет, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Оның пікірінше, тәрбие мәселесінде жиын өткізу мен есеп беруге басымдық беріп кету нақты нәтижеге кедергі болуы мүмкін. Қазір әкелер, аналар, әжелер мен ақсақалдар кеңестері әрқайсысы жеке жұмыс істейді. Соның салдарынан олардың атқарып жатқан жұмыстарының жалпы тиімділігі мен нәтижесі кейде сезілмей қалады.

Қазір қоғамда «Күлтөбенің басында күнде жиын» жасап, қағаз жүзінде есеп беру үрдісі көбейіп кеткені жасырын емес. Әкелер, аналар, әжелер мен ақсақалдар кеңестерінің әрқайсысы бөлек жұмыс істегендіктен, олардың атқарып жатқан істерінің жалпы тиімділігі мен нәтижесі кейде сезілмей жатады, – дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы осы құрылымдардың басын біріктіретін біртұтас отбасылық тәрбие платформасы қажет деген ұсыныс айтты. Оның пікірінше, барлық кеңес пен комиссия өз алдына жеке жиын өткізбей, бір мектеп, бір ауыл немесе бір аудан деңгейінде ортақ іс-қимыл жоспары бойынша жұмыс істегені жөн.

Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығына да мән берілуі керек.

Әжелер мен аналар кеңесі қыз тәрбиесіне, әкелер мен ақсақалдар кеңесі ұл тәрбиесіне жауапты болып, бірін-бірі толықтырып отырғаны дұрыс. Олардың басын біріктіретін ортақ алаң – мектеп жанындағы ата-аналар қауымдастығы болуы мүмкін, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Оның айтуынша, мұндай жүйеде әр буынның атқаратын өзіндік қызметі бар.

Әже немереге өнеге береді. Ана қызға тәрбие береді. Әке ұлға жауапкершілік пен азаматтықты үйретеді. Ақсақал елдік пен үлкендік жолын көрсетеді. Осындай табиғи тәрбие жүйесін қазіргі заманның мүмкіндіктерімен ұштастыруымыз қажет, – дейді ол.

Фото: Тұрар Саттарқызының жеке мұрағатынан

Тұрар Сәттарқызы тәрбие жұмысындағы формализмнен арылып, сөзден нақты іске көшетін уақыт келгенін де атап өтті. Оның пікірінше, салтанатты залда жиналып, мінберден баяндама оқумен ғана шектелуге болмайды. Кеңес мүшелері халықтың арасына, проблемалы отбасыларға және жастар жиналатын орталарға баруы қажет.

Тәрбие кабинетте емес, өмірдің өзінде жүргізілуі тиіс, – дейді ол.

Сонымен қатар аға буын өкілдері жастармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгеруі керек. Тұрар Сәттарқызының айтуынша, ақсақалдар мен әжелер мектеп қабырғасымен шектелмей, әлеуметтік желілерде де жастардың тілімен сөйлей білуі қажет. YouTube подкаст, TikTok пен Instagram-да ұлттық тәрбие, отбасы, салт-дәстүр, әке мен ана жауапкершілігі туралы қысқа әрі мазмұнды контент көбейсе, бұл үлкен тәрбие құралына айналуы мүмкін.

Өйткені бүгін жастарға кім ықпал етсе, сол олардың көзқарасын қалыптастырады. Егер біз ұлттық құндылықтарды тек мінберден айтып, ал әлеуметтік желіні басқа біреулерге бос қалдырсақ, онда жастардың назарын кімнің жаулап алатынын өзіміз шешпей қоямыз. Сондықтан әжелер мен ақсақалдар жастарға ақыл айтумен ғана шектелмей, жастардың ақпараттық кеңістігіне де енуі керек. Сонда ғана олар жылтырақ өмірді ұсынатын блогерлерге балама бола алады, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Фото:El.kz/Назерке Чакирбаева

Ол тәрбие мен құндылық мәселесіне бір реттік науқан ретінде қарауға болмайтынын айтады. Мемлекет қолдауымен кеңестер, ата-аналар қауымдастығы, білім беру ұйымдары, мәдениет саласы және қоғамдық ұйымдар бір бағытта жұмыс істеп, бір-бірін толықтырса, қоғамдағы рухани алшақтықты азайтып, жат ағымдар мен жалған құндылықтардың ықпалына қарсы тұруға болады деп есептейді.

Тұрар Сәттарқызының пікірінше, түпкі мақсат жастарға байлықтан немесе заманауи өмірден бас тартуды үйрету емес. Керісінше, сол мүмкіндіктерге қандай жолмен жету және әлемге ашық бола отырып өз болмысыңды қалай сақтау керектігін түсіндіру маңызды.

Бүгін біз жастарға: «Бай бол, бірақ байлыққа адал еңбекпен жет» деуіміз керек. «Әлемді таны, бірақ өз тамырыңды ұмытпа» деуіміз керек. «Заманауи бол, бірақ ұлттық болмысыңнан айырылма» деуіміз керек. Өйткені мәселе байлықта да, заманауилықта да емес. Мәселе – адамның нені құндылық деп қабылдайтынында, – дейді ол.

Сөз соңында Тұрар Сәттарқызы қоғам болып жауап іздеуге тиіс негізгі сауалды алға тартты:

Ал бүгін жастарға кім көбірек әсер етіп отыр? Отбасы ма, мектеп пе, қоғам ба, әлде әлеуметтік желідегі жылтырақ өмірді көрсететін тұлғалар ма?

Осылайша, Тұрар Сәттарқызы мәселені бір сұхбат немесе бір адамның өмір салты төңірегіндегі пікірталаспен шектемейді. Оның көтеріп отырған негізгі мәселесі – бүгінгі қоғам жастарға қандай құндылықтарды үлгі етіп көрсетіп отыр деген сауал.

Байлық пен заманауи өмір салтын терістемей-ақ, адал еңбек, білім, ұлттық болмыс пен жауапкершілікті қатар дәріптеу маңызды. Өйткені әлеуметтік желінің ықпалы күшейген кезеңде жас ұрпақтың дүниетанымын отбасы мен мектеп қана емес, күн сайын көретін медиа контент те қалыптастырады. Сондықтан қоғамға ұсынылатын әрбір құндылық пен үлгінің артында жауапкершілік болуы керек.

Оқи отырыңыз

{