Жүргізушілерге ескерту: Қонаев – Бақанас тасжолында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылды

Жүргізушілерге ескерту: Қонаев – Бақанас тасжолында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылды

Мадина Асылбекова
Фото: polisia.kz

21 қазаннан бастап Қонаев – Бақанас автожолында көліктердің орташа жылдамдығын бақылайтын жүйе іске қосылды.

Енді жүргізушілер жол бойында белгіленген жылдамдық шегін сақтауы керек. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, камераның алдына келгенде жылдамдықты төмендету айыппұлдан құтқармайды.

Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, аталған учаскеде жылдамдық режимі жолдың әр бөлігінде әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жүргізушілер жол белгілеріне мұқият қарап, әр учаскеде белгіленген талаптарды сақтауы қажет.

Қазан айының 21-і түнгі 00:00-ден бастап Қонаев – Бақанас автожолының бөлігінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады. Бақыланатын учаскенің ұзындығы – 38 шақырым 965 метр. Бұл учаскенің ерекшелігі - жылдамдық режимінің өзгермелі болуында. Яғни жолдың әр бөлігінде рұқсат етілген жылдамдық әртүрлі. Сондықтан жол белгілеріне ерекше назар аударып, әр бөліктегі шектеуді сақтаңыз, – дейді ол.

Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жолдың басы мен соңына орнатылған бақылау аркалары арқылы жұмыс істейді. Камералар көліктің бақылау нүктелерінен өткен уақытын тіркейді. Жүйе жүріп өткен қашықтық пен уақытты есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды.

Егер жүргізуші жолдың белгілі бір бөлігінде жылдамдықты асырып, камераға жақындағанда ғана баяулатса, заңбұзушылық бәрібір тіркелуі мүмкін.

Ішкі істер министрлігі өкілінің дерегінше, жүйенің негізгі мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, жол бойында қауіпсіз жылдамдықты сақтауға ынталандыру. Өйткені жылдамдықты шамадан тыс арттыру – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі.

Айта кетейік, 2026 жылғы 21 қазаннан бастап Қонаев – Талдықорған тасжолында да орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, бұл – Қазақстанда аталған жүйе енгізілген 16-бағыт. Жаңа учаске Алматы облысы мен Жетісу облысын байланыстырады.

Қазақстанда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істейді. Бұған дейін ол республикалық маңызы бар 15 бағыттағы жол учаскелеріне енгізілген.

2026 жылдың басынан бері республикалық маңызы бар автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың жағдайы, ал жылдамдықты бір сәттік өлшеу арқылы тағы 163,5 мың заңбұзушылық тіркелген. Жалпы көрсеткіш 713 мыңнан асады.

Жылдамдықты асырғаны үшін қанша айыппұл салынады?

Жылдамдықты асыруға қатысты жауапкершілік Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабында көзделген. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болған жағдайда, айыппұл мөлшері асыру деңгейіне және құқықбұзушылықтың қайталануына байланысты белгіленеді.

Жылдамдықты асыру мөлшері      

10-20 км/сағ – 21 625 теңге (5 АЕК)

20-40 км/сағ – 43 250 теңге (10 АЕК)

40 км/сағ және одан жоғары – 86 500 теңге (20 АЕК)

Бір жыл ішінде қайталап бұзу – 129 750 теңге (30 АЕК)

60 км/сағ және одан жоғары – 173 000 теңге (40 АЕК)

Жүргізушілерге жол бойында қойылған белгілерді сақтап, қауіпсіз жылдамдықпен жүру ұсынылады.

Оқи отырыңыз

{