30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыДүниеге келген сәбидің алғашқы іңгәләған үні – тіршіліктің ең асыл әуені, ал ананың жүзіндегі қуаныш жасы – дәрігер еңбегінің ең өрелі бағасы.
Өмір есігін жаңа ашқан әрбір сәбидің алғашқы деміне куә болып, аналардың амандығын сақтауды өмірлік миссиясына айналдырған жоғары санатты акушер-гинеколог Балзия Алдышева – 21 жылдан бері осы асыл мамандықты абыроймен атқарып келе жатқан жан. Кезекті сұхбатымызда тәжірибелі дәрігермен әйелдердің репродуктивті денсаулығы, отбасын жоспарлау мәдениеті және сәби сүю бақыты туралы сыр шертістік.
– Балзия Арыстанбекқызы, акушер-гинеколог мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Осы салада қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз?
– Акушер-гинеколог мамандығын таңдауыма ең алдымен адам өміріне адал қызмет етуді, аналар мен сәбилердің денсаулығын қорғауды мақсат еткен асыл ниетім себеп болды. Бұл – үлкен жауапкершілікті, кәсіби білімді, жанашырлық пен төзімділікті талап ететін ерекше мамандық. Дүниеге келген әрбір сәбидің алғашқы сәтіне куә болып, ананың амандығына үлес қосу – дәрігер үшін үлкен мәртебе әрі бақыт.
Осы саладағы еңбек жолымды жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін бастап, 21 жылдан бері үздіксіз атқарып келемін. Содан бері акушер-гинеколог ретінде көптеген әйелдің денсаулығын сақтауға, жүктілікті жүргізуге, босандыруға және гинекологиялық ауруларды емдеуге белсене атсалысып келемін. Осы уақыт ішінде кәсіби тәжірибемді ұдайы жетілдіріп, заманауи емдеу тәсілдерін меңгеруге және әрбір пациентке сапалы медициналық көмек көрсетуге ұмтылып келемін.
– Қазіргі таңда әйелдер арасында ең жиі кездесетін гинекологиялық аурулар қандай? Соңғы жылдары олардың «жасарғаны» байқала ма? Бүгінде жас әйелдер арасында қандай мәселелер жиілеп келеді?
– Қазіргі таңда әйелдер арасында ең жиі кездесетін гинекологиялық ауруларға жатыр мойнының патологиялары, жатыр миомасы, эндометриоз, аналық без кисталары, жыныс жолдарының қабыну аурулары, сондай-ақ етеккір циклінің бұзылыстары жатады. Сонымен қатар бедеулік мәселесі де жылдан жылға өзекті болып келеді.
Соңғы жылдары бұл аурулардың «жасарғаны» анық байқалады. Бұрын көбіне 35-40 жастан кейін анықталатын кейбір сырқаттар бүгінде 20-30 жастағы қыз-келіншектер арасында да жиі кездеседі. Бұған өмір салтының өзгеруі, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, аз қозғалыстағы өмір салты, экологиялық факторлар, гормоналдық бұзылыстар және репродуктивті денсаулыққа салғырт қарау себеп болуда. Бүгінде жас әйелдер арасында поликистозды аналық без синдромы, етеккір циклінің бұзылыстары, жатыр мойнының өзгерістері, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және бедеулікке алып келетін факторлар жиілеп келеді.
Өкінішке қарай, көптеген қыз-келіншек гинекологқа ауру асқынған кезде ғана жүгінеді. Сондықтан әрбір әйел өзін жақсы сезінсе де, жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өтіп тұрғаны өте маңызды.
– Бедеулік – бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі. Медорталық ауруханасында бедеулікті анықтау және емдеу бойынша қандай кешенді жұмыстар жүргізіледі?
– Бедеулік – қазіргі таңда тек медициналық емес, әлеуметтік маңызы бар өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан Медициналық орталық ауруханасында бұл бағытта кешенді тәсіл қолданылады. Ең алдымен ерлі-зайыптылардың екеуі де толық тексеруден өтеді. Себебі бедеуліктің себебі тек әйел тарапынан ғана емес, ер адамнан да болуы мүмкін.
Әйелдерге гормоналды зерттеулер, ультрадыбыстық диагностика, жатыр түтіктерінің өткізгіштігін бағалау, овуляцияны бақылау, сондай-ақ инфекциялық және генетикалық зерттеулер жүргізіледі. Қажет болған жағдайда гистероскопия, лапароскопия сияқты заманауи диагностикалық және емдік әдістер қолданылады.
Емдеу әр пациентке жеке жоспар бойынша жүргізіледі. Оған медикаментозды ем, гормоналды түзету, қабыну ауруларын емдеу, қажет болған жағдайда хирургиялық араласулар кіреді. Егер табиғи жолмен жүктілікке қол жеткізу мүмкін болмаса, пациенттерді қосалқы репродуктивті технологияларға, соның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) дайындап, тиісті мамандарға жолдаймыз.
Біздің басты мақсатымыз – бедеуліктің нақты себебін уақтылы анықтап, әр отбасыға ата-ана атану бақытына қол жеткізуіне кәсіби көмек көрсету. Сондықтан ерлі-зайыптыларға мәселені ұзаққа созбай, дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береміз. Ерте диагностика мен дұрыс ем көптеген жағдайда оң нәтиже береді.
– Қазіргі жастар арасында жүктілікті алдын ала жоспарлау мәдениеті қалыптасып келе ме? Болашақ ата-аналар неден бастауы керек?
– Иә, соңғы жылдары жастар арасында жүктілікті алдын ала жоспарлау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Бұрын көптеген жұп жүктілікке арнайы дайындықсыз келсе, бүгінде өз денсаулығын алдын ала тексертіп, мамандардың кеңесіне жүгінетіндердің саны артып келеді. Бұл – ана мен болашақ сәбидің денсаулығын сақтаудағы өте маңызды қадам.
Болашақ ата-аналар ең алдымен акушер-гинекологтың және қажет болған жағдайда басқа да мамандардың қабылдауында болып, жалпы денсаулық жағдайын бағалатуы керек. Созылмалы аурулар болса, оларды емдеп немесе бақылауға алған жөн. Сонымен қатар қажетті зертханалық тексерулерден өтіп, инфекциялық ауруларға тексерілу маңызды.
Жүктілікті жоспарлау кезеңінде дұрыс тамақтану, қалыпты дене салмағын сақтау, зиянды әдеттерден бас тарту, күйзелісті азайту және жеткілікті ұйқы режимін қалыптастырудың маңызы зор. Әйелдерге жүктілікті жоспарлаудан кемінде үш ай бұрын фолий қышқылын қабылдау ұсынылады. Өйткені ол ұрықтың жүйке түтігі ақауларының алдын алуға көмектеседі.
Ең бастысы – жүктілікті кездейсоқ жағдай емес, саналы түрде жоспарланған маңызды кезең ретінде қабылдау. Бұл ана мен баланың денсаулығына оң әсер етіп қана қоймай, жүктіліктің қауіпсіз өтуіне және дені сау ұрпақ дүниеге келуіне мүмкіндік береді.
– Жүктілікті жоспарлау кезінде ерлі-зайыптылардың қандай тексерулерден өткені дұрыс? Ер адамның тексерілуі қаншалықты маңызды?
– Жүктілікті жоспарлау кезінде тек әйел ғана емес, ерлі-зайыптылардың екеуі де толық медициналық тексеруден өткені дұрыс. Себебі болашақ баланың денсаулығы ата-ананың екеуінің де денсаулық жағдайына тікелей байланысты.
Әйел адам акушер-гинекологтың қабылдауында болып, ультрадыбыстық зерттеу, жалпы қан және зәр талдауы, қан тобы мен резус-факторын анықтау, гормоналды зерттеулер, инфекцияларға тексерілу сияқты қажетті тексерулерден өтеді. Егер созылмалы аурулары болса, оларды алдын ала емдеп немесе бақылауға алған жөн.
Ер адамның тексерілуі де өте маңызды. Өкінішке қарай, кейбір жұптар бедеулік мәселесін тек әйелдің денсаулығымен байланыстырады. Алайда қазіргі таңда бедеулік жағдайларының едәуір бөлігі ер адамның репродуктивті денсаулығына қатысты болады. Сондықтан ер адам уролог немесе андролог дәрігердің қарауында болып, қажет болған жағдайда спермограмма және басқа да зерттеулерден өткені дұрыс.
Егер ерлі-зайыптылар бір жыл бойы тұрақты жыныстық өмір сүріп, қорғану құралдарын қолданбаса да жүктілік болмаса, міндетті түрде маманға жүгіну қажет. Ал әйелдің жасы 35-тен асқан жағдайда дәрігерге алты айдан кейін-ақ қаралған жөн.
Жүктілікті алдын ала жоспарлау – дені сау ұрпақтың дүниеге келуінің маңызды кепілі. Сондықтан болашақ ата-аналар жүктілікке жауапкершілікпен қарап, өз денсаулығын алдын ала тексертіп, дәрігердің ұсынымдарын орындауы қажет.
– ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында жүктілікті жоспарлаған немесе жүктіліктің ерте кезеңіндегі әйелдер қандай тексерулер мен мамандардың кеңесін бір жерде ала алады?
– ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында жүктілікті жоспарлаған және жүктіліктің ерте кезеңіндегі әйелдерге «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді медициналық көмек көрсетіледі. Бұл пациенттердің барлық қажетті тексерулер мен мамандардың кеңесін бір медициналық ұйымның аясында алуына мүмкіндік береді.
Әйелдер акушер-гинекологтың толық консультациясынан өтіп, ультрадыбыстық зерттеу, зертханалық талдаулар, гормоналды және инфекциялық скринингтерден өте алады. Қажет болған жағдайда эндокринолог, терапевт, генетик, кардиолог, уролог, инфекционист және басқа да бейінді мамандардың кеңесі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар ауруханада ұрықтың даму қаупін ерте анықтауға бағытталған пренаталдық скринингтер, ұрықтың жағдайын бағалау, созылмалы ауруларды бақылау және жүктілікті жүргізу бойынша кешенді қызметтер көрсетіледі. Әрбір әйелдің денсаулық жағдайына қарай жеке бақылау және емдеу жоспары жасалады.
Мұндай кешенді тәсіл уақытты үнемдеуге, қажетті медициналық көмекті бір жерде алуға және ана мен болашақ сәбидің денсаулығын барынша қорғауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – жүктіліктің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, әрбір әйелге сапалы әрі заманауи медициналық көмек көрсету.
– Қазіргі кезде әйелдер арасында жүктілікті кеш жоспарлау жиілеп келеді. 35 жастан кейінгі жүктіліктің ерекшеліктері қандай? Нені ескеру қажет?
– Қазіргі таңда әйелдердің білім алу, мансап құру немесе жеке өміріне байланысты жүктілікті 35 жастан кейін жоспарлауы жиілеп келеді. Бұл қоғамдағы қалыпты үрдістердің бірі. Дегенмен осы жастан кейін жүктілікті жоспарлау кезінде денсаулыққа ерекше көңіл бөліп, дәрігердің тұрақты бақылауында болған жөн.
35 жастан кейін әйелдің аналық без қоры біртіндеп азайып, табиғи жолмен жүкті болу мүмкіндігі төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар артериялық гипертензия, қант диабеті, қалқанша безі аурулары сияқты созылмалы сырқаттардың кездесу жиілігі артады. Бұл жүктіліктің өтуіне әсер етуі мүмкін болғандықтан, алдын ала толық медициналық тексеруден өту маңызды.
Сондай-ақ бұл жаста хромосомалық ауытқулардың даму қаупі біршама жоғарылайтындықтан, жүктілік кезінде пренаталдық скринингтерден уақтылы өтіп, қажет болған жағдайда медициналық-генетикалық кеңес алған дұрыс.
Дегенмен 35 жастан кейінгі жүктілік міндетті түрде қауіппен өтеді деген түсінік дұрыс емес. Егер әйелдің денсаулығы жақсы болып, жүктілік алдын ала жоспарланып, барлық ұсынылған тексеруден өтіп, дәрігердің тұрақты бақылауында болса, жүктілік те, босану да сәтті өтуі әбден мүмкін.
Сондықтан ең бастысы – жастан қорықпай, жүктілікті саналы түрде жоспарлау, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау және мамандардың ұсынымдарын сақтау. Заманауи медицинаның мүмкіндіктері көптеген әйелге 35 жастан кейін де дені сау сәби дүниеге әкелуге мүмкіндік береді.
– Фолий қышқылын қашан қабылдай бастаған дұрыс? Көп әйелдер оны жүктілік анықталғаннан кейін ғана ішеді. Бұл дұрыс па? Оның ана мен болашақ нәрестенің денсаулығындағы рөлі қандай?
– Фолий қышқылы – болашақ ананың да, нәрестенің де денсаулығы үшін аса маңызды дәрумендердің бірі. Өкінішке қарай, көптеген әйел оны жүктілік анықталғаннан кейін ғана қабылдай бастайды. Алайда бұл әрдайым жеткілікті бола бермейді.
Фолий қышқылын жүктілікті жоспарлаудан кемінде үш ай бұрын қабылдай бастаған дұрыс. Себебі ұрықтың жүйке түтігі жүктіліктің алғашқы 3-4 аптасында қалыптасады. Бұл кезеңде көптеген әйел өзінің жүкті екенін әлі білмеуі мүмкін. Сондықтан фолий қышқылы ағзада алдын ала жеткілікті мөлшерде болуы өте маңызды.
Фолий қышқылы ұрықтың жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына ықпал етіп, жүйке түтігінің ақаулары, омыртқа мен ми дамуының кейбір туа біткен кемістіктерінің қаупін азайтады. Сонымен қатар ол қан түзілу процесіне қатысып, ананың ағзасындағы фолат тапшылығы мен кейбір анемия түрлерінің алдын алуға көмектеседі.
Фолий қышқылын қандай мөлшерде және қанша уақыт қабылдау керектігін міндетті түрде дәрігер анықтауы тиіс. Кейбір әйелдерге қосымша қауіп факторларына байланысты жоғарырақ доза қажет болуы мүмкін.
Сондықтан барлық болашақ анаға жүктілікті алдын ала жоспарлап, акушер-гинекологтың кеңесіне жүгініп, фолий қышқылын уақтылы қабылдауды бастауды ұсынамыз. Бұл болашақ сәбидің денсаулығын қорғауға бағытталған қарапайым, бірақ өте маңызды қадам.
– «Жүктілік жақсы өтсе, бала да міндетті түрде сау туады» деген пікір қаншалықты дұрыс? Болашақ аналар нені ескеруі керек?
– «Жүктілік жақсы өтсе, бала міндетті түрде сау туады» деген пікір толықтай дұрыс емес. Әрине, жүктіліктің асқынусыз өтуі өте маңызды фактор. Бірақ нәрестенің денсаулығына жүктілік кезіндегі жағдаймен қатар, ата-ананың денсаулығы, тұқымқуалаушылық ерекшеліктері, жүктілікке дейінгі дайындық және ұрықтың даму ерекшеліктері де әсер етеді.
Сондықтан жүктіліктің қалыпты өтуі өте маңызды болғанымен, бұл өздігінен нәрестенің толық сау болып дүниеге келетініне жүз пайыз кепілдік бермейді. Сол себепті жүктілік кезінде барлық ұсынылған скринингтік тексерулерден уақтылы өту, ультрадыбыстық зерттеулерді белгіленген мерзімде жасау және дәрігердің бақылауында болу қажет.
Болашақ аналар дұрыс тамақтанып, жеткілікті демалып, зиянды әдеттерден бас тартып, фолий қышқылы мен басқа да қажетті дәрумендерді дәрігердің ұсынымына сәйкес қабылдауы тиіс. Сонымен қатар созылмалы ауруларды бақылауда ұстап, инфекциялық аурулардың алдын алу да үлкен маңызға ие.
Қазіргі заманауи медицина көптеген туа біткен даму ерекшеліктері мен жүктілік асқынуларының қаупін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан болашақ аналарға жүктілікті жауапкершілікпен жоспарлап, барлық профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуге кеңес береміз.
– Әйел адам жылына қаншалықты жиі гинекологтың қабылдауына келуі керек? Репродуктивті денсаулықты сақтау үшін профилактикалық тексерулер мен жатыр мойны обырына арналған скринингтің маңызы қандай?
– Әрбір әйел өзін ешқандай шағымы жоқ, денсаулығы жақсы сезінсе де, жылына кемінде бір рет акушер-гинекологтың профилактикалық қабылдауынан өтіп тұрғаны дұрыс. Ал қандай да бір шағымдар, етеккір циклінің бұзылыстары, жүктілікті жоспарлау немесе созылмалы гинекологиялық аурулар болса, дәрігерге оның ұсынымына сәйкес жиірек қаралу қажет.
Профилактикалық тексерулер көптеген гинекологиялық ауруларды алғашқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Ерте анықталған ауруларды емдеу әлдеқайда тиімді әрі әйелдің репродуктивті денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, жатыр мойны обыры, жатыр мойнының ісік алды өзгерістері немесе басқа да гинекологиялық аурулар бастапқы кезеңде ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін.
Сондықтан жатыр мойны обырына арналған скринингтің маңызы өте зор. Скрининг кезінде жүргізілетін цитологиялық зерттеу (Пап-тест) және қажет болған жағдайда адам папилломасы вирусына (АПВ) тестілеу жатыр мойнындағы ісік алды өзгерістерді ерте анықтап, уақтылы ем жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып саналады.
Әйелдің репродуктивті денсаулығын сақтау – болашақ ана болуға дайындықтың ғана емес, жалпы өмір сапасының маңызды бөлігі. Сондықтан әрбір әйел профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмай, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Уақтылы жүргізілген тексеру көптеген аурудың алдын алып, денсаулықты ұзақ жылдар бойы сақтауға көмектеседі.
– ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының гинекология қызметінің ерекшелігі неде? Пациенттерге қандай артықшылықтар ұсынылады? Соңғы жылдары қандай заманауи диагностика, емдеу әдістері мен технологиялар енгізілді?
– ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының гинекология қызметінің басты ерекшелігі – пациентке халықаралық стандарттарға сай, кешенді және жеке тәсілге негізделген медициналық көмек көрсету. Бізде диагностикадан бастап емдеу, операциядан кейінгі оңалтуға дейінгі барлық қызмет бір медициналық ұйымның базасында жүзеге асырылады.
Пациенттер тәжірибелі мамандардың кеңесін алып, заманауи зертханалық және аспаптық диагностиканың толық спектрінен өте алады. Әрбір емдеу тактикасы мультидисциплинарлық тәсілмен, яғни қажет болған жағдайда басқа бейінді мамандардың қатысуымен анықталады. Бұл диагноздың дәл қойылуына және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары бөлімшеде аз инвазиялы хирургия кеңінен дамып келеді. Лапароскопиялық және гистероскопиялық операциялар белсенді енгізіліп, көптеген гинекологиялық ауруды үлкен тіліксіз емдеуге мүмкіндік беруде. Мұндай әдістердің артықшылығы – операциялық жарақаттың аз болуы, қан жоғалтудың төмендеуі, операциядан кейінгі ауырсынудың азаюы, науқастың тез сауығып, қалыпты өміріне ертерек оралуы.
Сонымен қатар ультрадыбыстық диагностиканың жоғары дәлдіктегі мүмкіндіктері, заманауи эндоскопиялық технологиялар, жатыр мойны патологияларын ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер, бедеулікті диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері кеңінен қолданылады. Репродуктивті денсаулықты сақтау, жүктілікті жоспарлау және жоғары қауіп тобындағы әйелдерді бақылау бағытында да кешенді медициналық көмек көрсетіледі.
Біздің басты мақсатымыз – әрбір әйелге қауіпсіз, сапалы және дәлелді медицина қағидаттарына негізделген медициналық көмек көрсету. Заманауи технологиялар мен жоғары білікті мамандардың үйлесімі пациенттердің денсаулығын сақтап, олардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Жылдар өте келе кезінде емдеп жазған немесе балалы болуына көмектескен пациенттеріңіз қайта келіп, алғыс айтып жататын сәттер бола ма? Есте қалған ерекше оқиғаңызбен бөліссеңіз.
– Әрине, ондай әсерлі сәттер дәрігерлік тәжірибеде жиі кездеседі. Дәрігер үшін ең үлкен марапат – пациенттің сауығып, дені сау сәби дүниеге әкеліп, бақытты отбасы болып жүргенін көру. Көптеген пациент жылдар өткен соң балаларын ертіп келіп, алғысын айтып жатады. Осындай кездесулер мамандығымыздың маңызын тағы бір мәрте сезіндіріп, алға ұмтылуға күш береді.
Есте қалған оқиғалардың бірі – ұзақ жылдар бойы бедеулік диагнозымен емделген жас отбасының тарихы. Олар бірнеше рет сәтсіз әрекеттерден кейін біздің орталыққа жүгінді. Толық тексеру жүргізіліп, қажетті емдеу тактикасы таңдалды. Біраз уақыттан кейін көптен күткен жүктілік басталып, дүниеге дені сау сәби келді. Бірнеше жылдан соң олар балаларын ертіп келіп, ризашылықтарын білдіргенде, бұл дәрігер үшін сөзбен жеткізу қиын ерекше сезім болды.
Осындай сәттер медицинадағы ең үлкен құндылықтың – адамның сенімі мен өміріне оң өзгеріс енгізу екенін дәлелдейді. Әрбір пациенттің қуанышы – біздің де қуанышымыз. Сондықтан біз әрбір әйелге тек сапалы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, оған сенім мен қолдау көрсетуге де ерекше мән береміз.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды