Бүгiн, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?Теннис әлемінде Александр Зверевтің талантына ешкім күмән келтірген емес. Ол Олимпиада чемпионы атанды, ATP қорытынды турнирін бірнеше рет жеңді, әлемдік рейтингтің үздік үштігіне кірді. Бірақ бір нәрсе ғана жетіспейтін. Ол «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атағы еді.
Жылдар бойы жанкүйерлер де «Зверев қашан чемпион болады?» деген сұраққа жауап іздеді. Біреулер оны психологиялық қысымға төтеп бере алмайды десе, енді біреулер шешуші сәттерде жолы болмайды деп есептеді. Ал кейбіреулер оның дәуірі Карлос Алькарас пен Янник Синнер секілді жаңа буын жұлдыздарының көлеңкесінде қалып қоя ма деп алаңдады.
Алайда 2026 жылғы Ролан Гаррос бәрін өзгертті. Париждегі топырақ төсенішінде өткен турнирде неміс теннисшісі ақыры өзінің басты арманына қол жеткізіп, мансабындағы алғашқы «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алды.
Александр Зверев жасөспірім кезінен-ақ әлемдік теннистің болашақ жұлдызы ретінде бағаланды. Бойының ұзындығы, қуатты соққылары, мықты қозғалысы мен әмбебап ойыны оны ерекше ойыншылар қатарына қосты.
Ол ATP турнирлерінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте жоғарылады. Кейін Олимпиада чемпионы атанып, маусым қорытындысы бойынша өтетін ATP Finals жарысында да топ жарды. Алайда қанша жетістікке жетсе де, «Үлкен дулығадағы» жеңіссіз оның мансабы толыққанды бағаланбайтын.
Тіпті кейбір сарапшылар оны «ең мықты, бірақ Grand Slam ұта алмаған теннисші» деп атай бастады.
US Open-дегі күйреу
Зверевтің алғашқы үлкен мүмкіндігі 2020 жылғы US Open финалында туды. Ол финалда аустриялық теннисші Доминик Тиммен кездесіп, матч барысында 2:0 есебімен алға шыққан еді. Сол сәтте көпшілік оның алғашқы «Үлкен дулыға» титулын жеңетініне күмәнданбады.
Бірақ бәрі керісінше болды. Тим керемет камбэк жасап, бес сетке созылған кездесуде жеңіске жетті. Ал Зверев үшін бұл мансабындағы ең ауыр жеңілістердің біріне айналды. Кейін ол бұл матч туралы күніне бірнеше рет ойлайтынын мойындады.
Сол сәттен бастап оның әрбір ірі турнирдегі нәтижесі дәл осы финалмен салыстырылып отырды.
Жарақаттан кейінгі күрес
2022 жылғы Ролан Гаррос жартылай финалы Зверев мансабындағы ең ауыр кезеңдердің біріне айналды. Рафаэль Надальға қарсы матч кезінде ол аяғын \жарақаттап алды. Корттан балдақпен кеткен теннисші бірнеше ай бойы жарыстарға қатыса алмады.
Көпшілік оның бұрынғы деңгейіне қайта оралуына күмәнмен қарады. Алайда Зверев қайта оралды. Ұзақ оңалту кезеңінен кейін ол тағы да әлемнің үздік теннисшілерімен тең дәрежеде ойнай бастады.
2024 жылғы Ролан Гаррос финалында Зверев Карлос Алькараспен кездесті. Матч барысында ол сеттер бойынша 2:1 есебімен алда болды. Бірақ қалған екі партияда испаниялық теннисші басымдық танытып, титулды жеңіп алды.
Бұл тағы бір жіберіп алған мүмкіндік еді. Бір жылдан кейін Австралия ашық чемпионатының финалында ол әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнерге қарсы шықты. Алайда италиялық теннисші мінсіз ойын көрсетіп, Зверевке мүмкіндік қалдырмады. Осылайша неміс теннисшісі үшінші рет «Үлкен дулыға» финалында жеңіліп қалды.
Ақыры келген мүмкіндік
2026 жылғы Ролан Гаррос алдында тағдыр Зверевке бұрын-соңды болмаған мүмкіндік сыйлады. Турнирдің басты фавориттерінің бірі Карлос Алькарас жарақатына байланысты жарыстан шығып қалды. Кейін Янник Синнер мен Новак Джокович те жарысты ерте аяқтады.
Нәтижесінде финалға дейінгі жол Зверев үшін салыстырмалы түрде жеңіл болды. Дегенмен мұндай мүмкіндік те жеңіске кепілдік бермейтіні анық. Өйткені оның алдында бұрынғы финалдардағы сәтсіздіктердің елесі тұрды.
Финалда Зверев италиялық Флавио Коболлимен кездесті.
Алғашқы сетте неміс теннисшісі қарсыласына мүмкіндік бермей, 6:1 есебімен жеңді. Бірақ кейін матч күткендегіден әлдеқайда күрделі өрбіді. Коболли екінші және төртінші сеттерде жеңіске жетіп, матчты шешуші бесінші партияға жеткізді.
Бұл сәт Зверев үшін ең ауыр сынақ болды. Өйткені дәл осындай жағдайда ол бұрын бірнеше рет сүрінген еді. Төртінші сет аяқталған соң оның бұлшықеттері тартылып қалмас үшін дәрігерлердің көмегіне жүгінуге де тура келді.
Алайда бұл жолы бәрі басқаша болды. Бесінші сетте Зверев өзін толық қолға алып, қарсыласының сағын сындырды. Ол алғашқы геймдерден-ақ екі брейк жасап, матч тағдырын шешіп тастады.
Төрт сағаттан астам уақытқа созылған кездесуден кейін таблода 6:1, 4:6, 6:4, 6:7, 6:1 есебі тіркелді. Александр Зверев ақыры «Үлкен дулыға» чемпионы атанды.
Бұл жеңіс тек Зверев үшін ғана емес, Германия теннисі үшін де тарихи оқиға болды. Соңғы рет неміс теннисшісі «Үлкен дулыға» турнирінде 1996 жылы жеңіске жеткен еді. Ол кезде Аустралия ашық чемпионатын аты аңызға айналған Борис Беккер ұтқан болатын.
Араға 30 жыл салып Германия жаңа чемпионына қол жеткізді. Зверевтің ата-анасы кезінде КСРО құрамасында ойнағанымен, Александрдың өзі Германияда дүниеге келген және өзін толықтай неміс санайды.
Сондықтан Ролан Гарростағы бұл жеңіс жай ғана тағы бір титул емес. Бұл – алты жыл бұрынғы US Open финалының елесінен құтылу, жарақаттан кейін қайта көтерілу және бірнеше рет сүрінсе де арманына қол созудан бас тартпаудың символы.
29 жасында Александр Зверев ақыры әлемнің үздік теннисшілерінің ғана емес, «Үлкен дулыға» чемпиондарының қатарына қосылды.
Бүгiн, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін