14.05.2026
12:46
174

ЖИ Қазақстанда 400 мың адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін: кімдерге қауіп төніп тұр

Қазақстанның еңбек нарығы жаңа өзгерістер кезеңіне қадам басты. Цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларының дамуы елдегі мамандықтарға деген сұранысты өзгертіп, кейбір қызмет түрлерін автоматтандыруға жол ашып жатыр.

Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары еңбек нарығында құрылымдық өзгерістер күшейіп, бірқатар мамандыққа деген қажеттілік азаюы мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың мәліметінше, жасанды интеллектіні жаппай енгізу алдағы он жылда кейбір жұмыс орындарының қысқаруына әсер етуі ықтимал. Оның айтуынша, бұл өзгеріс әсіресе көмекші қызметкерлерге, бухгалтерлерге, заңгерлерге және адамның тікелей қатысуын көп қажет етпейтін мамандықтарға әсер етуі мүмкін.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша, жасанды интеллектінің кең таралуына байланысты алдағы он жылда 300-400 мыңға жуық жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Сондықтан қазірдің өзінде қайта даярлау жұмыстары басталды. Жыл басынан бері 186 мың адам жаңа мамандықтарға оқытылды, – деді вице-министр.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі өзгерістер тек жұмыс орындарының қысқаруымен шектелмейді. Негізгі мәселе – еңбек нарығындағы талаптардың өзгеруінде. Яғни кей мамандықтар толық жойылмаса да, олардың мазмұны мен міндеттері өзгереді.

Мәселен, Еңбек министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы жұмыс міндеттерінің шамамен 13 пайызы автоматтандырылуы мүмкін. Бұл шамамен 1 миллион адамды қамтиды. Дегенмен министрлік өкілдері жасанды интеллект адамдарды толық алмастырмайтынын, көбіне олардың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті арттыратынын айтады.

Оқи отырыңыз:

Әсіресе кеңсе қызметкерлері тәуекел аймағында тұр. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, кеңсе қызметкерлерінің атқаратын жұмысының 24 пайызы толық автоматтандырылуы мүмкін болса, тағы 58 пайызы ішінара өзгеріске ұшырайды.

Сонымен қатар технологиялардың дамуы жаңа мамандықтарға деген сұранысты арттырып отыр. Қазір еңбек нарығында IT саласы мамандарына, жасанды интеллект инженерлеріне, киберқауіпсіздік сарапшыларына, деректер талдаушылары мен бағдарламашыларға қажеттілік күшейген.

Министрлік өкілдерінің сөзінше, цифрландыру IT саласына ғана емес, энергетика мен жоғары технологиялық өндіріс секторларына да әсер етіп жатыр. Соның нәтижесінде жаңа мамандықтар пайда болуда.

Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылдың соңында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған. Бұл шамамен 445,7 мың адам. Алайда мамандар бұл көрсеткіштің артында еңбек нарығындағы күрделі өзгерістер тұрғанын айтады.

Қазір елде 2 миллионнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бар. Олардың бір бөлігінің тұрақты табысы жоқ. Бұл еңбек нарығындағы тұрақсыздық пен халықтың белгілі бір бөлігінің әлеуметтік осалдығын көрсетеді.

Мамандар пікірінше, бүгінгі басты проблема – жұмыс орындарының жетіспеуі емес, жұмыс берушілер сұранысы мен азаматтардың дағдылары арасындағы сәйкессіздік.

Мәселен, 2026 жылдың ақпан айында Электронды еңбек биржасында 99 мың бос жұмыс орны жарияланған. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан 124,9 мың түйіндеме орналастырылған. Яғни еңбек нарығында жұмыс іздеушілер саны көбірек болғанымен, олардың біліктілігі мен жұмыс берушілердің талабы сәйкес келе бермейді.

Қазіргі таңда ең көп сұраныс білім беру, қызмет көрсету, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібі салаларында байқалады. Әсіресе мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне қажеттілік жоғары, – делінген ҚР ЕХӘҚМ мәліметінде.

Сонымен бірге еңбек нарығында жастар үлесі басым. Барлық түйіндеменің 42 пайыздан астамы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. Бұл жаппай мамандықтар арасындағы бәсекені күшейтіп отыр.

Вице-министр Ербол Тұяқбаев брифинг барысында қазақстандықтардың орташа жалақысының төмендеуіне де тоқталды. Оның айтуынша, жалақы көлеміне сыйақы, үстемақы және басқа да төлемдер әсер етеді. Сондықтан көрсеткіштердің өзгеруі бюджет кезеңімен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен нақты себепті түсіндіру үшін қосымша талдау қажет екенін айтты.

Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары жаңа жағдайға бейімделу қабілеті еңбек нарығындағы басты талап болады. Өйткені технологиялар дамыған сайын мамандардан жаңа дағдылар мен заманауи білім талап етіледі.

Министрлік болжамына сәйкес, 2026-2027 жылдары Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,7 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда бұл тұрақты көрсеткіштің артында ел экономикасының технологиялық өзгерістерге бейімделу процесі жүріп жатыр.

Бұған дейін Билл Гейтс жасанды интеллект алмастыра алмайтын үш мамандықты атаған болатын. Сонымен қатар ЖИ білім жүйесін қалай өзгерткені туралы жазғанбыз