ЖИ басты себеп пе? Microsoft 60 мың қызметкеріне жұмыстан өз еркімен кетуді ұсынды

ЖИ басты себеп пе? Microsoft 60 мың қызметкеріне жұмыстан өз еркімен кетуді ұсынды

Мадина Асылбекова
Фото: Jean-Luc Ichard / Getty Images

Microsoft АҚШ, Канада, Үндістан және Ұлыбританиядағы қызметкерлеріне арнайы өтемақы төленетін ерікті жұмыстан шығу бағдарламасын ұсынды.

Оған компанияның шамамен 60 мың қызметкері қатыса алады. Бұл – жалпы штаттың 27 пайызына жуығы. Жасанды интеллект инфрақұрылымына рекордтық қаржы жұмсап жатқан технологиялық алпауыт шығынды оңтайландырып, қаржылық тұрақтылығын сақтауға тырысып отыр. Қызметкерлер ұсынысқа қатысты шешімін желтоқсанның басында қабылдауы керек.

Компанияның жаңа бастамасы туралы 26 қазанда белгілі болды. CNBC дерегінше, бағдарлама Microsoft-тың ішкі жүйесіндегі 70-деңгейге дейінгі қызметкерлерді қамтиды, яғни арнайы шартпен жұмыстан кету мүмкіндігі қатардағы инженерлер мен менеджерлерге ғана емес, вице-президенттерге де беріледі.

Microsoft-та барлығы 223 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың 60 мыңдайы өтемақы алу бағдарламасына қатысуға құқылы. Ұсынысты қабылдаған қызметкерлер компаниядан 31 желтоқсанда кетеді. Дегенмен маркетинг, сату және бағдарламалық жасақтама әзірлеумен айналысатын кейбір командалар бұл бағдарламаға қатыспайды. Компания жұмыстан кететін қызметкерлердің нақты санын алдын ала белгілемеген.

Microsoft бір жыл ішінде үшінші рет қысқарту жүргізіп отыр

Бұл – компанияның биылғы қызметкерлер санын қысқартуға бағытталған үшінші қадамы. Сәуірде Microsoft өз тарихында алғаш рет АҚШ-тағы қызметкерлерінің шамамен 7 пайызына арналған ерікті зейнетке шығу бағдарламасын іске қосқан еді. Оған қатысуға құқығы бар қызметкерлердің 30 пайыздан астамы өтініш берген. Ал шілдеде компания 4 800 адамды жұмыстан босатты.

Microsoft-тың персонал жөніндегі директоры Эми Коулман қызметкерлерге жолдаған хатында жаңа бастама сәуірдегі тәжірибенің жалғасы екенін атап өткен. Оның айтуынша, бағдарлама адамдарға мансабының келесі кезеңін таңдауда көбірек еркіндік беруге бағытталған.

Жасанды интеллект шығындарды қысқартудың себебіне айналды ма?

Microsoft мұндай қадамға барған жалғыз компания емес. АҚШ-та жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына да әсер етіп жатыр. Challenger, Gray & Christmas консалтингтік компаниясының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың маусымына қарай АҚШ-та 101 мыңнан астам жұмыстан босату туралы шешімде жасанды интеллект негізгі себептердің бірі ретінде көрсетілген. Осылайша, ЖИ қысқартуға басты себептердің біріне айналған.

Мәселен, Amazon 2025 жылдың күзінен бері кеңседе жұмыс істейтін шамамен 30 мың қызметкерін қысқартты. Ал Salesforce жасанды интеллект агенттерін енгізгеннен кейін клиенттерге қолдау көрсететін бөлімдегі қызметкерлер санын 9 мыңнан 5 мыңға дейін азайтты.

Мұндай өзгерістер әсіресе еңбек жолын енді бастаған мамандарға ауыр тиіп отыр. Дегенмен сарапшылар мен еңбек нарығын бақылаушылардың бір бөлігі компаниялар жасанды интеллектіні қысқартудың негізгі себебі ретінде көрсеткенімен, мұның артында шығынды азайту мақсаты да тұруы мүмкін екенін айтады.

Жасанды интеллект инфрақұрылымына миллиардтаған доллар жұмсалуда

Microsoft бір жағынан қызметкерлер санын оңтайландырса, екінші жағынан жасанды интеллектіні дамытуға және деректерді өңдеу орталықтарын салуға орасан қаржы құйып жатыр. Компания Anthropic, OpenAI және басқа да клиенттерге арналған инфрақұрылымды дамытып келеді.

Microsoft болжамы бойынша, қыркүйекте аяқталған тоқсандағы күрделі шығын көлемі 50 миллиард доллардан асуы мүмкін. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 34,9 миллиард доллар болған.

Компанияның бос ақша ағыны екінші тоқсанда оң деңгейде қалып, 19,64 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш Alphabet пен Amazon компанияларында теріс мәнге жеткенімен, Microsoft-та да бір жыл ішінде 23 пайыз төмендеген. Осы жағдай компанияның табысты жаңа бағыттарға инвестиция салуды жалғастыра отырып, шығындарын да мұқият бақылауға мәжбүр екенін аңғартады.

Компания жаңа бизнес үлгісіне көшіп жатыр

Microsoft бизнес үлгісін де өзгертіп келеді. Компания клиенттерден жасанды интеллектіні пайдалану көлеміне қарай ақы алуға көбірек мән беріп отыр. Бағдарламашылар, сату бөлімінің мамандары мен жеткізу тізбегіндегі қызметкерлерге ЖИ құралдары енгізілген. Компания мәлімдеуінше, олардың жұмысына бұл технологияның әсері байқала бастаған. Дегенмен қысқартылған қызметкерлердің орнына жасанды интеллект толықтай келеді деп кесіп айтуға әлі ерте.

Соған қарамастан, Microsoft-тың басымдықтары өзгеріп келе жатқаны анық. Windows пен Office секілді өнімдері арқылы танылған технологиялық алпауыт қаржысы мен адам ресурстарын өсім әлеуеті жоғары жаңа бағыттарға бұрып жатыр. Бұл ретте компанияға болашақтағы стратегиясын жүзеге асыруға қажетті дағдылары бар мамандар керек.

Осы өзгерістер Microsoft-тың кадрлық саясатына да әсер етіп отыр: компания бір жағынан жасанды интеллектіні дамытуға инвестиция құйса, екінші жағынан штат құрылымын қайта қарап, шығындарын азайтуға күш салуда.

Оқи отырыңыз

{