«Жерлестерін жинап жатыр»: Dior-дың креативті директоры Джонатан Андерсон туралы не білеміз?

«Жерлестерін жинап жатыр»: Dior-дың креативті директоры Джонатан Андерсон туралы не білеміз?

Айзат Айдарқызы
Фото: profashion.ru

Осы жылдың желтоқсанында Dior алғаш рет Ирландияда сән көрсетілімін өткізеді. Креативті директор Джонатан Андерсон әзірлеген Pre-Fall 2027 топтамасы Дублиндегі Тринити колледжінің қабырғасында таныстырылады.

Дизайнер бұл жаңалықты Instagram парақшасында бөлісіп, мақтанышпен хабарлап тұрғанын жазды. Өйткені Андерсон үшін Дублинді таңдаудың ерекше мәні бар. Ал Тринити колледжі – Ирландиядағы ең көне әрі ең беделді университет. Ол 1592 жылы патшайым Елизавета І-нің жарлығымен құрылған. Университеттің көне кітапханасында атақты Келлс кітабы сақталған. 

Тамырынан ажыраған жоқ

Дизайнер Джонатан Андерсон Солтүстік Ирландиядағы шағын Магерафелт қаласында дүниеге келген. Бастапқыда ол актер болуды армандап, АҚШ-қа оқуға аттанады. Бірақ көп ұзамай сән әлемінің өзіне әлдеқайда жақын екенін түсінеді. Кейін еліне оралып, Дублин қоныс аударады.  Сонда люкс санатындағы Brown Thomas әмбебап дүкенінде жұмыс істей бастайды. Дәл осы дүкенде оның сән индустриясындағы жолы басталады.

Кейін Андерсон Лондонға көшіп, London College of Fashion оқу орнын тәмамдайды. Ол әуелі өзінің JW Anderson брендін құрып, кейін Loewe сән үйінің шығармашылық жетекшісі болады. Испан брендін заманауи сәндегі ең сұранысқа ие үйлердің біріне айналдырып,  ықпалды дизайнерлерінің қатарына қосылды.

Қай брендте жұмыс істесе де, Андерсон тамырынан ажыраған жоқ. Оның топтамаларында үнемі ирландиялық дәстүрлі қолөнерге, фольклорға және әдеби мұраға «сілтеме» беріледі. Dior-да да осы бағытты жалғастырып, әртүрлі шығармашылық саладағы жерлестерін жобаларына тартып, ирланд мәдениетін Dior-дың жаңа тарихына шебер бейімдеп жатыр.

Dior мен беде арасындағы байланыс

Андерсон Dior-ға тағайындалғанын Instagram желісінде төрт жапырақты беденің суретін жариялау арқылы хабарлады. Кейін бұл оның сән үйіне арналған алғашқы әйелдер топтамасындағы жаңа Lady Dior сөмкесінің бір бөлігі екені белгілі болды.

Жаңа Dior Clover Allover өрнегі, бір жағынан, Кристиан Диорға құрмет ретінде жасалған. Өйткені сән үйінің негізін қалаушы бедені өзінің сәттілік әкелетін тұмары санаған. Сонымен қатар беде – Ирландияның ең танымал ұлттық нышандарының бірі.

Dior-да ирландиялық дәуір басталды ма?

2026 жылы көктем-жаз маусымына арналған алғашқы ерлер топтамасында Андерсон жаңартылған Book Tote сөмкелерін ұсынды. Сөмкенің бетіне әлем әдебиетінің классикалық шығармаларының мұқабасы кестеленген. Топтамаға Франсуаза Саганның «Сәлем, мұң!», Шарль Бодлердің «Зұлымдық гүлдері», Пьер Шодерло де Лаклоның «Қауіпті байланыстар» шығармаларымен қатар ирландиялық екі қаламгердің туындылары – Джеймс Джойстың «Улиссі» мен Брэм Стокердің «Дракуласы» енді.

фото:dior.com

Дизайнер бір сұхбатында Дублинге көшіп келгеннен кейін ғана өзінің «Дракула» романының авторы тұрған көшеде тұрып жатқанын білген. 

Андерсон Dior-ға тек Ирландияның нышаны мен әдебиетін ғана емес, өз елінің шығармашылық өкілдерін де біртіндеп шақырды. Лос-Анджелесте өткен круиздік топтаманың тизеріне  ирландиялық актриса Элисон Оливерді таңдады. Актриса танымал ирланд жазушысы Салли Рунидің романы желісімен түсірілген «Достармен әңгіме» мини-сериалындағы Фрэнсис рөлі арқылы көпшілікке танылды. 

Сонымен қатар ирландиялық актерлер Dior-дың жарнама науқанына жиі қатысып жүр.  Қызыл кілемде Dior киімдерін таңдап, көрсетілімдердің тұрақты қонағына айналған. Олардың қатарында Джейми Дорнан, Рут Негга мен Джесси Бакли бар.

Бұған қоса, дәл осы көрсетілімге арналған Star, Buzz және Dior жазуы бар ерекше бас киімдерді Dior-дың дәстүрлі бас киім дизайнері Стивен Джонс емес, әйгілі ирландиялық қалпақ шебері Филип Трейси әзірледі.

Оқи отырыңыз

{