Жедел жәрдем келгенше не істеу керек? Реаниматолог алғашқы көмектің жолын түсіндірді

Жедел жәрдем келгенше не істеу керек? Реаниматолог алғашқы көмектің жолын түсіндірді

Назерке Чакирбаева
Фото: El.kz

Адам көшеде, жұмыста, сауда орталығында немесе әуежайда кенеттен есінен танып құлады делік. Кейде тіпті оқыс оқиғалардың куәсі болдыңыз. Жанында дәрігер жоқ. Жедел жәрдем әлі келген жоқ. Осындайда не істеу керек? Бірден көмекке ұмтылған дұрыс па, әлде алдымен жедел жәрдем шақыру керек пе? Жүрегі тоқтап қалғанын қалай білуге болады?

Фото: El.kz

12 қыркүйек – Дүниежүзілік медициналық алғашқы көмек көрсету күніне орай Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Асқар Балтабайұлы Мусилимов медициналық білімі жоқ адам төтенше жағдайда не істей алатынын көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясының негізгі тәсілдерін түсіндірді.

Фото: El.kz

Дәрігердің айтуынша, ауруханадан тыс жерде адамның жүрегі тоқтап қалса, BLS – өмірді базалық қолдау тәсілдері қолданылады. Оның маңызды ерекшелігі – алғашқы көмекті бастау үшін дәрі де, күрделі медициналық құрал да қажет емес.

Фото: El.kz

Адамға бірден жүгірмеңіз

Біреу көз алдыңызда құлап қалса, алғашқы әрекетіңіз қандай болар еді? Көп адам ойланбастан көмекке жүгіреді. Алайда маман ең алдымен оқиға орнының қауіпсіздігін бағалау керегін айтады. Өйткені жерде жатқан адамға қауіп төндірген нәрсе сізге де қауіп төндіруі мүмкін.

Фото: El.kz

Мәселен, маңайда үзілген электр сымы жатуы, төбеден әлдебір зат құлау қаупі болуы немесе айналада агрессия танытып тұрған адам жүруі мүмкін. Сондықтан алдымен жан-жағыңызға қараңыз. Өзіңізге, зардап шеккен адамға және көмекке шақырғалы тұрған адамдарға қауіп жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Егер адамды электр тогы соққан болуы мүмкін деген күдік болса, оған жалаң қолмен тиісуге болмайды. Ең әуелі ток көзін ажырату қажет.

Фото: El.kz

Есін қалай тексереміз?

Қауіп жоқ екеніне көз жеткізген соң адамның есін тексеруге болады. Ол үшін иығынан жеңіл қағып, дауыстап тіл қатыңыз. Мысалы: «Мені естіп тұрсыз ба?» дейсіз.

Егер адам жауап берсе, есі бар. Ал дауысыңызға да, иығынан қаққаныңызға да еш жауап болмаса, ол ес-түссіз жатыр деп есептеледі. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай келесі әрекетке көшу керек.

Фото: El.kz

Бір адамға: «103-ке хабарласыңыз» деп нақты айтыңыз

Айналада адам көп болса, «Біреу жедел жәрдем шақырыңызшы» деп айқайлағаннан гөрі, нақты бір адамға тапсырма берген дұрыс. Мысалы: «сіз, 103-ке қоңырау шалыңыз» деу керек.

Екінші адамнан жақын маңда автоматты сыртқы дефибриллятор болса, соны әкелуді сұрауға болады. Ал жалғыз болсаңыз, жедел жәрдемге өзіңіз хабарласып, телефонды дауысзорайтқышқа қойған жөн. Осылайша диспетчермен сөйлесе отырып, көмекті жалғастыра аласыз.

Фото: El.kz

Бұл өте маңызды. Өйткені барлық жағдайға бірдей әрекет жасауға болмайды. Мысалы, жол апатына түскен немесе мойын омыртқасы жарақаттанған адамды орынсыз қозғау оның жағдайын ауырлатуы мүмкін. Суға бату мен электр тогы соғу жағдайларында да өзіндік ерекшелік бар. Сондықтан арнайы медициналық білімі жоқ адам үшін жедел жәрдем диспетчерінің нұсқауы – негізгі бағдардың бірі.

Жүрек тоқтаса, ең маңыздысы – кеудені басуды кешіктірмеу

Жүрек-өкпе реанимациясында CAB деп аталатын реттілік қолданылады:

Яғни жүрегі тоқтаған адамға көмек көрсеткенде кеуде компрессиясын кешіктірмеу маңызды.

Бұрын ABC реттілігі қолданылып, алдымен тыныс жолын ашуға басымдық берілетін. Кейін оның реті өзгеріп, қан айналымын мүмкіндігінше ертерек қамтамасыз ету алдыңғы орынға шықты.

Фото: El.kz

Кеудені қалай дұрыс басады?

Ересек адамға жүрек-өкпе реанимациясын жасағанда қол төс сүйегінің төменгі жартысының ортасына қойылады. Кеуде қуысын минутына 100-120 рет басу қажет. Басу тереңдігі 5-6 сантиметр болуы керек.

Бірақ кеудені қатты әрі жылдам басу ғана жеткіліксіз. Әр басқаннан кейін кеуде толық жазылуы қажет. Егер көмек көрсетуші адамның кеудесіне сүйеніп қалса, қанның жүрекке қайта келуі қиындайды. Бұл келесі компрессиялардың әсерін төмендетеді. Сондықтан әр қимылдан кейін кеудеге түсірілген салмақты толық босату керек.

Фото: El.kz

Тағы бір маңызды талап – үзілісті барынша азайту. Кеудені басуды тоқтатқан сайын жасанды түрде жасалып тұрған қан айналымы да үзіледі. Қайта бастағанда қажетті қан қысымының қалыптасуына тағы уақыт кетеді. Егер көмек көрсетушілер бірнешеу болса, кеудені басып тұрған адамды шамамен әр екі минут сайын ауыстырған жөн. Себебі адам шаршаған сайын компрессияның сапасы төмендей бастайды.

Фото: El.kz

30 рет басу, 2 рет дем беру

Жүрек-өкпе реанимациясының кең қолданылатын арақатынасы – 30:2. Яғни, 30 рет кеуде қуысы басылады, содан кейін 2 рет жасанды тыныс беріледі. Одан соң қайтадан 30 рет басып, 2 рет дем беру жалғасады.

Жасанды тыныс бергенде адамның тыныс жолы ашық болуы керек. Ол үшін басын шалқайтып, иегін көтереді. Ауа үрлеген кезде кеуденің көтерілгенін бақылау қажет. Кеуде көтерілген бойда артық ауа жіберуді тоқтатқан дұрыс.

Өйткені шамадан тыс ауа өкпеге ғана емес, асқазанға да кетуі мүмкін. Бұл асқазандағы заттардың кері шығуына әкелуі ықтимал. Сонымен бірге кеуде ішіндегі қысымның артуы қанның жүрекке қайтуына кедергі келтіріп, реанимацияның тиімділігін төмендетеді.

Фото: El.kz

«Ауыздан ауызға» тыныс беруді білмесеңіз ше?

Бұл – алғашқы көмек көрсетуге жүрексінетін адамдарды мазалайтын негізгі сұрақтардың бірі. Егер адам жасанды тыныс беруді бұрын үйренбесе немесе оны дұрыс жасай алатынына сенімді болмаса, жедел жәрдем диспетчерінің нұсқауымен тек кеуде компрессиясын жасап тұруы мүмкін.

Фото: El.kz

Яғни медициналық көмек жеткенше кеудені үздіксіз басу жалғасады. Мұндай жағдайда әрекетсіз тұрғаннан гөрі қан айналымын сақтауға тырысу маңызды.

Фото: El.kz

Дефибрилляторды неғұрлым ерте қолданса, соғұрлым жақсы

Жүрек тоқтаған кезде уақыттың қаншалық маңызды екенін көрсететін тағы бір құрал – автоматты сыртқы дефибриллятор. Ол жүректің ырғағын талдап, электр разряды қажет пе, жоқ па – соны анықтайды.

Кейбір жүрек ырғағы бұзылған кезде электр разрядын мүмкіндігінше ерте беру қажет. Олардың қатарына қарыншалардың фибрилляциясы мен пульссіз қарыншалық тахикардия жатады.

Фото: El.kz

Сондықтан адам көп жиналатын әуежай, вокзал және басқа қоғамдық орындарда автоматты дефибрилляторға тез қол жеткізу адамның өмірін сақтап қалуда маңызды болуы мүмкін. Құрылғы қолжетімді болса, оны қосып, беретін нұсқауларын орындау қажет.

Фото: El.kz

Реанимацияның сапасын бес нәрсе анықтайды

Асқар Мусилимов жүрек-өкпе реанимациясын үйреткенде бірнеше негізгі көрсеткішке мән берілетінін айтады. Біріншісі – қолды кеудеге дұрыс қою және компрессияны дұрыс орындау. Екіншісі – минутына 100-120 рет басу қарқынын сақтау. Үшіншісі – кеудені 5-6 сантиметр тереңдікке басу. Төртіншісі – әр басқаннан кейін кеуденің толық жазылуына мүмкіндік беру. Бесіншісі – компрессия арасындағы үзілісті барынша азайту.

Жасанды тыныс беру кезінде де өкпеге шамадан тыс ауа жібермеу керек. Мұндай дағдыларды медицина қызметкерлері арнайы манекендерде пысықтайды. Құрылғы кеуденің қаншалық терең әрі қандай жиілікпен басылғанын көрсетіп, қателікті бірден анықтауға мүмкіндік береді.

Фото: El.kz

Ауруханада «көк код» қалай жұмыс істейді?

Аурухана ішінде шұғыл жағдайға әрекет ету тәртібі бөлек ұйымдастырылады. Медицина қызметкерлерінің міндеті – науқастың жағдайы күрт нашарлағанын ерте байқап, қажет болған жағдайда реанимациялық топты дереу шақыру. Осындайда «көк код» жүйесі іске қосылады.

Асқар Мусилимовтың айтуынша, қызметкерлер қандай жағдайда «көк код» жарияланатынын және қай нөмірге хабарласу керегін білуге тиіс. Шұғыл қоңырауға арналған желі басқа әңгімелермен бос болмауы керек.

Реанимациялық топ қоңырау түскен бойда оқиға орнына аттанады. Бөлімшелерде шұғыл көмекке арналған арнайы арбалар да болады. Онда реанимацияға қажет дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен құралдар дайын тұрады. Олардың түгел болуы, жарамдылық мерзімі мен техникалық жағдайы тұрақты тексеріледі.

Фото: El.kz

«Қателесіп қаламын» деп қарап тұрмаңыз

Көп адам төтенше жағдайда не істерін білмей қалады. Бірі қорқады, енді бірі «дұрыс жасамай, жағдайды ушықтырып жіберемін бе?» деп алаңдайды. Әрине, жүрек-өкпе реанимациясы – үйренуді қажет ететін дағды. Сондықтан мүмкіндік болса, алғашқы көмек көрсету курстарынан алдын ала өткен дұрыс.

Ал шынайы төтенше жағдай туындап, алдыңызда адам ес-түссіз жатса, ең әуелі өз қауіпсіздігіңізді бағалап, жедел жәрдем шақырып, диспетчердің нұсқауын орындау қажет. Өйткені алғашқы көмек көрсету үшін міндетті түрде дәрігер болу шарт емес. Кейде жедел жәрдем жеткенге дейінгі бірнеше минутта жасалған дұрыс әрекет адам өмірі үшін шешуші болуы мүмкін.

Фото: El.kz

Сондай-ақ реаниматолог тамаққа ас немесе басқа бөгде зат тұрып, адам дем ала алмай, сөйлей не жөтеле алмай қалған жағдайда шұғыл әрекет ету керегін түсіндірді. 

Фото: El.kz

Мұндайда ересек адамның артынан тұрып, қолды жұдырықтап, жұдырықтың ішкі жағын кіндіктен жоғары, қабырға доғасынан төмен тұсқа орналастырады. Екінші қолмен жұдырықты ұстап, ішті ішке және жоғары қарай қатты итеру керек. Бұл қимыл тыныс жолына тұрып қалған бөгде заттың сыртқа шығуына көмектеседі; ал адам есінен танып қалса, дереу 103-ке хабарласып, жүрек-өкпе реанимациясына көшу қажет.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Оқи отырыңыз

{