Жаңалықтар

Жазғы демалыста балаңызды қандай лагерьге жіберген дұрыс

16.06.2026 09:40
EL.KZ
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

«Балам жазда немен айналысады?» Каникул басталысымен көптеген ата-ананы осы сұрақ мазалайды. Телефон мен планшеттің алдында уақыт өткізгеннен гөрі жаңа орта көріп, достар тауып, қызықты іспен айналысқан әлдеқайда пайдалы. Осы орайда Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы балаларға арналған лагерьлерге шолу жасадық.

Астанада қандай лагерьлер бар

Табиғат аясындағы демалысты қалайтындар үшін Бурабайдағы «Балдәурен» лагері танымал бағыттардың бірі саналады. Мұнда балалар жорыққа шығып, бассейнде жүзіп, катамаран теуіп, арқанды саябақтағы түрлі кедергілерден өтеді. Сондай-ақ садақ ату мен шығармашылық үйірмелер де ұйымдастырылады. 15 күндік ауысымның бағасы – 339 мың теңге.

Белсенді демалысты ұнататын балалар үшін WorldClass фитнес-лагері жұмыс істейді. Бағдарлама аясында балалар күн сайын жаттығу жасап, аптасына екі рет бассейнге барады. Бұдан бөлек, түрлі командалық ойындарға қатысады. Бір апталық ауысымның құны – 50 мың теңге.

Ал ағылшын тілін қызықты форматта меңгергісі келетін балаларға Ardingly Astana лагерінің бағдарламасы ұсынылады. Мұнда әр күн белгілі бір елдің мәдениетіне арналады. Балалар ғылыми тәжірибелер жасап, шығармашылық тапсырмалар орындайды және әлем елдерімен танысады. Бағдарламаға қатысушыларға арнайы «Саяхатшы паспорты» беріліп, олар күн сайын орындалған тапсырмалар үшін мөр жинайды. Бірінші ауысым 29 маусым мен 3 шілде аралығында өтеді. Бағасы – 140 мың теңге. Ал 7-10 шілде күндері өтетін екінші ауысымның құны 112 мың теңгені құрайды.

Алматыдағы лагерьлер несімен ерекшеленеді

Алматыдағы лагерьлердің басты артықшылығы – табиғатқа жақын орналасуы. Сондықтан бағдарламалардың басым бөлігі ашық аспан астындағы белсенді демалысқа бағытталған.

Мәселен, CHAMBERLAIN Eco Camp лагерінде балалар көшбасшылық қабілеттерін дамытып, тауға жорыққа шығады, шығармашылық сабақтарға қатысады. Бағдарламаның ерекшелігі – жылқылармен жұмыс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тәсіл бала бойындағы жауапкершілік пен жанашырлық қасиеттерін дамытуға көмектеседі.

Лагерь маусымның ортасынан тамыздың ортасына дейін жұмыс істейді. Бағасы тәулігіне 40 мың теңге.

Ал Arman Dala Resort лагерінде балалар зиплайнмен сырғанап, катамаран теуіп, садақ ата алады. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі интерактивті ойындар мен тауға серуендеу бағдарламалары қарастырылған. Бір ауысымның құны – 250 мың теңге.

Шымкентте жазда қандай лагерьге баруға болады

Технологияға қызығатын балалар үшін Dream Camp ерекше бағдарламасымен көзге түседі. Біркөлік шатқалында орналасқан лагерьде оқушылар жасанды интеллект пен нейрожелілердің негіздерін меңгереді. Сонымен қатар телескоп арқылы жұлдыздарды бақылап, астрономиямен таныса алады.

Бағдарламада театр, арт-терапия және қолөнер сабақтары да бар. Ал «Стартап күні» барысында балалар кәсіпкерлік негіздерін үйренеді. Бір ауысымның құны 155 мыңнан 220 мың теңгеге дейін өзгереді.

Ағылшын тілін дамытуға арналған бағдарламалардың бірі – ALAN International School жазғы лагері. Мұнда балалар шетелдік тіл тасымалдаушыларымен бірге білім алып, спорттық және шығармашылық шараларға қатысады. 22 жұмыс күніне арналған бағдарламаның бағасы – 200 мың теңге.

Спортты жақсы көретін балалар үшін Royal Kids лагері ұсынылады. Бағдарламада фитнес, йога, сайклинг, баскетбол, волейбол және түрлі ойындар бар. Төрт апталық ауысымның құны – 150 мың теңге.

Дарынды балаларға арналған тегін лагерь

Ақылы лагерьлерден бөлек, дарынды балаларға арналған тегін жобалар да бар. Соның бірі – биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған El Umiti Camp 2026.

Биылғы лагерьдің басты бағыты – жасанды интеллект. Жоба аясында Қазақстанның әр өңірінен іріктелген 200 оқушы жазғы лагерьге тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлының айтуынша, жоба балалардың технологиялық сауатын арттырумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де бағытталған.

El Umiti Camp – еліміздің талантты жастары үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Біз ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауды мақсат етеміз. Бүгінде жасанды интеллект өмірдің барлық саласына еніп келеді. Сондықтан өскелең ұрпақтың жаңа технологияларды еркін меңгеруімен қатар, өз мәдениеті мен ұлттық болмысын сақтай білуі аса маңызды, – деді Әлкей Марғұланұлы.

Балаға лагерь таңдарда нені ескерген жөн

Мамандар лагерь таңдағанда ең алдымен баланың қызығушылығына назар аударуға кеңес береді. Өйткені спортты жақсы көретін балаға тілдік лагерь қызық болмауы мүмкін, ал шығармашылыққа бейім оқушы өзін театр немесе өнер бағытындағы ортада еркін сезінеді.

Сондай-ақ лагерьдің бағдарламасымен, қауіпсіздік талаптарымен және тәрбиешілер құрамымен алдын ала танысып шыққан жөн. Тамақтану жағдайы, медициналық қызметтің болуы және балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалмауы керек.

Ең бастысы, лагерь бала үшін жай ғана уақыт өткізетін орын емес, жаңа достар тауып, жаңа орта көріп, өз қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін орта болуы тиіс.

Авторы: Нұрдана Рамазан

Оқи отырыңыз