22.05.2025
15:48
1112
«Жайлы мектеп» қай өңірлерге салынады?

«Жайлы мектеп» қай өңірлерге салынады?

Қазақстанның білім саласында соңғы жылдары қолға алынған ауқымды реформалардың бірі — «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Бұл бастама еліміздегі үш ауысымды оқытуды жою, апатты мектептерді алмастыру және барлық балаға сапалы, заманауи білім беру ортасын ұсыну мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Жоба шеңберінде тек мектептер салынбайды, сонымен қатар жаңа білім беру философиясы қалыптасуда.

Білім беру министрлігі мектеп салу орнын анықтағанда демографиялық өсімді, көші-қон белсенділігін және урбанизация қарқынын ескеріп, жан-жақты талдау жүргізді. Нәтижесінде жаңа мектептердің басым бөлігі оқушылар саны күрт артқан өңірлерге бағытталды. Атап айтқанда, Астана мен Алматы қалалары, Түркістан, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстары негізгі басымдыққа ие. Бұл аймақтарда оқушылар саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді және мектеп жетіспеушілігі ерекше байқалады.

Жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда, еліміздегі білім беру инфрақұрылымының сапасы едәуір жақсарып, ұзақ уақыттан бері шешімін таппаған мектеп тапшылығы мәселесі біртіндеп жойыла бастайды.

Ұлттық жобаның басталуына не себеп болды?

Қазақстанда мектеп инфрақұрылымына қатысты проблемалар жылдар бойы шешілмей келгенінен хабардармыз. Әсіресе, халық тығыз шоғырланған өңірлерде орын тапшылығы өткір сезілді. 2023 жылғы ресми деректерге сүйенсек, елімізде 300-ден астам мектеп үш ауысымды жұмыс істеді. Бұл – білім сапасын төмендетіп, балалардың психологиялық жай-күйіне кері әсер етіп отырған басты факторлардың бірі болғанын жасыра алмаймыз.

Бұған қоса, апатты мектептердің жағдайы да алаңдатарлық еді. Кейбір ауылдық аймақтарда оқушылар әлі күнге дейін жөндеу көрмеген ғимараттарда білім алып жатыр. Мемлекет бұл түйткілдерді жүйелі түрде шешу үшін «Жайлы мектеп» жобасын іске қосты.

«Жайлы мектеп» қандай мәселелерді шешуге бағытталған?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтіп, оның стратегиялық маңызын айқындады. Жобаның мақсаты – 2025 жылға дейін елімізде кемінде 400 жаңа мектеп салу және 740 мыңнан астам оқушы орнына қол жеткізу.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жуырда өткен брифингте былай деді:

Бұл жоба – еліміздің әр баласына тең мүмкіндік беру үшін қолға алынып отыр. Әр мектеп тек ғимарат емес, ол – заманауи білім беру кеңістігі болуы тиіс. Біздің міндетіміз – мектептегі орта мен мазмұнды түбегейлі өзгерту.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда «Жайлы мектеп» аясында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 105 мектеп пайдалануға берілді, осылайша 254 мың оқушы орны пайда болды. Осы жылдың соңына дейін тағы 112 мектептің құрылысы аяқталмақ. Яғни, жалпы алғанда, 2025 жылдың соңына дейін 217 мектеп салынып, 460 мың оқушыға орын ашылады.

Бұлар тек цифрлар ғана емес, әрбір санның артында мыңдаған баланың білімге қолжетімділігі, мұғалімдердің еңбек жағдайы, ата-аналардың үміті тұр.

Жайлы мектептердің жағдайы қандай болады?

Жаңа мектептер бұрынғы типтік жобалардан ерекшеленеді. Жаңа стандарт бойынша мектептер 15-20 пайызға кең, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық.

Мектеп инфрақұрылымы STEM зертханаларды, робототехника кабинеттерін, 4 спорт залы мен хореография залын қамтиды. Сонымен қатар заман талабына сай асхана, кітапхана, медиатека оқушылар мен ұстаздарға мінсіз қызмет көрсетеді. Онда инклюзивті білімге толық бейімделген орта қалыптасқан, коворкинг аймағы мен психологиялық демалыс орындары да бар.

Алматы қаласындағы жаңа №211 мектеп директоры Айдана Мұхамбетәлидің сөзінше, бұрынғы білім ошақтарында әр пәнге жеке кабинет болмаған.

Ал қазір зертханалар, интерактивті құралдар жеткілікті. Бұл мұғалімге де, балаға да шығармашылық еркіндік береді, - дейді ол.

Деректерге қарағанда, Түркістан қаласында 7 жайлы мектеп салынып жатыр. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының дерегінше, үш ауысымды мектептер әлі де бар. Алайда, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бұл мәселені шешіп қана қоймай, білім беру сапасын арттыруға ықпал етіп жатыр.

Аймақтағы ата-аналар да оң пікір білдіруде.

Бұрын балам тар сыныпта отыратын, енді кең, жарық, заманауи сыныпта оқиды. Сабаққа ынтасы да арта түсті. Білім сапасы да артқанын байқаймыз, - дейді ата-ана Гүлнар Смағұлова.

«Жайлы мектептің» жүзеге асуында қандай кедергілер мен қиындықтар бар?

Әрине, мұндай ауқымды жобада қиындықтар да жоқ емес. Қоғам белсендісі Еркін Құрманғалиев атап өткендей: «Кейбір аймақтарда мердігерлер құрылыс мерзімін кешіктіріп жатыр. Кейбір мектептер сапасыз салынып, қабылдау кезінде қайта жөндеуді талап етуге тура келген».

Сонымен қатар, кадр тапшылығы басты түйткілдердің бірі болып тұр. Жаңа мектептерге кемінде 30 мың мұғалім қажет. Бұл мәселені шешу үшін педагогикалық университеттермен арнайы келісімдер жасалып, ауылға баруға ынталандыру тетіктері ұсынылуда.

Расында, мектеп құрылысы – тек білім беру нысаны емес, экономикалық серпіліс.

Құрылыс жұмыстары өңірлік шағын және орта бизнеске де тиімді. Жергілікті құрылыс компаниялары мен жұмысшылар тартылады. Бұл – жаңа жұмыс орындары және салық түсімі, - деп түсіндірді министр Ғани Бейсембаев.

«Жайлы мектеп» — бұл бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді стратегия. Ол тек қабырғасы жаңа мектептер емес, сонымен бірге мазмұны жаңарған білім беру жүйесі. Мұнда басты мақсат – әр балаға тең мүмкіндік беру, заманауи ортаның көмегімен тұлғалық дамуға жол ашу.

Егер бұл жобада сапа, ашықтық, кәсіби кадрмен қамту және әділ бақылау тұрақты түрде қамтамасыз етілсе, Қазақстан білім кеңістігіндегі озық елдер қатарына қосылуға бір қадам жақындайды.