30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыАлматыда жаңа оқу жылы қарсаңында студенттерді жатақханамен қамту мәселесі қайта өзекті мәселеге айналды.
Қалада жаңа студенттер үйлері салынып, қосымша орындар ашылғанымен, биыл алдын ала есеп бойынша шамамен 5,7 мың орын тапшы.
Еліміздің әр өңірінен және шетелден Алматыға оқуға келетін жастар үшін баспана мәселесі әсіресе оқу жылының алғашқы айларында күрделене түседі. Жатақханаға өтініш бергенімен, орын ала алмаған студенттер қайда жүгінуі керек? Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбектің сөзінше, орын бұйырмаған студент ең алдымен ситуациялық орталыққа жүгіне алады.
Алматыдағы қалалық ситуациялық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан. Орталық тәулік бойы өтініш қабылдайды. Мамандар студенттерге бос орын табуға көмектесіп, жатақханаға орналасу тәртібі, қажетті құжаттар мен өтініш беру жолдарын түсіндіреді.
Колл-орталықтың байланыс нөмірі: +7 700 950 95 28.
Бұдан бөлек, әр жоғары оқу орнында жеке ситуациялық орталықтар жұмыс істейді. Студент өзінің университетіне де тікелей өтініш бере алады.
Сондай-ақ оқу мен тұру мәселелері бойынша студенттік омбудсменнің көмегіне жүгінуге болады. Республикалық студенттік омбудсмен Айболаттың байланыс нөмірі: +7 777 761 81 33.
Алматыда студенттерге қандай баспана ұсынылады?
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 724 мыңнан астам студент білім алады, олардың шамамен 35 мыңы – шетел азаматтары.
Оқи отырыңыз:
Алматы еліміздегі ең ірі студенттік орталық болып саналады. Өткен оқу жылында мегаполисте шамамен 221 мың студент білім алған. Олардың 149 мыңы еліміздің өзге өңірлерінен келсе, тағы 19 мыңға жуығы – шетелдік студенттер.
Жатақхана тапшылығын азайту үшін жоғары оқу орындары жеке жатақханалармен және хостелдермен келісімшарт жасайды. Қазір қалада студенттерді орналастыруға 43 жеке жатақхана мен 22 хостел тартылған.
Азиз Қажденбектің сөзінше, университеттің өз жатақханасында орын болмаған жағдайда студентке хостел немесе басқа орналастыру нысаны ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда тараптар арасында ресми келісім жасалады.
Негізінде бұл жатақханамен жасалатын келісімшарт секілді. Онда орналасу және шығу мерзімі, тәртіп ережелері – барлығы көрсетіледі, – дейді Азиз Кажденбек.
Оның айтуынша, келісімшарт күшінде тұрған кезде студентті негізсіз шығарып жіберуге болмайды. Алайда мұндай орналастыру белгілі бір мерзімге ғана қарастырылатындықтан, келесі оқу жылында дәл сол жерде тұруға кепілдік берілмейді.
Хостелдер мен өзге де нысандар студенттік жатақханалар қоры толыққанға дейінгі уақытша шешім ретінде қарастырылып отыр.
Ешкім далада қалмайды. Қандай да бір заңбұзушылық анықталса, қала әкімдігі мен министрлік бірлесіп жұмыс істейді, – деді басқарма басшысы.
Жатақхана алдымен бірінші курс студенттеріне беріле ме?
Орын тапшылығы кезінде басымдық бірінші курс студенттеріне берілгенімен, бұл жоғары курс студенттері жатақханадан мүлдем қағылады деген сөз емес.
Азиз Қажденбектің айтуынша, үшінші немесе төртінші курс студенті жатақханаға өтініш берсе, оның өтініші міндетті түрде қаралуы тиіс.
Әрине, орналастыру кезінде бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Олар қалаға алғаш келгендіктен, жаңа ортаға әлі бейімделіп үлгермейді, қаланы да жақсы білмейді, – деп түсіндірді ол.
Сол себепті бірінші курс студенттерін мүмкіндігінше университетке жақын орналасқан жатақханаларға орналастыруға тырысады. Ал жоғары курс студенттеріне оқу орнынан алысырақ орналасқан нысандар ұсынылуы мүмкін.
Жатақханадағы орындарды бөлу қыркүйекпен аяқталмайды. Оқу жылы басталғаннан кейін алғашқы екі-үш айда студенттердің бір бөлігі пәтер жалдап көшеді, енді бірі туыстарының үйінде тұруды жөн көреді. Соның нәтижесінде қазан айына қарай кейбір жоғары оқу орындарында бос орындар пайда болуы мүмкін. Олар жатақханаға мұқтаж басқа студенттерге қайта бөлінеді.
Алматыдағы жатақхана құны қанша?
Жатақхана құны оның меншік түріне, орналасқан жеріне және ұсынылатын жағдайға байланысты әртүрлі.
Азиз Қажденбектің мәліметінше, мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындарының жатақханаларында тұру ақысы шамамен айына 25 мың теңгеден басталады. Ал жеке жатақханаларда баға 30-40 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін және одан да жоғары болуы мүмкін.
Жеке жатақханалардағы бағаның жоғары болуы ондағы жағдайға байланысты. Кейбір нысандарда жеке асүй, санитарлық торап, климат-бақылау жүйесі қарастырылған. Сондай-ақ тамақтандыру және студенттерді оқу орнына жеткізу қызметтері ұсынылатын жатақханалар бар.
Коммуналдық қызмет ақысы, әдетте, жатақханада тұру құнының ішіне кіреді.
Биыл Алматыда қанша жаңа жатақхана ашылады?
Алматыда студенттік жатақханалар тапшылығын кезең-кезеңімен азайту жоспарланып отыр. Жол картасына сәйкес, 2030 жылға дейін қалада 20 мың жаңа орын ашу көзделген.
Биыл шамамен 4,7 мың орын пайдалануға берілуі тиіс. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиевтің мәліметінше, жаңа оқу жылына алты нысан дайындалған. Олар жалпы саны 1,2 мың студентті қабылдай алады. Қалған нысандарды күзде және жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Ұзақмерзімді жоспарда қалада 34-ке жуық жобаны жүзеге асыру қарастырылып отыр. Оның ішінде 11 жоғары оқу орнының жобалары есебінен 20 мыңға дейін, ал жеке инвесторлардың бастамалары арқылы тағы 3 мыңға жуық орын ашылуы мүмкін.
Дегенмен жаңа жатақханалардың салынуына қарамастан, тапшылықтың нақты қашан толық жойылатынын әзірге айту қиын. Себебі Алматыға оқуға келетін жастардың саны да жыл сайын артып келеді. Азиз Қажденбектің айтуынша, сырттан келетін студенттер саны жыл сайын шамамен 20 пайызға көбейіп отыр.
Сондықтан қаладағы студенттік баспана мәселесін шешу тек жаңа жатақханалар салумен шектелмейді. Университеттердің жеке сектордағы жатақханалармен жұмыс істеуі, уақытша орналастыру орындарын көбейту және студенттерге жедел көмек көрсететін ситуациялық орталықтардың жұмысы да маңызды рөл атқарады.
Бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өңірлерде жатақхана тапшылығы болмайтынын алға тартты.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды