30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыЖаңа іс бастауға кеш деп ойлайтындар аз емес. Спортпен шұғылдану, жаңа кәсіп үйрену, әлеуметтік желі жүргізу, тіпті бала күнгі арманның соңынан түсу көбіне жастық шақпен байланыстырылып жатады. Ал 70 жастағы Раиса Шынасыл мұндай түсінікпен келіспейді. Ол 65 жасында спортпен тұрақты айналыса бастап, өмір салтын өзгертсе, бүгінде әлеуметтік желіде блог жүргізіп, модельдік бағытта өзін сынап жүр. Ендігі мақсаты да ауқымды – әлемдік брендтермен жұмыс істеп, танымал журналдың мұқабасына шығу.
Раиса Шынасыл 1956 жылы Жамбыл облысы Шу ауданындағы Көктөбе станциясында дүниеге келген. Қазір Алматы қаласында тұрады. Кейіпкеріміздің айтуынша, өмірінің көп бөлігінде отбасы мен бала-шағасының қамын бірінші орынға қойып, өзіне уақыт бөлуге аса мән бермеген. Оның өмірге деген көзқарасы бес жыл бұрын денсаулығы сыр бергеннен кейін өзгере бастайды.
Денсаулығы сыр берген сәт өмірін өзгертті
Раиса ханым жас кезінде дұрыс тамақтану мен спортқа ерекше көңіл бөлмегенін жасырмайды. Көпшілік секілді күнделікті тіршілікпен жүріп, денсаулыққа алдын ала қамдану қажеттігін кейінірек түсінген. Бес жыл бұрын қан қысымы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген сәт оның өміріндегі бетбұрысқа айналған.
Қан қысымым көтерілгенде жедел жәрдем шақырдық. Олар мені ауруханаға алып кетпек болды. Бірақ сол сәтте өзім де ойланып қалдым. Денсаулығыма уақытша шара емес, өмір салтымды өзгерту арқылы көңіл бөлуім керек екенін түсіндім. Содан кейін спортпен айналысып, жүзуге барып, тамақтану тәртібімді өзгерттім. Осылайша салауатты өмір салтын ұстана бастадым, – дейді ол.
Ол кезде Раиса ханымның салмағы 62 келі болған. Қызы артық салмақтан арылса, өзін жақсырақ сезінуі мүмкін екенін айтып, анасын жігерлендірген.
Алғашында онша сенбедім. Дегенмен байқап көруге бел будым. Отбасымызбен бірге жүгіре бастадық. Бір айдың ішінде 12 келі салмақ тастадым. Сол уақыттан бастап өзімді мүлде басқа адамдай сезіндім. Қазір салмағым 50 келі, осы салмақты бірнеше жылдан бері ұстап келемін, – дейді кейіпкеріміз.
Осы өзгерістен кейін спорт оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бүгінде ол жаттығуға күніне екі сағатқа дейін уақыт бөледі. Раиса ханымның таңы денені қыздыру және созылу жаттығуларынан басталады. Одан кейін уоркаут алаңына шығып, түрлі дене жаттығуын орындайды. Темірге тартылып, бұлшықетті шынықтырады. Ауа райының қолайсыздығы да оның күн тәртібін оңай өзгерте алмайды.
Жаңбыр жауса да, күн суық болса да, жаттығуды қалдырмауға тырысамын. Жаттығудан кейін үйге келіп, су ішіп, таңғы ас әзірлеймін. Кітап оқуға, өзімді дамытуға, әлеуметтік желіге контент түсіруге де уақыт бөлемін. Осылайша күнім жоспармен өтеді. Ең бастысы – өзіңе ұнайтын жаттығуды тауып, оны күнделікті әдетке айналдыру. Тәртіп болмаған жерде нәтиже де болмайды, – дейді ол.
Раиса Шынасыл спортпен кез келген жаста айналысуға болатынын айтады. Дегенмен денсаулыққа неғұрлым ерте көңіл бөлген дұрыс деген пікірде.
«Қымбат өнімдерсіз де дұрыс тамақтануға болады»
Өмір салтын өзгерткенде Раиса ханым тек спортпен шектелмеген. Тамақтану тәртібін де қайта қараған. Оның сөзінше, салауатты өмір салтын ұстану үшін міндетті түрде қымбат өнімдер сатып алудың қажеті жоқ.
Ең алдымен адам көзқарасын өзгертуі керек. Қымбат дүниелерсіз-ақ салауатты өмір салтын ұстануға болады. Үйдегі қарапайым азық-түліктен пайдалы тағам әзірлеуге мүмкіндік бар. Өзім қант пен дүкеннен алынатын түрлі тәттіні жемеймін. Мысалы, манты, еттің қамырын жемеймін. Ас мәзірімде жұмыртқа, ет, сүзбе, сары май, қарақұмық секілді қарапайым өнімдер бар. Дұрыс тамақтану адамның денсаулығына ғана емес, күш-қуатына да әсер етеді, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің сөзінше, денсаулығындағы өзгерісті көрген сайын бастаған ісіне деген сенімі де нығая түскен. Бұрын өзіне күмәнмен қарайтын болса, қазір жаңа нәрсені байқап көруден қорықпайды.
Инженерден блогерлікке дейін
Раиса Шынасылдың еңбек жолы да бір ғана саламен шектелмеген. Мамандығы бойынша инженер. Алайда бұл кәсіпті бала кезінен армандап таңдамағанын айтады.
Инженер мамандығына өз қалауыммен емес, анамның ақылын тыңдап түстім. Кейін сол мамандық бойынша жұмыс істедім. Жолдасымның қызметіне байланысты әр қалада тұрдық. Сондықтан түрлі салада еңбек етуге тура келді. Министрлікте, теміржол саласында жұмыс істедім, есепші де болдым, – дейді ол.
Раиса ханым әр жұмыстың адам мінезіне өзіндік әсері болатынына сенеді. Әсіресе инженерлік қызмет оған жауапкершілік пен нақты шешім қабылдауды үйреткен.
Инженер болып жүрген кезде жауапкершілікті сезініп, нақты шешім қабылдауға үйрендім. Қазір сол қасиеттер белсенді өмір сүруіме де көмектесіп жатыр, – дейді ол.
Бұрын уақытының басым бөлігін отбасы мен балаларына арнаса, қазір өзіне де көңіл бөлуді үйренген.
Бұрын отбасыма, балаларыма көп уақыт бөліп, өзімді кейінге ысыратынмын. Қазір өзіме көбірек уақыт бөлемін. Спортпен айналысамын, үнемі даму үстіндемін. Бұрын өзіме күмәнмен қарайтын едім. Қазір өзіме деген сенімім артып, әр атқан таңды қуанышпен қарсы аламын, – дейді Раиса Шынасыл.
65 жасында спортты, кейін блог жүргізуді бастады
Раиса ханым өміріндегі өзгерісті әлеуметтік желі арқылы өзгелермен бөлісе бастаған. Алғашында блог жүргізудегі мақсаты өзінің күнделікті өмірін көрсету ғана болған. Кейін оқырмандарынан кері байланыс ала бастағанда, оның бағыты да өзгерген.
Өз өмірімдегі өзгерістермен бөліскім келді. Кейін осы арқылы адамдарға мотивация бере алатынымды түсіндім. Қазіргі мақсатым – өз тәжірибем арқылы ештеңеге ешқашан кеш емес екенін көрсету, – дейді ол.
Ол әлеуметтік желіде жаттығуын, күн тәртібін, тамақтануын және өмір салтын көрсетіп отырады. Мұның бәрін кәсіби спортшының кеңесі ретінде емес, өз тәжірибесінен өткен адамның мысалы ретінде ұсынады. Раиса Шынасылдың пікірінше, жаңа істі бастауға адамның жасынан бұрын қорқынышы мен өзіне деген сенімсіздігі кедергі келтіреді.
Меніңше, адамға ең бірінші кедергі болатын нәрсе – қорқыныш. Одан кейін өзіне деген сенімнің болмауы. Егер адам қорқынышын жеңіп, өзіне сеніп, «арманымды орындаймын» деп мақсат қойса, өмірін кез келген уақытта өзгерте алады, – дейді ол.
Кейіпкеріміз адамдардың белгілі бір жасқа келген соң өзіне шектеу қойып алатынын да байқайды.
Жасымыз келді, уақыт өтіп кетті, енді мұны жасасақ ұят болады» деп ойлайтындар бар. Меніңше, мұның жасқа қатысы жоқ. Арман болса, көзқарасты да, өмірді де кез келген жаста өзгертуге болады. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Ең бастысы – өткенге өкініп отырмау. Мен спортпен 65 жасымда айналыса бастадым. Оның пайдасын қазір көріп отырмын, – дейді Раиса ханым.
Бала күнгі арманын 70 жасында жүзеге асырып жүр
Раиса Шынасыл үшін кейінгі жылдардағы өзгеріс тек спорт пен дұрыс тамақтанумен шектелмеді. Ол бұрын кейінге қалып келген армандарын да біртіндеп жүзеге асыруға кіріскен. Солардың бірі – сахна мен мода әлемі.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бала кезінен сахнаға шығып, өнер көрсетуді және модель болуды армандаған. Мектеп қабырғасындағы бір оқиға да жадында ерекше сақталып қалыпты. 1963 жылы қойылымға қатысып, командасымен бірінші орын алған сәт оның сахнаға деген қызығушылығын арттырған. Жылдар өте бұл арман тұрмыс, отбасы және жұмыстың тасасында қалғанымен, мүлде ұмытылмаған. Сондықтан Раиса ханымның «Миссис Қазақстан» байқауына қатысуы да кездейсоқ шешім емес.
Байқауға қатысудағы мақсатым – өзімді жаңа қырымнан көрсетіп, бұрыннан келе жатқан арманымды орындау еді. Бұл менің кішкентай кезімнен бергі арманым болатын. Сахнаға шығуды, модель болуды армандадым. Сол арманымды орындағаныма қуаныштымын, – дейді ол.
Алайда Раиса ханым бұл жетістікпен тоқтап қалғысы келмейді. Оның қазіргі арманы Қазақстанмен шектелмейді.
Ең үлкен арманым – әлемге танымал модель болу. Victoria’s Secret өнімдерін жарнамалап, брендтің амбассадоры атансам деймін. Vogue журналының мұқабасына шығып, ірі әлемдік брендтермен жұмыс істегім келеді, – дейді ол.
Бір қарағанда, мұндай мақсат 70 жастағы адам үшін тым батыл көрінуі мүмкін. Бірақ Раиса Шынасылдың өзі үшін мәселе арманның қаншалықты үлкен екенінде емес, оған ұмтылуға мүмкіндік беруде. Өйткені бес жыл бұрын денсаулығына алаңдап, өмір салтын өзгертуге шешім қабылдаған ол бүгінде бұрын жасамаған дүниелерді байқап көріп жүр. Спортты 65 жасында бастады, әлеуметтік желіде белсенділік танытты, модельдік бағытта өзін сынады. Енді әлемдік деңгейдегі мақсаттарын да жасырмай айтады.
Жас – тек сан екенін өз өміріммен дәлелдегім келеді. Ендігі арманым – өз өмірім арқылы басқа адамдарға шабыт сыйлау. Адам өзіне сеніп, қорқынышын жеңсе, өзгерісті кез келген уақытта бастай алады, – дейді Раиса Шынасыл.
Раиса ханымның оқиғасында «өмірді өзгерту үшін бәрін қайта бастау керек» деген күрделі формула жоқ. Оның өзгерісі күнделікті қарапайым әрекеттерден басталған: таңертең тұру, жаттығу жасау, тамақтануға мән беру, өзіне уақыт бөлу және бұрын кейінге қалдырған армандарына қайта оралу.
Ал 70 жасында алдына жаңа мақсат қойып отырған кейіпкеріміз үшін ең маңыздысы – төлқұжаттағы жас емес, адамның өзін қай жаста да жаңа қырынан көруге мүмкіндік беруі.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды