Жасанды интеллект өзінен де мықты ЖИ жасауға жақындап қалды

Жасанды интеллект өзінен де мықты ЖИ жасауға жақындап қалды

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Жасанды интеллект мәтін жазып, сурет жасап немесе сұраққа жауап беретін құрал ғана емес. Енді ол жаңа жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуге де қатысып жатыр. Claude атты ЖИ жүйесін жасаған америкалық Anthropic компаниясы өзінің зерттеу жұмыстарының 26%-ында жасанды интеллект негізгі жұмыстың басым бөлігін атқаратынын мәлімдеді. Бұл нені білдіреді және одан қауіптенуге негіз бар ма?

ChatGPT сияқты жасанды интеллект жүйелері бүгінде миллиондаған адамның күнделікті қолданатын құралына айналды. Бірақ осы технологияны әзірлейтін компаниялардың ішінде ЖИ-дің өзіне жаңа модельдерді жасауға көмектесу үрдісі де күшейіп келеді. Солардың бірі – АҚШ-тағы жасанды интеллект компаниясы Anthropic. Ол ChatGPT-ке ұқсас Claude атты ЖИ жүйесін әзірлейді. Компанияның жаңа мәліметтері технологияның қаншалықты жылдам дамып жатқанын көрсетеді.

ЖИ енді жаңа ЖИ жасауға көмектеседі

2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша, Claude Anthropic компаниясындағы зерттеу және әзірлеу жұмыстарының шамамен 26%-ында жұмыстың негізгі бөлігін орындай алады. Қарапайым тілмен айтсақ, маман Claude-қа белгілі бір тапсырма береді. ЖИ оны орындау жолын анықтап, жұмыстың басым бөлігін басынан аяғына дейін өзі атқара алады. Адам нәтижені бақылап, қажет болған жағдайда түзетеді.

Ең қызығы – бұл көрсеткіш бірнеше айдың ішінде айтарлықтай өскен. Биыл ақпанда Claude осындай деңгейде орындай алатын жұмыстардың үлесі 1%-ға да жетпеген. Сонымен қатар компаниядағы зерттеу және әзірлеу міндеттерінің 90%-дан астамында Claude адаммен бірге жұмыс істейді.

30 мың ЖИ-агент не істеп жүр?

Anthropic тағы бір қызық дерек келтірді. Компанияның ішкі жүйелерінде зерттеу және инженерлік жұмыстармен айналысатын шамамен 30 мың ЖИ-агент бар. «ЖИ-агент» деген атау күрделі естілгенімен, мағынасы қарапайым. Кәдімгі чат-ботқа сұрақ қойсаңыз, ол жауап береді. Ал ЖИ-агентке белгілі бір міндет берілсе, ол сол нәтижеге жету үшін бірнеше әрекетті ретімен орындай алады. Мысалы, бағдарламалық код жазып, ондағы қатені іздейді, белгілі бір сынақ жүргізеді немесе шыққан нәтижені талдайды.

Компанияның мәліметінше, 2026 жылғы мамырда Anthropic-тің негізгі бағдарламалық жүйесіне енгізілген кодтың 80%-дан астамын Claude жазған. Дегенмен оны тексеру және соңғы шешімді қабылдау адам мамандарының қолында.

ЖИ өзін өзі жетілдіре ала ма?

Мамандарды қызықтырып отырған негізгі мәселе осы. Жасанды интеллект саласында «рекурсивті өзін-өзі жетілдіру» деген ұғым бар. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл – ЖИ-дің өзінен де қабілетті келесі ЖИ жүйесін адамның тұрақты көмегінсіз жасау мүмкіндігі. Мысалы, бүгінгі ЖИ жаңа әрі қуатты модель жасауға көмектеседі. Жаңадан жасалған модель келесі жүйені одан да жылдам жетілдіреді. Осы процесс қайталана берсе, ЖИ дамуы бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жүруі мүмкін.

Бірақ компанияны алаңдатып отырған мәселе басқа. ЖИ жаңа ЖИ жүйелерін әзірлеуге көбірек араласқан сайын технологияның даму жылдамдығы да артуы мүмкін. Ал адамдар оның жұмысын түсініп, тексеріп, бақылап үлгеруі керек.

Адамның рөлі өзгере ме?

Қазір байқалып отырған өзгеріс адамды ЖИ толық алмастырып жатыр дегенді білдірмейді. Керісінше, адамның жұмыс істеу тәсілі өзгере бастады. Мысалы, бұрын бағдарламашы кодты өзі жазып, қатесін өзі іздеп, сынақты өзі жүргізсе, қазір осы жұмыстың бір бөлігін ЖИ-ге тапсыра алады. Адамның міндеті – мақсат қою, жұмысты бақылау және соңғы нәтижеге жауап беру.

Бірақ осы жерде жаңа мәселе пайда болады. Егер ЖИ адамның тексеруінен де жылдам жұмыс істей бастаса ше? Anthropic көтеріп отырған мәселенің бірі осы. ЖИ өзінің келесі буынын жасауға барған сайын белсенді қатысса, бір күні технологияның даму қарқыны адамның оны түсіну және бақылау мүмкіндігінен озып кетуі ықтимал.

Әзірге ондай жағдай болған жоқ. Жасанды интеллект өзінен кейінгі жүйені толықтай өз бетімен жасап отырған жоқ және адам бақылауы сақталған. Дегенмен бірнеше айдың ішінде негізгі зерттеу жұмыстарына ЖИ қатысуының айтарлықтай өсуі технологияның даму бағытын көрсетіп отыр.

Осылайша, жасанды интеллект төңірегіндегі басты мәселе енді оның адам еңбегін қаншалықты алмастыратынымен ғана шектелмейді. ЖИ жаңа жүйелерді әзірлеуге барған сайын белсенді араласқан сайын, оны бақылау мәселесі де алдыңғы қатарға шығады. Технологияның даму қарқыны адамның оны түсіну, бағалау және қауіпсіз басқару мүмкіндігінен озып кетпеуі маңызды.

Оқи отырыңыз

{