Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз жекпе-жегіне қатысты шешім шықты

Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз жекпе-жегіне қатысты шешім шықты

Аян Қайырбаев
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық жеңілмеген боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен Ұлыбритания чемпионы Хамза Шираз арасындағы жекпе-жекке қатысты маңызды жаңалық пайда болды. Шираздың промоутерлері міндетті титулдық жекпе-жекті өткізу құқығына арналған саудада жеңіске жетті. Алайда британдық боксшы бұл кездесуден әлі де бас тарта алады.

Шираздың промоутерлері саудада жеңіске жетті

WBO ұйымының екінші орта салмақтағы чемпионы Хамза Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions міндетті титулдық қорғауды ұйымдастыру құқығына арналған промоутерлік саудада жеңімпаз атанды.

Британдық тарап 1 001 809 доллар, яғни шамамен 448 млн теңге ұсынған. Бұл Жәнібек Әлімханұлының промоутері Top Rank ұсынған 820 мың доллардан (шамамен 367 млн теңге) жоғары.

Сауда қорытындысына сәйкес, жүлде қорының 75 пайызы чемпион Хамза Ширазға, ал 25 пайызы міндетті қарсыласы Жәнібек Әлімханұлына тиесілі болады.

Осы есеп бойынша Шираз шамамен 751 мың доллар, ал Әлімханұлы 250 мың доллар көлемінде гонорар алуы мүмкін.

Жекпе-жек қашан және қайда өтеді?

Қазіргі таңда жекпе-жектің ықтимал күндері ретінде 2026 жылдың 28 қарашасы немесе 5 желтоқсаны қарастырылып отыр. Өтетін орын ретінде үш қала аталды, яғни Лондон, Бирмингем және Нью-Йорк. Алайда нақты дата мен арена әзірге түпкілікті бекітілген жоқ.

Шираз жекпе-жектен бас тарта ала ма?

Британдық боксшының жекпе-жекке келісетіні әзірге белгісіз. Бұған дейін Шираз Әлімханұлымен кездесуге дайын екенін айтқанымен, гонорардың лайықты болуы керектігін атап өткен.

Сауда нәтижесінде чемпионға тиетін шамамен 751 мың доллар британдық боксшының бұған дейінгі ең ірі гонорарларымен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Егер Шираз міндетті қорғаудан бас тартса, оның WBO чемпиондық белбеуінен айырылу қаупі бар.

Бокс инсайдері Дэн Рафаэль де британдық боксшының қаржылық себептерге байланысты жекпе-жектен бас тартуы мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, Әлімханұлымен кездесу Шираз үшін мансабындағы шын мәніндегі күрделі сынақтардың бірі болмақ.

Мен Шираз осы гонорардағы өз үлесі үшін бұл жекпе-жекке келіссе, таңғалар едім. Ол әлдеқайда көп ақшаға әлсіз әрі белгісіз қарсыластармен жекпе-жек өткізуге үйреніп қалды. Ал бұл – нағыз жекпе-жек, – деді Дэн Рафаэль.

Шираз бұған дейін 5 млн доллар алған

Хамза Шираздың ең жоғары гонорары Эдгар Берлангаға қарсы жекпе-жекте тіркелген. Британдық боксшы бұл кездесу үшін 5 млн доллар алған.

Жекпе-жек Шираздың жеңісімен аяқталып, ол қарсыласын бесінші раундтың басында нокаутқа түсірген. Сондықтан жаңа жекпе-жек үшін ұсынылған шамамен 751 мың доллар британдық боксшының рекордтық гонорарынан бірнеше есе аз.

Жәнібек үшін маңызды мүмкіндік

Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін орта салмақта бірнеше чемпиондық белбеуді біріктірген. Кейін екінші орта салмаққа ауысты.

Қазақстандық боксшы әлі жеңіліп көрмеген және жаңа дивизионда да чемпиондық мақсаттарын жалғастырып келеді. Ал Хамза Шираз – жеңілмеген жас чемпион. Ол бос тұрған WBO белбеуін жеңіп алған және нокауттарымен танылған.

Екі боксшының да жеңіліссіз сериясы бұл жекпе-жекке деген қызығушылықты арттырып отыр.

Шираз WBO шешіміне наразылық білдірген

Британдық боксшы бұған дейін WBO-ның Жәнібек Әлімханұлын міндетті қарсылас ретінде тағайындау туралы шешіміне наразылығын білдірген.

Бұл мәселе қазақстандық боксшының допинг сынамасынан мельдоний анықталғаннан кейінгі жағдайға байланысты. Әлімханұлының ісіне қатысты шешімнен кейін WBO оны міндетті үміткер ретінде бекіткен.

Шираз бұл шешімді сынға алып, WBO-ның әрекетін «әзіл» және «бокстағы масқара» деп атаған. Сонымен қатар ол ұйымның Әлімханұлын міндетті қарсылас ретінде бекітуінде сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін деген болжам айтқан. Бұл – Шираздың жеке пікірі және оның ұйым шешіміне қатысты мәлімдемесі.

Енді басты мәселе – британдық чемпионның Әлімханұлымен жекпе-жекке келісуі. Егер кездесу бекітілсе, екі жеңілмеген боксшының жекпе-жегі 2026 жылдың қараша немесе желтоқсан айларында өтуі мүмкін.

Оқи отырыңыз

{