Жаңбыр, қар және көктайғақ. Қазақстанда ауа райы қалай өзгереді?

Жаңбыр, қар және көктайғақ. Қазақстанда ауа райы қалай өзгереді?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz архиві

Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Елге солтүстік-батыстан бірнеше циклон келіп, жаңбыр мен қар жауады. Кей өңірлерде жел күшейіп, тұман түссе, солтүстікте көктайғақ күтіледі. Ал желтоқсанда күн әдеттегіден жылырақ болғанымен, аязды күндер де аз болмайды.

Жаңбыр мен қар қай өңірлерде жауады?

Қазгидрометтің болжамынша, циклондар алдымен еліміздің батыс өңірлеріне әсер етеді. Кейін солтүстік-батыс және солтүстік облыстарда да ауа райы бұзылып, жаңбыр мен қар жауады.

Әсіресе солтүстікте көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан бұл аймақтарда жолға шығатын жүргізушілерге абай болған жөн.

Жауын-шашыннан бөлек, еліміздің бірқатар өңірінде жел күшейіп, тұман түседі. Ал шығыс облыстарда әзірге жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Синоптиктердің болжамынша, жауын-шашынға қарамастан, ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.

Желтоқсан жылы бола ма?

Қазгидромет қыстың алғашқы айына да болжам жасады. Синоптиктердің мәліметінше, биыл желтоқсан Қазақстанның басым бөлігінде әдеттегіден 1-2 градусқа жылы болады.

Бірақ бұл қыстың алғашқы айында аяз болмайды деген сөз емес. Желтоқсанда күн бірнеше рет жылынып, қайта суытуы мүмкін.

Еліміздің басым бөлігінде орташа айлық температура -5...-13 градус шамасында болады. Ал Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында бұл көрсеткіш -17 градусқа дейін төмендейді.

Оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде күн жылырақ болады. Мұнда орташа айлық температура -4...+3 градус аралығында болжанып отыр.

Ал Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу мен Алматы облыстарының шығысында желтоқсан әдеттегіден жылы болмайды.

Ел бойынша жауын-шашын мөлшері де жылдағыдан айтарлықтай ерекшеленбейді.

Астанада аяз күшейіп, боран соғады

Елорда тұрғындарын желтоқсанда жылы күндер де, қатты аяз да күтіп тұр. Қазгидрометтің болжамынша, айдың орташа температурасы -10,5 градус болады. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 1,5 градусқа жоғары.

Желтоқсанның алғашқы күндері түнде -9...-14 градус, күндіз -3...-8 градус болады. Бірақ айдың бірінші онкүндігінің соңына қарай аяз күшейеді. Түнде ауа температурасы -26 градусқа, ал күндіз -20 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Екінші онкүндікте күн біршама жылынады. Осы кезеңнің ортасында күндіз температура 0...-5 градус шамасында болады. Алайда айдың ортасынан кейін қайта суытады.

Желтоқсанның соңғы онкүндігінде де ауа райы бірқалыпты болмайды. Түнде -6...-20 градус, күндіз 0...-14 градус аралығында аяз күтіледі.

Синоптиктер бірінші онкүндіктің ортасы мен соңында, екінші онкүндіктің ортасында және айдың соңғы күндерінде қар жауып, боран соғуы мүмкін екенін айтады.

Бұған қоса, желтоқсанда көктайғақ болып, кей күндері тұман түседі.

Бір айда елордаға шамамен 25 миллиметр жауын-шашын түседі деп күтіледі.

Алматыда 17 градусқа дейін аяз болады

Алматыда қыстың алғашқы айы жылы күндермен басталуы мүмкін. Синоптиктер желтоқсанның басында күндіз ауа температурасы +8 градусқа дейін көтерілетінін болжап отыр.

Алайда айдың бірінші онкүндігінің соңында күн күрт суытады. Түнде -12...-17 градусқа дейін аяз болып, күндіз температура -7...-12 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Екінші онкүндікте күн қайта жылынады. Кей күндері ауа температурасы +5 градусқа дейін көтерілгенімен, кейін тағы суытады.

Айдың соңғы онкүндігінде де ауа райы жиі өзгереді. Күндіз температура +7 градусқа дейін жетуі мүмкін. Ал желтоқсанның соңына қарай түнде -12 градусқа дейін аяз күтіледі.

Жалпы Алматыда желтоқсанның орташа температурасы -1,6 градус болады. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 1,1 градусқа жоғары.

Қалада ай бойы жаңбыр мен қар жаууы мүмкін. Әсіресе бірінші және үшінші онкүндіктердің соңында қар жауып, көктайғақ болады деп болжанып отыр. Кей күндері тұман да түседі.

Желтоқсанда Алматыда шамамен 44 миллиметр жауын-шашын күтіледі.

Айта кетейік, Қазгидрометтің желтоқсанға арналған болжамы алдын ала жасалған. Сондықтан ауа райы туралы мәліметтер алдағы уақытта өзгеруі мүмкін.

Оқи отырыңыз

{