Жаңа өндіріс, оқу корпустары мен жолдар: Қазақстан өңірлерінде қандай нысандар ашылды

Жаңа өндіріс, оқу корпустары мен жолдар: Қазақстан өңірлерінде қандай нысандар ашылды

Аян Қайырбаев
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан өңірлерінде өнеркәсіптік, әлеуметтік, спорттық, көлік инфрақұрылымын және шұғыл ден қою қызметтерін дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бір апта ішінде елімізде газ баллондары мен клапандар шығарыла бастады, IT-лицей-интернатының ғимараты ашылып, стадион жаңартылды, автожол учаскелері жөнделіп, өртке қарсы және шұғыл қызмет нысандары пайдалануға берілді.

Қостанай облысында жөндеуден кейін жалпы ұзындығы 56,7 шақырымдық «Астана – Қостанай – РФ шекарасы» автожолының екі учаскесі ашылды. Осы жылы өңірде жалпы ұзындығы 163 шақырым болатын республикалық автожолдардың бес учаскесі жөнделді.

Іс-шараға аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысып, өңіріміз үшін бұл аса маңызды қадам екенін атап өтті.

Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайту міндетін қойғаны белгілі. Сондықтан жолдарды жаңғырту біздің облысымыз үшін аса маңызды. Өңіріміз арқылы еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстыратын маңызды көлік дәліздері және Ресей Федерациясына шығатын транзиттік бағыт өтеді. Соңғы жылдары аймағымызда автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары айтарлықтай қарқын алды. Әсіресе республикалық маңызы бар жолдарға ерекше көңіл бөлінуде, – деді аймақ басшысы.

Бұған айғақ – жөндеу жұмыстарынан кейін «Астана – Қостанай – РФ шекарасы» автокөлік жолының 56,7 км болатын екі учаскесі ашылды. Бұл жол учаскесінде соңғы рет жөндеу жұмыстары 2021 жылы жүргізілген, ал жолдың өзі 1980 жылы салынған.

Жалпы, облыста көлік қатынасын жақсарту мақсатында Ресей Федерациясы, Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына шығатын барлық негізгі бағыттардағы мыңдаған км жолдар қайта жаңғыртылғанын атап өту керек. Тек биыл 163 км болатын республикалық маңызы автомобиль жолының 5 учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Фото: gov.kz

Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ зауытында газ баллондары мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған арнайы клапандар шығару басталды. Жаңа бағыт ең алдымен ішкі нарықты сұранысқа ие отандық өніммен қамтамасыз етуге бағдарланған.

Кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында танысты.

Сапар барысында газ баллондарын шығару бағытына ерекше назар аударылды. Мұндай өнімге деген сұраныс жоғары. Бүгінде Ақмола облысының өзінде 220 мыңнан астам газ баллоны пайдаланылуда. Сондықтан тұтынушыларды қажетті өніммен қамтамасыз етумен қатар, адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бұйымдардың сапасына да баса мән беру қажет.

Өңір басшысы өндірісті дамыту кезінде ішкі нарықтың қажеттілігі мен кәсіпорынның мүмкіндіктерін ескеру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ қуаттарды кеңейту перспективаларын бағалап, шикізат пен қажетті жиынтықтауыштардың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету және білікті мамандар даярлау қажеттігін жеткізді.

Кәсіпорынның дайын өндірістік алаңы, қажетті инфрақұрылымы мен тәжірибесі бар. Сондықтан жаңа зауытты нөлден бастап салғаннан гөрі, қолданыстағы өндіріс қуаттарын дамыту экономикалық тұрғыдан тиімді. Еліміздің газ баллондарына деген жалпы қажеттілігін анықтап, соған сәйкес өндірісті одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін бағалау қажет. Ол үшін кәсіпорынды қажетті материалдармен, жиынтықтауыштармен және білікті кадрлармен қамтамасыз ету маңызды, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

«Тыныс» АҚ – өңірдегі авиациялық техника, медициналық жабдықтар, өрт сөндіру құралдары, газ қысымын реттейтін арматура және полиэтилен құбырларын шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Зауыт өнімдері Қазақстан нарығымен қатар Ресей, Өзбекстан және Украинаға да жеткізіледі.

Фото: gov.kz

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында IT-лицей-интернатының жаңа оқу корпусы мен жатақханасы пайдалануға берілді. Заманауи білім беру кешені оқушыларға сапалы білім алуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және жан-жақты жетілуге мүмкіндік береді. 

Балауса шағынауданында орналасқан білім беру мекемесінде орын тапшылығын шешу мақсатында үш блоктан тұратын жаңа ғимараттар кешені салынды. Жоба аясында 300 орындық оқу корпусы, 300 орындық жатақхана, асхана мен спорт залы қарастырылған. Сондай-ақ акт залы мен кітапхана бар. Жер учаскесінің жалпы ауданы – 12 256,45 шаршы метр.

Бұған дейін лицей-интернаттың жатақханасы 45 орынға есептелген болатын. Жаңа ғимараттың іске қосылуы нәтижесінде жатын орын саны 345-ке дейін артады. Бұл шалғай аудандардан келетін дарынды балаларды қамтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, IT-лицей-интернаты 2018 жылы ашылған. Содан бері білім ордасын 163 түлек тәмамдады. Олардың басым бөлігі ақпараттық технологиялар бағытын таңдап, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсті.

Қазіргі таңда түлектер арасында Nazarbayev University, Cardiff University, University of Pisa секілді беделді университеттерде білім алып жатқандар бар. Бүгінде лицейде 325 оқушы білім алып, 45 педагог қызмет атқарады.

Алдағы уақытта IT-лицей-интернаты «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен ынтымақтастықты кеңейтіп, цифрлық білім беру мен IT экожүйесін дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Фото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында реконструкция жұмыстарынан кейін «Жастар» стадионы пайдалануға берілді. Нысан спорт залымен, FIFA стандарттарына сай футбол алаңымен, ұлттық спорт және жаттығу алаңдарымен, жүгіру жолдарымен және экстремалды спорт түрлеріне арналған аймақпен жабдықталған.

Аймақ басшысы жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жаңа кейіпке енген нысанның ашылуымен құттықтады. Нариман Төреғалиев бұқаралық спортты дамыту, ұлт саулығын нығайту мемлекет саясатының басым бағыттары екенін атап өтті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023-2026 жылдары жаңа 132 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 24 спорт нысаны салынды. Барлық аудан орталығы мен ірі ауылдар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылды. Енді мұндай заманауи нысандар шағын елді мекендерде бой көтеріп жатыр. Қайта жаңғыртылған «Жастар» стадионы жас спортшыларды жаңа белестерге қанаттандыратынына сенім мол, - деді облыс әкімі.

Көпбейінді кешен «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында қайта жаңғыртылды. Мұнда заманауи спорт залы, FIFA стандарттарына сай футбол алаңы, ұлттық ойындар және жаттығу алаңдары, жүгіру жолдары мен экстремалды спорт түрлеріне арналған арнайы аймақ қарастырылған. Жобаны уақытылы әрі сапалы атқарған мердігерлік ұйым – «Қалдығайты» компаниясына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Аймақ басшысы спорт алаңдарын аралап, мекеме басшылығы, бапкерлер және шәкірттермен тілдесті. Стадиондағы құрмет тақтасына бөрлілік әлем чемпиондары Темірлан Көлбай, Гүлдана Әлмұхамбетова, Мерует Байниязова, Мәлік Мұқашев және Азария Хаммидуллинаның суреттері қойылып, жетістіктері жазылған.  Облыс әкімі бұл бастаманы оң бағалап, аға-апаларының жолын қуатын жас өрендерге тың серпін беретініне сенім білдірді. 

Айта кетейік, «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары аясында Ақсай қаласында бұдан бөлек оңалту орталығы, оқушылар және жастар сарайының құрылысы да жүріп жатыр. 

Фото: gov.kz

Қазақстан өңірлерінде өртке қарсы және шұғыл қызметтің жаңа нысандары ашылуда. Мәселен, Қостанай облысының Приречное ауылында өрт сөндіру автокөлігі және жауынгерлік киімдері бар «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады, Ақмола облысының 370 адам тұратын Кенащы ауылында да «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті ашылды, бұл еліміз бойынша осындай 326-шы нысан. Ал Шымкент қаласында жедел қызметтердің бірыңғай кешені жұмыс істей бастады, онда өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел жәрдем пункттері біріктірілген. Кешен Жаңаталап тұрғын үй алабындағы 11,2 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.

Оқи отырыңыз

{