15.04.2026
12:30
1608
Жаңалықтар

Жаңа Hyundai Elantra мен ескі Mercedes-Benz арасындағы тартыста кім жеңеді?

Соңғы кездері жаңа көліктер көбейді, оның үстіне олардың бағасы да көпшіліктің қалтасы көтеретін жағдайда. Ал мұндайда ескі классиканы құп көретіндер не істеуі керек?

Тиісінше енді тұтынушы жаңа, кепілдігі бар көлікті таңдаймын ба, әлде жасы үлкен болса да, «неміс» деген аты бар темір тұлпарға бет бұрғаным жөн бе деген таңдауға тап болады. Айталық, 2026 жылғы жаңа Elantra акциямен шамамен 10,6 млн теңге тұрса, 2017 жылғы C 180 (159 мың км жүрген) – 9,5 млн теңге шамасында. Бірі – сенімділік пен жайлылық, екіншісі мәртебе мен жүргізу ләззатын сыйлайды.

Қарапайым, бірақ сенімді қозғалтқыш

Elantra-ның 1.6 литрлік атмосфералық қозғалтқышы 123 ат күшіне тең. Бірақ мұның өзі қала ішінде жеткілікті. Жүзге дейін 11,4 секундта үдейді. Есесіне, 92-бензинмен жүре береді, күтімі жеңіл, «мінез» көрсетпейді. Алты сатылы автомат қорабы да ыңғайлы. Орташа шығыны – шамамен 7 литр.

Қуат пен тәуекел қатар жүреді

C 180-дің көлемі де 1.6 литр, бірақ турбинасы бар. Қуаты – 156 ат күші. 0-ден 100 км/сағ-қа 8,2 секундта жетеді. Бұл айырмашылық әсіресе рөлде анық байқалады.

Бірақ 159 мың км жүрген көліктің тәуекелі көп екені түсінікті. Турбина мен ГРМ тізбегі күтпеген шығын келтіруі мүмкін – ал ол шамамен 200 мың теңгеден басталады.

Салон: жаңа технология ма, әлде классика ма?

Жаңа Elantra-ның ішінде бәрі заманауи: 10,25 дюймдік цифрлық панель, сымсыз Apple CarPlay және Android Auto, одан қалды орындықтар жылытылады. 2026 жылғы нұсқасының шудан оқшаулау да жақсарған. Орташа комплектацияның өзінде адаптивті круиз-бақылау мен жолақта ұстау жүйесі бар.

Ал C 180 – мүлде басқа философия. Табиғи былғары, жұмсақ пластик, сапалы құрылым. 9 жыл өтсе де, интерьері сыр бермейді. Жүріс жайлылығы жоғары – жолдағы кейбір шұрық-тесікті аса байқатпауы мүмкін. Бірақ мультимедиа баяулауы мүмкін, артқы камера көмескіленеді. Мұндай ұсақ жөндеулерге тағы шамамен 50 мың теңге кетуі мүмкін.

Қауіпсіздік: уақыт өз дегенін айтады

Elantra 2026 жылы IIHS ұйымынан Top Safety Pick жоғары бағасын алды. Жаяу жүргіншілерді қорғау және қауіпсіздік жастықтары мамандар көңілінен шыққан.

Ал C 180 кезінде Euro NCAP бойынша 5 жұлдыз алған еді. Бірақ талаптар жылдан-жылға күшейіп келеді. Сондықтан бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, жаңа көлік қауіпсіздеу болуы ықтимал.

Шығын: жанармай мен сервис

Elantra 92-бензинмен жүріп, бір толық бакпен шамамен 700 км-ге дейін жетеді. Mercedes-ке міндетті түрде 95-бензин қажет, әрі сол бірдей сомаға жүріс қашықтығы шамамен 100-120 км-ге қысқарады.

Егер турбина май жей бастаса, қосымша шығындар пайда болады – кейде ол әр екі апта сайын 30 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал жаңа көліктің 3 жыл немесе 100 мың шақырым деген кепілдігі бар.

Қарапайым таңдау ма, әлде эмоция ма?

Elantra – есеппен жүретіндерге арналған. Таңертең көлік отала ма, жоқ па деп алаңдамайсыз. Қыста -30 градуста да сенімді іске қосылады, қымбат май сұрамайды.

Mercedes – сезімтал көлік. Жүрісі жұмсақ, іші жайлы, басқаруы бөлек. Бірақ ол сізден тек ақша емес, назар да талап етеді.

Кімге қайсысы лайық?

Егер сіз сенімділік пен үнем маңызды болса және артық дүниеге бас қатырғыңыз келмесе, жаңа Hyundai Elantra 2026 дұрыс таңдау. Бұл – күнделікті өмірге ыңғайлы көлік.

Ал табысы жоғары, шығыннан қорықпайтын, көліктен эмоция мен өзіндік мәртебе күтетін адамға Mercedes-Benz C 180 2017 әлі таптырмас ұсыныс. Оның «үш сәулелі жұлдызының» өзі жүргізушіге психологиялық тұрғыда сенім сыйлатыны анық.