Кеше, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамыСоңғы жылдары жалғыздық қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің біріне айналды. Дегенмен ғалымдар осы уақытқа дейін жалғыздықтың денсаулыққа қаншалықты әсер ететінін нақты айта алмай келген.
Зерттеу нені көрсетті?
Бұл сұраққа жауап іздеген ғалымдар бірнеше ғылыми әдісті қатар қолданған. Атап айтқанда, олар Ұлыбританияның UK Biobank деректер қорындағы мәліметтерді талдап, туыстар арасындағы салыстырмалы зерттеулер мен генетикалық талдау жүргізген. Мұндай кешенді тәсіл зерттеу нәтижелерінің дәлдігін арттыруға мүмкіндік берген.
Зерттеушілер алдымен екі ұғымның ара-жігін ажыратып көрсетеді. Жалғыздық – адамның жақын қарым-қатынастың жетіспеуін субъективті түрде сезінуі болса, әлеуметтік оқшаулану – адамның әлеуметтік байланыстарының шын мәнінде аз болуы.
Зерттеу нәтижесі жалғыздықты жиі сезінетін адамдардың психикалық денсаулығының нашарлау қаупі жоғары екенін көрсетті. Сондай-ақ олардың өмірге қанағаттану деңгейі төмендеп, жалпы денсаулық жағдайы нашарлайтыны анықталған. Бұған қоса мұндай адамдарда бірнеше созылмалы аурудың қатар кездесуі жиірек байқалады.
Әлеуметтік оқшаулану да адамның өмір сапасы мен психологиялық күйіне кері әсер етеді. Алайда оның ықпалы адамның өзін жалғыз сезінуімен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз екені белгілі болды.
Сонымен бірге зерттеушілер жалғыздықтың жекелеген физикалық аурулардың дамуына тікелей себеп болатынын дәлелдейтін нақты айғақ таппаған. Соған қарамастан мұндай байланысты толық жоққа шығаруға әлі ерте екенін де атап өтті.
Мамандар не дейді?
Зерттеудің жетекші авторы Зои Ридтің айтуынша, өзін жалғыз сезінетін немесе әлеуметтік тұрғыдан оқшауланған адамдарға дер кезінде қолдау көрсету олардың психикалық денсаулығын жақсартып қана қоймай, жалпы өмір сапасы мен денсаулығына оң әсер етуі мүмкін.
Ғалымдардың пікірінше, жалғыздық мәселесі ұзақ уақыт бойы жеткілікті деңгейде зерттелмей келді. Ал жаңа ғылыми деректер оның адам ағзасына қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге және алдын алу шараларын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Бұл зерттеу негізінен орта және егде жастағы адамдардың қатысуымен жүргізілгендіктен, алдағы уақытта мамандар дәл осындай заңдылықтардың жастар арасында да байқалатынын тексермек. Сонымен қатар олар ұзақ уақытқа созылатын созылмалы жалғыздықтың денсаулыққа әсерін де зерттеуді жоспарлап отыр. Себебі бұл жұмыста адамның жалғыздық сезімі бір рет қана бағаланған.
Жалпы, зерттеу нәтижелері жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану тек әлеуметтік мәселе емес, адамның психикалық саулығына, өмір сапасына және жалпы денсаулығына ықпал ететін маңызды фактор екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Сондықтан мамандар жалғыздықтың алдын алу қоғамдық денсаулық сақтау саясатының маңызды бағыттарының бірі болуы тиіс деп есептейді.
Кеше, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?