1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін бердіДастарқан басында кіммен отырғаныңыз денсаулыққа да әсер етуі мүмкін. Ғалымдар жақын адаммен бірге тамақтанған кезде ағзаның көмірсуды қабылдауы өзгеріп, қандағы қант деңгейі бірқалыптырақ болатынын анықтады. Зерттеу нәтижесі Science Advances ғылыми журналында жарияланды.
Бірге тамақтанудың ағзаға әсері қандай?
Зерттеу барысында қатысушыларға бірдей мөлшерде көмірсу берілген. Бір жағдайда олар жалғыз тамақтанса, екінші жағдайда жақын көретін адамымен бірге ас ішкен.
Нәтижесінде адамның жалғыз немесе біреумен бірге тамақтануы ағзаға әртүрлі әсер ететіні байқалған. Жақын адамы қасында болған қатысушылардың қандағы глюкоза деңгейі тамақтан кейін қатты көтерілмей, қалыпты көрсеткішке де жылдамырақ түскен.
Ғалымдар мұны адамның өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуімен ғана байланыстырмайды. Олардың пайымдауынша, жақын адамның жанында болуы ағзаның ішкі тепе-теңдікті ұстап тұруға жұмсайтын күшін азайтуы мүмкін. Соның арқасында зат алмасу процесі де тиімдірек жүреді.
Адам ағзасы жалғыз жұмыс істемейді
Ғалымдар адамның әлеуметтік ортасы мен ағзадағы биологиялық процестердің өзара байланысын «әлеуметтік физиология» деп атайды. Яғни жақын адамдармен қарым-қатынас ағзаның жұмысына да әсер етуі мүмкін.
Зерттеу авторларының бірі, Иерусалимдегі Еврей университетінің профессоры Шир Атцильдің айтуынша, бұған дейін адам ағзасы өзін өзі реттейтін дербес жүйе ретінде қарастырылып келген.
Біздің нәтижелер адам физиологиясының табиғатынан әлеуметтік екенін көрсетеді. Жақын адамның жанында болуы дененің өзін өзі реттеуге жұмсайтын физикалық энергиясын азайтады. Яғни бірге болудың нақты метаболикалық пайдасы бар, – дейді ғалым.
Оның сөзінше, зерттеу адамдардың неліктен бір-біріне бауыр басып, жақын қарым-қатынас орнатуға ұмтылатынын биологиялық тұрғыдан түсіндіруге мүмкіндік береді.
Жақын адамның жанында болуы неге маңызды?
Ғалымдар әлеуметтік ортаның ықпалы зат алмасумен ғана шектелмейтінін айтады. Бұған дейін жүргізілген тәжірибелерде жақын адамның жанында болуы суық жағдайда дене температурасын қалыпты ұстап тұруға көмектесетіні байқалған.
Сондай-ақ мұндай орта ересектер мен сәбилердің күйзеліске реакциясын бәсеңдетуі мүмкін.
Бір қызығы, оң әсердің байқалуы үшін міндетті түрде құшақтасу немесе қол ұстасу секілді физикалық байланыс қажет емес. Кей жағдайда жақын адамның жанында отырғанының өзі жеткілікті болған.
Жалғыздық ағзаға салмақ түсіреді
Зерттеушілер әлеуметтік оқшаулану ұзаққа созылған жағдайда ағзаның өзін өзі реттеу жүйесіне қосымша салмақ түсетінін атап өтеді. Бұл зат алмасу мен ағзаның тәуліктік биологиялық ырғағына әсер етіп, уақыт өте жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыруы ықтимал.
Дегенмен ғалымдар бірге тамақтануды дұрыс тамақтанудың баламасы деп қарастыруға болмайтынын ескертеді. Күнделікті ас мәзірінің құрамы мен өмір салты бұрынғыдай маңызды. Ал жақын адамдармен араласу ағзаның қалыпты жұмысын қолдайтын қосымша фактор болуы мүмкін.
1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін берді1 Қазан, 12:41
Азиаданың финалына шыққан Ажар Асхат туралы не білеміз?1 Қазан, 11:32
«Шындықты жайып саламын»: Роналду ұлттық құрамадан кетті ме?1 Қазан, 09:45
Алтынға апарар жол: Азиададағы боксшылардың нәтижесіне көңіл тола ма?