13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызҚазақстанда алғашқы жаппай әкелінген Zeekr 001 көліктері қазірдің өзінде едәуір жүріс жинап, қайталама нарыққа шықты. Енді олардың бірнеше қыстан кейінгі жағдайын, аккумуляторы, аспасы мен электроникасында қандай өзгерістер болғанын және нарықта қаншаға бағаланатынын бағалауға мүмкіндік бар.
Бірнеше жыл бұрын Zeekr 001 көлігін сатып алғандар оның технологиялық мүмкіндіктеріне сенім артты. Үлкен электрлі лифтбек қуатты қозғалтқышымен, пневматикалық аспасымен, бай жабдықталуымен және сол кезең үшін ерекше электронды функцияларымен назар аударды.
Енді алғашқы көліктер жаңалық болудан қалды. Кейбірінің жүрісі 80 мың шақырымға жақындады, алғашқы тозу белгілері байқала бастады. Нарықта ұсыныстар көбейгендіктен, модельді нақты пайдалану тәжірибесі арқылы бағалауға мүмкіндік бар.
Алғашқы Zeekr көліктерінің бағасы айтарлықтай төмендеді
Қазақстанның қайталама нарығында алғашқы шығарылған Zeekr 001 көліктері көп. Қыркүйек айының басында Kolesa.kz сайтында жүрісі бар жүзден астам көлік туралы хабарландыру болды. Мәселен, 2022 жылғы, шамамен 60 мың шақырым жүрген көлік 14 млн теңгеге сатылымға қойылған.
Бір жылдың өзінде баға айтарлықтай өзгереді. Мысалы, 2023 жылғы, шамамен 29 мың шақырым жүрген Zeekr 001 Алматыда 13,7 млн теңгеге ұсынылған.
Көліктің бағасына жиынтық, техникалық жағдайы, жөндеу тарихы, аккумулятор нұсқасы, пневматикалық аспаның болуы және цифрлық жүйелерге қолжетімділік әсер етеді. Сонымен қатар жаңа Zeekr модельдерінің жиі жаңаруы да бағаға қысым жасап отыр.
Сондықтан алғашқы 001 бірден екі бағытта ескіріп келеді. Бір жағынан көліктің жасы ұлғайса, екінші жағынан технологиялық тұрғыда жаңа модельдер пайда болуда.
Аккумулятордың жағдайын тек жүріс қоры арқылы анықтау қиын
Қолданылған электромобиль сатып алатындар үшін негізгі мәселе – аккумулятор. Алайда қыста жүріс қорының азаюы, батареяның табиғи тозуы және зауыттық ақау – бір-бірінен бөлек жағдай.
Аккумулятордың жағдайын экрандағы қалған жүріс көрсеткішіне қарап анықтау дұрыс емес. Қолданылған Zeekr 001 сатып алғанда SOH көрсеткішін тексеріп, жоғары кернеулі жүйедегі қателерді анықтап, оның жұмыс тарихын арнайы диагностика арқылы қараған жөн. Сондай-ақ мамандар аккумуляторды салқындату жүйесін тексеруге кеңес береді.
Алғашқы қытайлық WE нұсқаларының бір бөлігіне қатысты аккумулятор бойынша кері қайтару науқаны да жарияланған. Өндіруші 86 кВт·сағ сыйымдылығы бар Sunwoda батареяларымен жабдықталған көліктердің 38 277 данасын тексеруге шығарды. Жекелеген аккумулятор компоненттеріндегі ішкі қарсылықтың арту қаупіне байланысты ақау расталған көліктердің тарту батареясы тегін ауыстырылады.
Қазақстан үшін бұл жерде маңызды айырмашылық бар. Ресми жеткізілген көліктер CATL батареяларымен жабдықталған және жергілікті дистрибьютордың мәліметінше, бұл кері қайтару науқанына қатысы жоқ. Ал Қытайдан өз бетінше әкелінген алғашқы көліктердің жағдайы нақты нұсқасына байланысты. Сондықтан сатып алмас бұрын VIN нөмірін, модификациясын және батарея өндірушісін тексеру қажет.
Қазақстанның қысы электромобильдің ерекшеліктерін тез көрсетеді
Қыста жүріс қорының азаюы батареяның істен шыққанын білдірмейді. Оған аккумулятордың температурасы, салонды жылыту, қозғалыс сипаты мен жылдамдық әсер етеді.
Қазақстандық иелердің пікірлері де әртүрлі. Kolesa.kz қолданушыларының бірі қыстағы шығынды шамамен 20 кВт·сағ деп көрсетсе, екіншісі аяз кезінде жүріс қорының едәуір төмендегенін жазған. Бұл жеке тәжірибені бүкіл модельге ортақ сипаттама ретінде қабылдауға болмайтынын көрсетеді.
Қыс көліктің ұсақ кемшіліктерін де байқатады. Kolesa.kz жүргізген қысқы сынақ кезінде мұздың салдарынан сыртқа шығатын есік тұтқалары дұрыс жиналмай қалған. Тағы бір көлікте есік механизмі ішкі жағынан қатып қалған.
Камералар мен электронды көмекшілердің жұмысы да оптиканың тазалығына байланысты. Суық түннен кейін әйнекке қатқан мұз камералардың жұмысына уақытша кедергі келтіруі мүмкін.
Пневматикалық аспаны да мұқият тексерген жөн
Пневматикалық аспа Zeekr 001-дің қымбат нұсқаларының басты артықшылықтарының бірі болды. Қазір ол қолданылған көлік сатып алушылар үшін ерекше назар аударатын торапқа айналды.
Әзірге алғашқы 001 модельдерінің пневматикалық аспасы бірнеше жылдан кейін жаппай істен шығады деген нақты дерек жоқ. Сондықтан көліктің жасына қарап, міндетті түрде тіреуіштерді немесе компрессорды ауыстыру қажет деп айту дұрыс емес.
Сатып алар алдында көліктің ұзақ уақыт тұрғаннан кейін биіктігін бірқалыпты сақтайтынын және кузов деңгейін өзгерту кезінде кідірістер болмайтынын тексерген жөн. Компьютерлік диагностика жүйедегі бұрынғы қателерді де анықтай алады.
Көтергіште көліктің бүкіл жүріс бөлігін тексеру керек. Zeekr 001 ауыр әрі қуатты болғандықтан, рычагтар, сайлентблоктар, шиналар, тежегіш механизмдері мен дөңгелек геометриясының жағдайы көлік туралы көп ақпарат береді.
Бірнеше жылда бұрын байқалмаған тозу белгілері пайда болды
Алғашқы иелер негізінен жүріс қоры, жылдам үдеу және бағдарламалық жасақтаманы талқылайтын. Енді пікірлерде салон, әйнек, лак-бояу жабыны сияқты қарапайым тозу белгілері де айтыла бастады.
Жүрісі шамамен 43 мың шақырым болған көлігін сатқан иелердің бірі лак-бояу қабатының әлсіздігін және әйнекте сызаттардың тез пайда болғанын айтқан. Сонымен қатар оның сөзінше, пайдалану кезінде көлікке күрделі техникалық қызмет көрсету көп қажет болмаған.
Қыс мезгілінде кузовқа да қауіп артады. Қазақстандағы алғашқы сынақтардың бірінде қар, құм және жол реагенттерінің әсерінен көліктің төменгі бөлігін арнайы пленкамен қорғау ұсынылған.
Электроника да диагностика талап етеді
Zeekr 001 көптеген электронды блоктармен, камералармен, датчиктермен және атқарушы механизмдермен жабдықталған. Сондықтан қолданылған көлікті тексеру кузовты қараумен шектелмеуі керек.
Диагностика аккумулятор, электр қозғалтқыштары, пневматикалық аспа және қауіпсіздік жүйелеріндегі қателерді анықтай алады. Панельде ескерту болмаса да, блоктардың жадында бұрын болған ақаулар немесе жол-көлік оқиғасынан кейінгі жөндеу туралы ақпарат сақталуы мүмкін.
Сондай-ақ барлық есіктердің, камералардың, кілттердің, климат-бақылаудың, мультимедианың және электронды реттеу жүйелерінің жұмысын тексеру қажет.
Master Account қолданылған көлік үшін маңызды факторға айналды
Қытайлық Zeekr көліктерінде цифрлық аккаунт көліктің құжаттары мен кілттері сияқты маңызды мәселеге айналды. Сатушылар хабарландыруларда Master Account-тың бар-жоғын бөлек көрсетеді.
Негізгі аккаунт қашықтан басқару функциялары мен цифрлық кілзге байланысты. Мамандардың айтуынша, оған қолжетімділік болмаған жағдайда жаңа Bluetooth-кілтін қосу және кейбір сервистерді пайдалану қиын болуы мүмкін.
Сондықтан сатып алмас бұрын көлікке қандай аккаунт тіркелгенін және сатушы оны жаңа иесіне бере алатынын анықтау керек.
Бұл әсіресе «сұр» импортпен келген көліктер үшін маңызды. Қытай нұсқасы бастапқыда жергілікті нарыққа арналғандықтан, русификация, бөгде сервистер және аккаунттарды өзгерту қосымша тексеруді қажет етеді.
Қазақстанда сервис бар, бірақ көліктің шыққан жері маңызды
Қазақстанда ресми Zeekr пайда болғаннан кейін жағдай айтарлықтай өзгерді. Қазір брендтің дилерлік инфрақұрылымы, техникалық қызмет көрсету регламенті және кепілдік бағдарламалары бар.
Ресми кепілдік көлікке бес жылға немесе белгіленген жүріске есептелген. Жоғары кернеулі жүйе элементтеріне ұзақ мерзімді кепілдік қарастырылған.
Алайда бұл шарттар ресми дилерден сатып алынған көліктерге қатысты. Ал алғашқы Zeekr 001 көліктерінің басым бөлігі Қазақстанға брендтің ресми өкілдігі пайда болғанға дейін өз бетінше әкелінген.
Сондықтан мұндай көліктің иесі нақты қытайлық нұсқаға қандай диагностика мен жөндеу қолжетімді екенін және қажетті бөлшектерді қайдан алуға болатынын алдын ала анықтағаны жөн.
Енді қолданылған Zeekr 001-ді тек жылына қарап таңдауға болмайды
Қолданылған 001 үшін «кузов, жүріс, баға» деген қарапайым тәсіл жеткіліксіз. Бір жылда шығарылған, сырттай бірдей екі көлік аккумуляторы, бағдарламалық жасақтамасы, апат тарихы және цифрлық жүйелерге қолжетімділігі бойынша айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Сондықтан алдымен VIN мен көлік тарихын, кейін жоғары кернеулі жүйе мен электронды блоктарды тексерген дұрыс. Содан кейін ғана аспаға, тежегіштерге, кузов пен салонға назар аудару керек.
Әсіресе ауыр апаттан кейін қалпына келтірілген көліктерге сақ болған жөн. Арнайы диагностика қауіпсіздік жүйелеріндегі бұрынғы қателерді және электронды компоненттердің ауыстырылғанын анықтай алады.
Master Account-ты да ақша төлемей тұрып тексерген дұрыс. Көлікті сатып алғаннан кейін аккаунттың шығу тегін анықтау немесе қолжетімділікті қалпына келтіру әлдеқайда қиын.
Бірнеше жылдан кейін алғашқы Zeekr 001 қандай болып шықты?
Әзірге алғашқы Zeekr 001 көліктері бірнеше жылдан кейін жаппай істен шығады деуге негіз жоқ. Қазақстандық иелердің тәжірибесі әртүрлі: кейбірі ондаған мың шақырымды үлкен шығынсыз жүрсе, енді біреулері қыстағы жүріс қоры мен пайдалану ерекшеліктеріне көңілі толмаған.
Дегенмен көліктің жасына байланысты назар аударатын негізгі тұстар анықталды: аккумулятор, пневматикалық аспа, тежегіштер, электронды блоктар, кузов жағдайы және цифрлық экожүйеге қолжетімділік.
Сонымен қатар алғашқы Zeekr 001 жылдам дамып жатқан қытайлық автонарықтың тағы бір ерекшелігіне тап болды. Кәдімгі көлік тек қартайса, электрлі көліктің жанында бірнеше жыл ішінде электроникасы мен зарядтау технологиялары жаңарған жаңа буындар пайда болып үлгерді.
Сондықтан бүгінгі таңда қолданылған 001-дің салыстырмалы түрде арзан болуы түсінікті. Нарықта алғашқы көліктерді шамамен 13 млн теңгеден табуға болады. Алайда мұндай үнем нақты көлікті толық диагностикадан өткізгеннен кейін ғана ақталғаны дұрыс.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды