WhatsApp-та жазған сөзіңіз үшін жауап бересіз: Жоғарғы сот маңызды ескерту жасады

WhatsApp-та жазған сөзіңіз үшін жауап бересіз: Жоғарғы сот маңызды ескерту жасады

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда әлеуметтік желіде немесе мессенджердегі топтық чаттарда өзге адам туралы дәлелсіз ақпарат тарату, сондай-ақ оның суретін рұқсатсыз жариялау сот дауына ұласуы мүмкін. Жоғарғы сот 30 қыркүйекте осындай істер бойынша сот тәжірибесінен бірнеше мысал келтірді.

Сот өкілдерінің түсіндіруінше, әлеуметтік желідегі жазбаны «жеке пікірім» деп көрсету жауапкершіліктен автоматты түрде босатпайды. Егер жарияланымда нақты адамға қатысты айыптау сипатындағы мәліметтер айтылса, оның рас екенін дәлелдеуге тура келеді.

Instagram-дағы жазба үшін 300 мың теңгеден өндірілді

Өскемен тұрғыны Instagram желісінен өзінің суреті жарияланған бірнеше жазбаны байқайды. Екі қолданушы әйелдің фотосын былапыт сөздермен бірге жариялап, оның ар-намысына тиетін және клиенттермен қарым-қатынасына қатысты айыптау сипатындағы мәліметтер таратқан.

Іс сотқа жеткенде жауапкерлер жазғандарын өздерінің жеке пікірі ретінде түсіндіруге тырысқан. Алайда сот нақты адамға бағытталған айыптаулар жай ғана эмоциялық пікір ретінде қарастырылмайтынын атап өтті. Мұндай мәлімдемелер тиісті дәлелдермен расталуы керек. Жауапкерлер сотқа мұндай дәлел ұсына алмаған. Сонымен қатар әйелдің фотосы оның келісімінсіз пайдаланылғаны да ескерілді.

Нәтижесінде сот жауапкерлерді даулы жазбаларды өшіріп, таратылған мәліметтерді теріске шығаруға міндеттеді. Сондай-ақ олардың әрқайсысынан талапкердің пайдасына 300 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы және сот шығындары өндірілді.

WhatsApp-тағы сурет те сот дауына себеп болды

Тағы бір іс Астана тұрғынына қатысты. Әйел тұрғындар жиналысына қатысқаннан кейін өзінің фотосы WhatsApp-тағы екі чатқа тарап кеткенін анықтаған. Бұл топтарда жалпы саны шамамен 1,5 мың адам болған.

Сот мессенджердегі скриншоттарды электронды дәлел ретінде қабылдады. Ал адамның келісімінсіз оның фотосын аудиториясы көп чаттарға жариялау құқықтарының бұзылуы деп танылды.

Алайда сот хабарламаларды чаттан өшіру туралы талапты қанағаттандырмады. Себебі белгілі бір уақыт өткеннен кейін оларды техникалық тұрғыда жою мүмкін болмаған.

Іс қорытындысы бойынша екі көршінің әрқайсысынан талапкерге 20 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

«Жеке пікір» жауапкершіліктен босатпайды

Жоғарғы сот әлеуметтік желіде нақты адамға қатысты дәлелсіз айып тағылған жағдайда оны «жеке пікір» деп атау жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті. Мұндай ақпаратты жариялаған адам қажет болған жағдайда оның шындыққа сәйкес келетінін сотта дәлелдеуге дайын болуы керек.

Сонымен бірге азаматтардың өз бейнесіне құқығы бар. Сондықтан басқа адамның фотосын оның келісімінсіз әлеуметтік желіде, стористе немесе топтық чатта тарату да құқықтық салдарға әкелуі ықтимал.

Сот тәжірибесінде әлеуметтік желідегі жазбалар мен мессенджерлердегі хат алмасудың скриншоттары электронды дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Осылайша, желіде жазба жариялар алдында ондағы айыптаулардың дәлелді болуына және өзге адамның суретін пайдалануға рұқсат алынғанына назар аударған жөн.

Оқи отырыңыз

{