Victoria’s Secret подиумында көзге түскен Анок Яй туралы не білеміз?

Victoria’s Secret подиумында көзге түскен Анок Яй туралы не білеміз?

Айзат Айдарқызы
Фото: Getty images

18 қазанда Лос-Анджелесте өткен Victoria’s Secret Fashion Show 2026 сән көрсетілімінде әлемге танымал модельдердің бірі Анок Яй де подиумға шықты. Оның қызғылт гүл күлтелеріне ұқсас элементі бар ерекше образы көптің көзіне түсті. Бұл – модельдің әйгілі брендтің шоуына үшінші рет қатысуы. Ал Аноктың сән индустриясындағы жолы кездейсоқ түсірілген фотодан басталған. 

Анок Яй кім?

Анок Яй – оңтүстік судандық тамыры бар америкалық модель. Ол 1997 жылы 20 желтоқсанда Мысыр астанасы Каирде дүниеге келген. Кейін отбасы АҚШ-қа қоныс аударып, Нью-Гэмпшир штатындағы Манчестер қаласына орналасқан.

Болашақ модельдің балалық шағы сән әлемімен байланысты болған жоқ. Ол мектепте оқып жүргенде спортқа қызығып, баскетбол, волейбол ойнап, жеңіл атлетикамен айналысқан. Ал жоғары оқу орнында биохимия мамандығын таңдаған. Оның бастапқы мақсаты модель болу емес, медицина саласында білім алып, дәрігер атану еді.

Алайда 2017 жылы болған оқиға Аноктың өмірін түбегейлі өзгертті. Vogue басылымының мәліметінше, сол жылы ол Вашингтондағы Гарвард университетінің дәстүрлі түлектер кездесуіне барған. Дәл сол жерде фотограф Стивен Холл оны суретке түсіріп, Instagram парақшасына жариялаған.

Фотосурет әлеуметтік желіде тез таралып, Аноктың келбеті сән индустриясы өкілдерінің назарын аударған. Осылайша, биохимияны оқып жүрген студенттің күтпеген жерден модельдік мансабы басталды.

Prada тарихындағы орны

Анок Яйдың танымалдылығы әлеуметтік желідегі бір суретпен шектелген жоқ. 2018 жылы ол Prada сән үйінің көрсетілімін ашқан алғашқы қара нәсілді модель атанды. Бұған дейін, 1997 жылы, дәл осындай мәртебеге супермодель Наоми Кэмпбелл ие болған еді.

Бұл оқиға сән индустриясында нәсілдік әртүрлілік пен сұлулық туралы қалыптасқан түсініктер тұрғысынан маңызды қадам болды. Аноктың жетістігі қара нәсілді қыздардың да әлемдік сән подиумында жетекші орын ала алатынын көрсетті.

Осы көрсетілімнен кейін оның мансабы жылдам өрледі. Модель халықаралық сән апталықтарына қатысып, танымал сән үйлерінің коллекцияларын таныстыра бастады. Ол Versace, Fendi, Burberry және Louis Vuitton секілді брендтердің көрсетілімдеріне қатысты.

2018 жылы Анок Estee Lauder косметикалық брендінің халықаралық өкілдерінің бірі атанды. Бұл оның сән подиумындағы ғана емес, сұлулық индустриясындағы да ықпалын арттырды.

Victoria’s Secret шоуына қалай келді?

Victoria’s Secret Fashion Show – сән индустриясындағы ең танымал көрсетілімдердің бірі. Мұнда әлемге әйгілі модельдермен қатар жаңа есімдер де танылады. Ал брендтің «періштелері» атану модельдердің кәсіби мансабындағы елеулі жетістіктердің бірі саналады.

Анок Яй Victoria’s Secret подиумына алғаш рет 2024 жылы шықты. Кейін 2025 жылы да көрсетілімге қатысып, қанатты образдарымен көзге түсті. 2026 жылғы шоу оның бренд сахнасына үшінші рет оралуы болды.

Биылғы көрсетілімде модель қызғылт гүл күлтелерін елестететін көлемді декормен безендірілген образ киді. Мүсіндік пішіндегі киім мөлдір өкшелі аяқкиіммен үйлестіріліп, образдың басты назарын ерекше дизайнға аударды. Оның макияжында да қызғылт реңктер бар.

Victoria’s Secret-тің ресми шоу парақшасында Анок Яй биылғы көрсетілімге қатысатын модельдердің қатарында алдын ала жарияланған. 

Оқи отырыңыз

{