Үйлену тойы тағы кейінге қала ма? Роналду мен Джорджинаның махаббат хикаясы

Үйлену тойы тағы кейінге қала ма? Роналду мен Джорджинаның махаббат хикаясы

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Испаниялық БАҚ Криштиану Роналду мен Джорджина Родригестің 1 тамызда үйленетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды. Он жылдан бері бірге келе жатқан Роналду мен Джорджина неге әлі күнге дейін ресми некеге тұрмаған? Джорджина кім және олардың отбасы туралы не белгілі?

Бутик қызметкері болған

Джорджина Родригес 1994 жылы Испанияның Хака қаласында дүниеге келген. Бала кезінен балетпен айналысып, кейін Англияда ағылшын тілін меңгерген. Біраз уақыт даяшы болып жұмыс істеп, кейін Мадридтегі Gucci сән үйінде сатушы-консультант қызметін атқарған.

Фото: journaldesfemmes.fr

Дәл осы бутикте 2016 жылы Криштиану Роналдумен танысады. Кейін екеуі бұл кездесудің тағдырларын өзгерткенін бірнеше рет айтқан. Сол кезден бастап Джорджина сән әлеміне қадам басып, модель ретінде танылды. Қазір ол Louis Vuitton, Prada, Guess секілді әлемдік брендтермен жұмыс істейді, әлеуметтік желілерде ондаған миллион оқырманы бар инфлюенсер саналады.

2022 жылы Netflix платформасында оның өмірі туралы «I Am Georgina» деректі реалити-шоуы жарық көріп, үлкен қызығушылық тудырды.

Он жылдық махаббат

Роналду мен Джорджина 2016 жылдан бері бірге. Осы уақыт ішінде олар әлемнің бірнеше елінде өмір сүрді. Футболшының мансабына байланысты Испаниядан Италияға, кейін Англияға, ал қазір Сауд Арабиясына қоныс аударды.

Фото: Supplied

Жұлдызды жұптың қарым-қатынасы үнемі қоғам назарында болғанымен, жеке өміріне қатысты мәліметті көп жариялай бермейді.

Бес баланы тәрбиелеп отыр

Қазір отбасы бес баланы тәрбиелеп отыр. Роналдудың тұңғыш ұлы Криштиану Роналду кіші 2010 жылы дүниеге келген. 2017 жылы суррогат анадан егіздері – Ева мен Матео өмірге келді.

Фото:  @cristiano Instagram

Сол жылы Джорджина алғашқы қызы Алана Мартинаны дүниеге әкелді. 2022 жылы жұп егіз сәбилер күтетінін хабарлаған еді. Алайда дүниеге келу кезінде ұлдары қайтыс болып, қыздары Белла Эсмеральда аман қалды. Бұл оқиға Роналду мен Джорджина өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болғанын екеуі де кейін бірнеше сұхбатында айтқан.

Үйлену тойы неге әлі болмады?

2025 жылы Криштиану Роналду Джорджинаға ресми түрде сөз салып, жұптың құда түскені белгілі болды. Осыдан кейін олардың жақын арада үйленетіні туралы түрлі қауесет жиілей түсті.

Алайда футболшының өзі үйлену тойын асықпай жоспарлап жүргенін айтқан. Оның сөзінше, салтанатты рәсім 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатынан кейін өтуі мүмкін. Сондай-ақ Джорджина көпшілік жиналатын сән-салтанатты емес, тек ең жақын адамдары қатысатын шағын той өткізуді қалайтынын жеткізген.

Неліктен соңғы қауесет шындыққа жанаспайды?

Жақында португалиялық V+ Fama бағдарламасы Роналду мен Джорджинаның 1 тамызда өтетін үйлену тойына арналған шақырту қағазын көрсетті. Онда той Португалиядағы әйгілі Кинта-да-Регалейра сарай кешенінде өтетіні жазылған.

Фото: Кинта-да-Регалейра сарай кешені, Синтра, Португалия / davidmonteiro.me

Бірақ испаниялық Hola! басылымы бұл мәліметті жоққа шығарды. Себебі дәл сол күні тарихи кешен туристер үшін ашық болып қала береді әрі кешке әнші Сильвана Перестің концерті жоспарланған. Бұдан бөлек, мұндай ауқымды шара Джорджинаның өзі қалайтын қарапайым отбасылық форматқа сәйкес келмейді.

Сондықтан әзірге Роналду мен Джорджинаның нақты қашан үйленетіні белгісіз. Дегенмен он жылдан бері бірге өмір сүріп, бес баланы тәрбиелеп отырған жұптың махаббат хикаясы әлем жұртшылығының қызығушылығын әлі де жоғалтқан жоқ.

Біз бұған дейін танымал футболшы Марк Кукурелья неге «Барселонадан» бас тартып, «Реалды» таңдағаны туралы жазған едік.

Оқи отырыңыз

{