Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдарыБаланың болашағына мектептегі білімі ғана емес, сабақтан тыс уақытта немен айналысатыны да әсер етеді. Бірі бірнеше үйірмеге қатысып, қосымша білім алса, енді бірі тұрғылықты жеріне немесе отбасының қаржылық жағдайына байланысты мұндай мүмкіндіктен шектелуі мүмкін. Демек, барлық бала мектепке бірдей оқулықпен барғанымен, олардың білім алу мен қабілетін дамыту мүмкіндігі бірдей емес.
Білім беру саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Жазира Асанованың айтуынша, балалар арасындағы теңсіздік мектеп табалдырығынан басталмайды. Оның негізі отбасындағы жағдай мен баланың қоршаған ортасында қалыптасады.
Сыныптағы балалардың оқулықтары мен оларға қойылатын талаптар бірдей болуы мүмкін. Алайда сабақтан тыс уақытта олардың мүмкіндіктері әртүрлі. Бір баланың қосымша білім алуға, тәлімгермен жұмыс істеуге жағдайы болса, екіншісінің отбасында оған уақыт та, қаражат та жетпеуі мүмкін. Тіпті интернет сапасы мен үйірмеге жету үшін қажет көлік мәселесінің өзі баланың дамуына әсер етеді. Уақыт өте келе бұл айырмашылықтар оның өзіне деген сенімінен, қызығушылығынан және оқу нәтижесінен байқалады, – дейді сарапшы.
3,5 миллион бала үйірмеге барады
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда 3,5 миллион бала қосымша біліммен қамтылған. Оның 2,2 миллионы тегін үйірмелер мен спорт секцияларына қатысады. Бұл – ауқымды көрсеткіш. Дегенмен үйірмеге қатысатын балалардың саны олардың барлығы қалаған бағытын таңдай алады дегенді білдірмейді.
Мысалы, екі бала да статистика бойынша үйірмеге қатысады делік. Біріншісі үйінің жанындағы бірнеше секцияның бірін таңдай алады. Ал екіншісіне қолжетімді жалғыз үйірмеге баруға тура келеді. Кейбір өңірлерде қосымша білім беруге арналған ваучер кезегінде 15 мыңнан астам бала тұруы мүмкін. Бұл сұраныстың жоғары екенін және қызметтің барлығына бірдей қолжетімді еместігін көрсетеді.
Баланың қосымша білімі қанша тұрады?
Үйірмеге қатысу мүмкіндігі көбіне отбасының қаржылық жағдайына да байланысты. Сарапшы 2026 жылғы ашық ұсыныстарды зерттеп, қосымша білім беру қызметтерінің бағасын салыстырған.
Мәселен, ірі қалалардағы жекеменшік дамыту орталықтарында сегіз сабақтың құны 25-45 мың теңге аралығында. Кейбір облыс орталықтарында бұл баға 12-32 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік ұйымдардағы ақылы үйірмелердің бағасы 1 200 теңгеден 15 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ауылдар мен аудан орталықтарында орташа баға 5 мың теңгеден аспайды.
Алайда бағаның төмен болуы баланың таңдау мүмкіндігі мол деген сөз емес. Ауылда сурет немесе музыка үйірмесі болғанымен, бала робототехникамен, жүзумен немесе шет тілімен айналысқысы келуі мүмкін. Бірақ ол үшін көрші ауданға баруға тура келеді. Көлік қатынасы мен сабақ кестесі қолайсыз болса, баланың қызығушылығын дамыту қиынға соғады.
Сарапшының есебінше, отбасы үш үйірмеге ай сайын 25 мың теңгеден төлесе, жалпы шығын 75 мың теңге болады. Төрт үйірме болса, бұл сома 100 мың теңгеге жетеді. Тоғыз оқу айында бір балаға 675-900 мың теңге жұмсалады. Оның үстіне жолақы, арнайы киім, оқу құралдары мен жарыстарға қатысу шығындары тағы бар.
Бұдан бөлек, ата-ананың уақыты да маңызды. Мәселен, жұмыс күні кешкі сағат алтыда аяқталатын ата-ана баласын сағат бесте басталатын үйірмеге апарып үлгермеуі мүмкін. Ауылға қатынайтын соңғы автобус сабақ аяқталғанға дейін жүріп кетсе, мәселе тіпті күрделене түседі.
Онлайн сабақтар да барлық балаға бірдей қолжетімді емес. Оған тұрақты интернет пен қажетті құрылғы керек.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау қажет
Қосымша үйірмелерден бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдаудың да маңызы зор. Мұндай балалардың кейбіріне оқу бағдарламасын бейімдеу қажет болса, енді біріне логопед, дефектолог немесе басқа мамандардың тұрақты көмегі керек.
Бұл қызметтерді баланың бос уақытындағы үйірмелермен шатастыруға болмайды. Өйткені мамандардың көмегі олардың білім алу процесіне толыққанды қатысуы үшін қажет.
Жазира Асанованың айтуынша, жеке логопед сабағының бағасы 5 мың теңгеден, ал арнайы педагог (дефектолог) қызметі 8,5 мың теңгеден басталады. Әр маманға аптасына бір рет барудың өзі ай сайын отбасы бюджетіне салмақ түсіреді.
Қазақстанда мұндай балаларға мемлекет есебінен тегін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қарастырылған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала есепте тұр. Елімізде 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді.
Дегенмен қызметтің болуы мен оны уақытында алу – екі бөлек мәселе. Кейбір отбасылар қажетті маманды ұзақ күтуі немесе көмек алу үшін басқа елді мекенге баруы мүмкін. Сондықтан мұндай қызметтердің қолжетімділігін бағалағанда олардың санымен қатар, кезек ұзақтығы мен орналасқан жерін де ескеру қажет.
Баланың дамуына мәдени ортаның әсері
Француз әлеуметтанушысы Пьер Бурдье ғылымға «мәдени капитал» деген ұғым енгізген. Бұл – адамның отбасынан және қоршаған ортасынан жинайтын білімі, сөйлеу мәдениеті, әдеттері, мәдени тәжірибесі мен қарым-қатынас дағдылары.
Мысалы, үйінде кітап оқылып, оқыған шығарманы талқылау әдетке айналған бала өз ойын жеткізуге, сұрақ қоюға және пікір білдіруге ертерек дағдылануы мүмкін. Ал музейге, театрға, кітапханаға жиі баратын балалардың таным көкжиегі кеңейеді.
Мұндай тәжірибе баланың мектептегі үлгеріміне де ықпал етуі мүмкін. Өйткені білім тек сыныпта қалыптаспайды. Оның бір бөлігі отбасында, достарымен қарым-қатынаста және сабақтан тыс ортада жинақталады.
Бала көп нәрсені мектептен тыс жерде үйренеді. Үйде, құрдастарымен араласқанда, үйірмелерде, кітапханаларда жаңа дағдыларды меңгереді. Алғашқы сабақ оның бойындағы қызығушылықты оятуы мүмкін. Кейін тәлімгер тауып, тәжірибе жинайды, байқауларға қатысады және болашақ мамандығы туралы ойлана бастайды. Ал шалғай ауылдағы бала үшін мұндай мүмкіндіктерді пайдалану көбірек уақыт пен қаражатты талап етеді. Бұл оның қабілеті төмен деген сөз емес. Тек сол қабілетін дамытуға мүмкіндік табу қиынырақ, – дейді сарапшы.
Баланың отбасындағы білім беру ортасының маңызын халықаралық зерттеулер де ескереді. Мәселен, PISA зерттеуінің 2000, 2009, 2018 және 2022 жылдардағы кезеңдерінде оқушылардан үйінде оқулықтарды есептемегенде қанша кітап бар екені сұралған. Бұл көрсеткіш баланың отбасындағы білім беру ортасы мен оқу нәтижелерінің байланысын зерттеуге көмектеседі.
Мектеп білім алшақтығын азайта ала ма?
Балалардың барлығын бірдей отбасында тәрбиелеу немесе олардың тұрмыстық жағдайын теңестіру мүмкін емес. Бірақ мектеп білім алу кезіндегі айырмашылықтарды азайтуға ықпал ете алады.
Мысалы, бесінші сынып оқушысы математикадағы бөлшектер тақырыбын түсінбесе, келесі тақырыптарды меңгеру оған қиындай түседі. Егер мұғалім бұл олқылықты дер кезінде байқамаса, бірнеше жылдан кейін оқушының математикадан үлгерімі төмендеуі мүмкін. Ал ата-ана баласына қосымша мұғалім жалдауға мәжбүр болады.
Сондықтан сарапшы мектептегі басты міндеттердің бірі – баланың біліміндегі олқылықтарды ерте анықтап, уақытында көмек көрсету екенін айтады.
Мектеп балалар арасындағы алшақтықты азайту үшін оқушының нені түсінбегенін анықтап, қосымша қолдау ұйымдастырып, нәтижесін бақылауы керек. Ол үшін жеке кеңес беру, шағын топтармен жұмыс істеу және мұғалімдердің психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарымен бірлескен жұмысы қажет, – дейді Асанова.
Оның пікірінше, мұның бәрі сапалы сабақтан басталады. Мұғалімге сабаққа дайындалуға, оқушылардың білімін талдауға және әр баланың қажеттілігіне қарай оқыту тәсілін өзгертуге уақыт қажет. Ал артық әкімшілік міндеттер мұғалімнің негізгі жұмысына кедергі келтірмеуі керек. Егер мектеп оқушының барлық білім олқылығын ата-анасы қосымша сабақ арқылы өз қаражатына толықтыруы керек деп есептесе, әлеуметтік теңсіздік одан әрі күшеюі мүмкін.
Сарапшы үйірмелердің қолжетімділігін бағалау үшін тек облыстық көрсеткіштерге сүйену жеткіліксіз екенін айтады. Аудан, ауыл және шағын аудандар бойынша да нақты деректер қажет. Мәселен, әр мың балаға шаққанда қанша үйірме бар, қанша оқушы тегін сабақтарға тұрақты қатысады, үйірмеге жету үшін қанша уақыт жұмсалады, ваучер мен маман көмегін алу кезегі қанша уақытқа созылады деген сұрақтарға жауап болуы керек.
Осы мәліметтер арқылы қай жерде жаңа үйірме ашу, қай жерде көлік қатынасын ұйымдастыру немесе қосымша маман тарту қажеттігін анықтауға болады.
Балаларға тең мүмкіндік жасау үшін не істеу керек?
Баланың дамуына тек мектеп пен ақылы үйірмелер ғана әсер етпейді. Ата-ана үйде кітап оқып, баласымен бірге талқылау жүргізсе, мәдени іс-шараларға барса немесе тегін оқу материалдарын пайдаланса да, оның таным көкжиегін кеңейте алады.
Сарапшының айтуынша, ата-аналар баласының әр кешін ақылы сабақтармен толтыруға міндетті емес. Ең маңыздысы – баланың қызығушылығын қолдап, жаңа нәрсені үйренуіне жағдай жасау.
Басқа елдердің тәжірибесінде де отбасыларға көмектесетін бағдарламалар бар. Мысалы, Сингапурда әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балаларына арналған kidsREAD бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында еріктілер балалармен тұрақты түрде кітап оқып, олардың сөйлеу дағдысын, сөздік қорын және кітапқа деген қызығушылығын дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар қоғамдық кітапханаларда балалар мен ата-аналарға арналған түрлі сабақтар өткізіледі.
Қазақстан үшін де тегін білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттың қолжетімді болуы маңызды. Ата-аналар мемлекеттік тапсырыс аясында қандай үйірмелерге тегін қатысуға болатынын және мектеп қандай қолдау ұсынатынын оңай білуі керек. Қазір мұндай ақпаратты әртүрлі сайттардан, чаттардан, хабарландырулардан іздеп, телефон арқылы нақтылауға тура келеді. Бұл әсіресе ауылдар мен аудан орталықтарындағы отбасылар үшін қиындық тудыруы мүмкін.
Сарапшының пікірінше, бұл мәселеде әр мекеменің өз міндеті бар. Мектеп білім сапасына, оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтауға және қажетті қолдау көрсетуге жауапты. Жергілікті басқару органдары үйірмелердің, көлік қатынасының және қоғамдық орындардың қолжетімділігін қамтамасыз етуі керек. Ал мәдениет мекемелері мен әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес өкілдері балаларға арналған ұзақ мерзімді бағдарламаларды жүзеге асыра алады.
Білім алудағы тең мүмкіндіктің басты өлшемі – ашылған үйірмелердің саны немесе барлығына бірдей сабақ кестесінің ұсынылуы емес. Ең маңыздысы – баланың отбасының табысы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, негізгі оқу бағдарламасын меңгеруі, қажетті көмекті алуы және өзі қызығатын бағытта қабілетін сынап көруіне мүмкіндік болуы. Мұндай жағдайды тек мектептің немесе отбасының күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл үшін білім беру жүйесі, мәдениет мекемелері, жергілікті басқару органдары және басқа да тараптар бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттің міндеті – барлық отбасының өмір сүру жағдайын бірдей ету емес, олардың арасындағы айырмашылық балалардың білім алу болашағын айқындап кетпеуіне жағдай жасау, – деп түйіндеді Жазира Асанова.
Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді5 Қараша, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар