30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін тарихи мекеніне қайта оралған Амур жолбарысы Үміт табиғи ортаға бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Алғашқы он күндік мониторинг оның өздігінен аң аулап, жаңа аумақта дербес тіршілік ете бастағанын көрсетті.
Үміт алғашқы күндері не істеді?
2026 жылғы 31 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Үміт «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жіберілді. Бұл Қазақстанда жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару бағдарламасының алғашқы практикалық қадамы болды.
Жолбарыс табиғи ортаға жіберілгеннен бері мамандар оның қозғалысын күн сайын бақылап келеді. Үміттің жүріп өткен бағыты GPS/GSM спутниктік қарғыбауы арқылы анықталады. Ал жыртқыш барған аумақтарға кейін мамандар барып, далалық зерттеу жүргізеді.
Мониторингтің алғашқы күндерінде Үміттің өздігінен аң аулай алатыны анықталды. Ол қасқырды аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенген. Кейін жабайы қабанды да ұстаған.
Мамандар үшін бұл – маңызды көрсеткіш. Өйткені жолбарыстың табиғи ортада өз бетімен қорек табуы оның жаңа экожүйеге бейімделіп келе жатқанын білдіреді.
Қазір Үміттің қозғалысы тұрақты бақылауда. Мамандар оның аумақты игеруін, мінез-құлқын және табиғи ортаға бейімделуін зерттеуді жалғастырып жатыр.
Жолбарыс Қазақстанға қалай жеткізілді?
Жолбарысты тарихи мекеніне қайтару жұмыстары бір күнде басталған жоқ. Бағдарламаға дайындық 10 жылдан астам уақыт жүргізілді.
Осы кезеңде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, жолбарыстың табиғи ортада тіршілік етуіне қажетті жағдайлар жасалды. Оның негізгі қорегі саналатын жабайы тұяқты жануарлардың санын көбейту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар арнайы бейімдеу вольерлері салынып, ғылыми мониторинг жүйесі қалыптастырылды.
2026 жылғы мамырда Ресейдің қолдауымен Қазақстанға табиғи ортадан алынған төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Олардың арасында екі ересек және 6–7 айлық екі жолбарыс бар.
Жануарлар «Іле-Балқаш» резерваты аумағындағы арнайы вольерлерге орналастырылып, табиғи ортаға бейімделу кезеңінен өтті.
Үмітті табиғатқа жібермес бұрын қандай тексерулер жүргізілді?
Табиғи ортаға шығар алдында Үміт толық ветеринариялық тексеруден өтті. Мамандар оның денсаулығын, мінез-құлқын, аңшылық қабілетін және адамның қатысуына реакциясын бағалады.
Тексеру нәтижесінде оның табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екені анықталды.
Жолбарысқа GPS/GSM спутниктік қарғыбауы тағылды. Сонымен бірге оның қозғалысын бақылау үшін фототұзақтар желісі және басқа да заманауи бақылау құралдары пайдаланылып отыр.
Бұл мамандарға Үміттің нақты қай аумақта жүргенін, қаншалықты қашықтыққа қозғалатынын және жаңа мекенге қалай бейімделіп жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Неліктен жолбарыс Іле-Балқаш өңіріне жіберілді?
Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы тарихи тұрғыдан жолбарыстың мекені болған. Бұл аумақта кезінде Тұран жолбарысы тіршілік еткен.
Өзен бойындағы тоғайлы ормандар мен қоректік базаның мол болуы ірі жыртқыштың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастырған.
Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлардың қысқаруы, жабайы тұяқты жануарлар санының азаюы және браконьерлік салдарынан жолбарыс Қазақстан аумағынан жойылды.
Соңғы жетпіс жылдан астам уақытта Қазақстан табиғатында бұл жыртқыш кездеспеген.
Амур жолбарысы неге таңдалды?
Қазіргі ғылыми зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан бір-біріне өте жақын екенін көрсетеді. Осы себепті Амур жолбарысы тарихи ареалда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге қолайлы бастапқы популяция ретінде қарастырылады.
Жолбарыстың қайта оралуы тек бір жануар түрін сақтауға бағытталған жоба емес. Жыртқыш қоректік тізбектің жоғарғы бөлігінде орналасатындықтан, оның мекенге қайта келуі тұтас экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге ықпал етуі мүмкін.
Қалған жолбарыстар қашан табиғатқа жіберіледі?
Қазақстанға жеткізілген 6-7 айлық екі жолбарыс әзірге арнайы жабдықталған вольерлерде өсіп-жетіліп келеді. Олар 18 айға толғанға дейін мамандардың бақылауында болады.
Әр жануардың денсаулығы мен мінез-құлқы жеке бағаланады. Ветеринариялық тексерулер мен қажетті сынақтар аяқталғаннан кейін ғана оларды табиғи ортаға жіберу туралы шешім қабылданады.
Ал аталық жолбарыс та қажетті мінез-құлық сынақтарынан өтуді жалғастырып жатыр.
Жолбарыстарды қайтарудың түпкі мақсаты қандай?
Үміттің табиғи ортаға жіберілуі – ауқымды бағдарламаның алғашқы кезеңі ғана. Алдағы уақытта қалған жолбарыстар да дайын болған сайын табиғи ортаға шығарылмақ.
Жобаның түпкі мақсаты – Іле өзені бойы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде жолбарыстың тұрақты популяциясын қалыптастыру.
Ал Үміттің алғашқы он күндегі нәтижесі әзірге үміттенуге негіз бар екенін көрсетті: ол жаңа аумақты игеріп, өздігінен аң аулап, табиғи жағдайда тіршілік ету қабілетін танытып отыр. Мамандар үшін ендігі маңызды міндет – оның ұзақ мерзімді бейімделуін бақылау және болашақ популяцияның қауіпсіз әрі тұрақты қалыптасуына жағдай жасау.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды