Ұлттық парктерге кіру тегін: туризм саласында тағы қандай өзгеріс бар?

Ұлттық парктерге кіру тегін: туризм саласында тағы қандай өзгеріс бар?

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Елімізде қонақүйлер мен демалыс орындарының саны артып, туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2030 жылға дейін салаға 972,8 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. 

Қонақүйлер көбейіп, инвестиция көлемі артты

Ішкі туризмнің өсуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – туристерді орналастыру орындары желісінің кеңеюі. Егер 2021 жылы Қазақстанда қонақүйлер, шипажайлар, демалыс базалары және басқа да орналастыру орындарының саны 3 686 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 482-ге жеткен. Осылайша, төрт жылда олардың саны 20 пайыздан астамға артты.

Туристік инфрақұрылымның дамуы инвестиция тартумен қатар жүріп жатыр. 2025 жылы салада жалпы құны 345 млрд теңге болатын 95 жоба жүзеге асырылды. Ал 2030 жылға дейінгі инвестициялық пулға жалпы сомасы 972,8 млрд теңгені құрайтын 221 жоба енгізілген.

Кәсіпкерлерді қолдау үшін 2022 жылдан бері шығындарды азайтуға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жеті мемлекеттік қолдау шарасы іске асырылып келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Даму Банкі ірі туристік жобаларды жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікпен қаржыландырады. Бағдарламаның жалпы көлемі – 150 млрд теңге.

Қандай туристік бағыттар дамытылады?

Қазақстанда танымал туристік аумақтарды кешенді дамытуға басымдық беріліп отыр. 2025 жылы үш негізгі бағыт бойынша даму жоспарлары әзірленді. Олар – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Маңғыстау және Алматы тау кластері.

Жоспарларда туристерге арналған орналастыру орындарын салу, инженерлік желілер мен жолдарды дамыту, көлік қатынасын жақсарту және туристік нысандардың аумағын абаттандыру көзделген.

Сонымен қатар табиғи аумақтар мен тарихи-мәдени нысандарды дамытуға ерекше назар аударылады.

Елді мекендерден тыс орналасқан туристік нысандар үшін де қосымша мүмкіндіктер қарастырылған. Енді жергілікті атқарушы органдар мұндай нысандарды, соның ішінде ұлттық табиғи парктер аумағындағы туристік орындарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алады.

Туристер үшін қандай өзгерістер болады?

Туристік бағыттардағы жағдайды жақсарту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2021–2025 жылдары Қазақстанда 483 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Оның 110-ы тек 2025 жылы пайдалануға берілген.

Туризм саласындағы заңнамаға да өзгерістер енгізілді. 2026 жылы туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша заң қабылданды. Құжат гидтердің, визит-орталықтар мен туристік ақпараттық орталықтардың қызметін реттейді.

Сонымен қатар туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» енгізу қарастырылған. Бұл туристік тасымалды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Отбасылық демалысқа қатысты да жаңалық бар. Енді 18 жасқа дейінгі балалар мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағына тегін кіре алады.

Осылайша, ішкі туризмді дамыту жұмыстары қонақүйлер санын көбейтумен ғана шектелмей, туристік бағыттардың қолжетімділігін арттыруды, инфрақұрылымды жақсартуды және саяхатшыларға қолайлы жағдай жасауды қамтиды.

Оқи отырыңыз

{