Үкімет тарап, вице-президент тағайындалады: 28 тамызда қандай шешімдер қабылданады?

Үкімет тарап, вице-президент тағайындалады: 28 тамызда қандай шешімдер қабылданады?

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанның саяси жүйесіндегі ауқымды өзгерістердің бірі мәресіне жақындады. Былтыр бір палаталы Парламент құру туралы бастама ретінде көтерілген мәселе биыл жаңа Конституцияның қабылдануына, Құрылтайдың құрылуына және оның алғашқы депутаттарының сайлануына ұласты.

Бір палаталы Парламент құру бастамасы қалай көтерілді?

28 тамызда бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтеді. Осы жиыннан бастап жаңа заң шығарушы органның бес жылдық өкілеттік мерзімі ресми түрде басталады. Ал алғашқы сессия тек депутаттардың бас қосуы емес, жаңа Үкіметті қалыптастыруға және мемлекеттік биліктің жаңартылған моделін іс жүзінде іске қосуға жол ашатын кезең болмақ.

Қазақстанның екі палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшуі туралы бастама алғаш рет 2025 жылғы 8 қыркүйекте жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елде бір палаталы Парламент құру мәселесін көтерді. Сол кезде президент мұндай өзгерістің саяси жүйе үшін маңызы зор екенін айтып, оны жан-жақты талқылау қажеттігіне назар аударған еді.

Президент жаңа Парламентті партиялық тізім бойынша сайлау жөніндегі ұстанымын да сол кезде білдірді. Бастапқыда реформаны талқылауға бір жыл уақыт беріп, референдумды 2027 жылы өткізу мүмкіндігі айтылған болатын. Алайда саяси реформаның жүзеге асу мерзімі жеделдеп, жаңа Конституция жобасы 2026 жылдың басында әзірленіп, 15 наурызда республикалық референдумға шығарылды.

Референдумға 9 млн 127 мыңнан астам азамат, яғни дауыс беру құқығы бар азаматтардың 73,12%-ы қатысты. Оның 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдады. Осылайша, елдің мемлекеттік құрылымына бірқатар өзгеріс енгізген жаңа Ата заң қабылданды.

Жаңа Конституцияда бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылатыны бекітілді. Сондай-ақ вице-президент институты енгізіліп, Үкімет пен заң шығарушы органның өзара қарым-қатынасы жаңаша айқындалды.

Құрылтай қандай орган?

Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай – Қазақстандағы заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Оның құрамына 145 депутат кіреді. Олар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйемен сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Бұрынғы Парламент Мәжілісі мен Сенаттың өкілеттіктерінің негізгі бөлігі енді бір органға шоғырланды. Құрылтай конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдайды, республикалық бюджет пен оның орындалуын қарайды, президенттің премьер-министр мен вице-президентті тағайындауына келісім береді.

Сонымен қатар Конституциялық сот судьяларының, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерінің бірқатарын тағайындауға келісім беру де Құрылтай құзыретіне кіреді.

Құрылтай Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жүргізе алады. Депутаттардың кемінде үштен бірінің бастамасымен Үкімет мүшесінің есебін тыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Ал депутаттардың кемінде бестен бірінің бастамасымен Үкіметке сенімсіздік вотумы мәселесі көтерілуі мүмкін.

Осылайша, реформа тек Парламент палаталарының санын қысқартумен шектелген жоқ. Заң шығару мен саяси жауапкершіліктің негізгі тетіктері бір өкілді органның қолына өтті.

Алғашқы Құрылтай сайлауы қалай өтті?

Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев №1338 Жарлыққа қол қойып, Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын 23 тамызға белгіледі. Орталық сайлау комиссиясына сайлауды ұйымдастыру, ал Үкімет пен әкімдіктерге қажетті ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық шараларды қабылдау тапсырылды.

Сайлау толықтай партиялық тізім бойынша өтті. 145 мандат үшін елдегі саяси партиялар өз кандидаттарын ұсынды. Сайлау заңнамасында партиялық тізімдер мен мандаттарды бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық жиынтық квота қарастырылған.

23 тамыздағы дауыс беруге 9 351 539 азамат қатысты. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген 12 623 289 адамның 74,08%-ын құрады. Дауыс беру барысын 51 мыңнан астам ұлттық және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 777 байқаушы бақылады.

Сайлауға қатысқан жеті партияның бесеуі 5 пайыздық межеден өтті.

Құрылтайдағы 145 мандат қалай бөлінді?

Орталық сайлау комиссиясы 25 тамызда сайлаудың ресми қорытындысын бекітті. Ең жоғары нәтижені «Әділет» партиясы көрсетті. Партия 6 528 948 сайлаушының немесе дауыс бергендердің 71,17%-ының қолдауына ие болып, Құрылтайдағы 145 мандаттың 110-ын алды.

«Ауыл» партиясы 6,26% дауыс жинап, 10 мандатқа ие болды. Respublica партиясын сайлаушылардың 5,56%-ы қолдап, оған 9 орын берілді. «Ақ жол» партиясы 5,21% дауыспен 8 мандат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 5,11% дауыспен 8 мандат алды.

«Байтақ» жасылдар партиясы 1,07%, Қазақстан Халық партиясы 3,11% дауыс жинап, бес пайыздық межеден өте алмады. «Бәріне қарсымын» бағанын сайлаушылардың 2,51%-ы таңдады.

Нәтижесінде бірінші шақырылымдағы Құрылтайда бес саяси партия өкілдік етеді. «Әділет» партиясының 110 мандат алуы оған Құрылтайдағы айқын басымдықты қамтамасыз етті.

Президент депутаттарға қандай міндет жүктеді?

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Құрылтай депутаттарының жұмысына қатысты негізгі талаптарды бұған дейін де атаған. Мемлекет басшысы депутаттардың жауапкершілігі тек заң қабылдаумен шектелмеуге тиіс екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, депутаттар ең алдымен қабылданатын заңдардың сапасына жауап береді. Сонымен бірге сайлау кезінде берілген уәделер мен әзірленген бағдарламалардың орындалуы да олардың саяси жауапкершілігінің бір бөлігі болуы керек. Қабылданатын заңдардың түпкі мақсаты елдің дамуына қызмет етуге тиіс.

Бұл талап жаңа Құрылтайдың алғашқы шақырылымына ерекше салмақ түсіреді. Өйткені бірінші құрам жаңа парламенттік модельдің жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастырады.

Алғашқы сессия 28 тамызда өтеді не күтеміз? 

26 тамызда Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Құрылтайдың бірінші сессиясы 2026 жылғы 28 тамызда сағат 11:00-де Астана қаласында басталады.

Заң бойынша Құрылтайдың бірінші сессиясын Президент сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін 30 күннен кешіктірмей шақырады. Құрылтай Төрағасы сайланғанға дейін алғашқы сессия отырыстарына Орталық сайлау комиссиясының төрағасы төрағалық етеді. Ал Құрылтай сессиясын, әдетте, Мемлекет басшысы ашады. Ең бастысы, бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бес жылдық өкілеттігі дәл осы алғашқы сессия ашылған сәттен басталады.

Алғашқы отырыс жаңа органның институционалдық құрылымын қалыптастырудан басталады. Президент Құрылтай Төрағасы лауазымына кандидатура ұсынады. Құрылтай басшысы мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Бұдан бөлек, Құрылтайдың тұрақты комитеттері құрылады. Конституциялық заңға сәйкес, олардың саны сегізден аспауға тиіс. Комитеттердің саны мен атауын депутаттар айқындайды және оларды қалыптастыру кезінде партиялық фракциялардың өкілдігі ескеріледі.

Демек алғашқы сессия барысында Құрылтайдың басшылығы, ішкі құрылымы мен алдағы заң шығару жұмысының негізгі тетіктері қалыптаса бастайды. Бұған қоса, депутаттардың алдында бірден бірнеше маңызды кадрлық мәселе тұрады.

Жаңа Үкімет жасақталады

Құрылтай жұмысының басталуы атқарушы билікке де тікелей әсер етеді. Конституцияның 69-бабына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін доғарады.

Осыдан кейін жаңа Министрлер кабинетін қалыптастыру рәсімі басталады. Президент Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялардың фракцияларымен консультация өткізген соң премьер-министрдің кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынады. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен келісім берген жағдайда Президент премьер-Министрді тағайындайды.

Жаңа премьер-министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Президентке Үкіметтің құрылымы мен құрамы жөнінде ұсыныс енгізуге тиіс. Одан кейін Үкімет мүшелерін тағайындау рәсімі жүреді. Конституция бойынша Президент Құрылтаймен консультациядан кейін премьер-министр ұсынған Үкімет мүшелерін тағайындайды. Ал сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлерін Мемлекет басшысы дербес тағайындайды.

Сондықтан Құрылтайдың жұмысын бастауы Үкімет құрамындағы ықтимал кадрлық өзгерістермен қатар жүруі мүмкін.

Жаңа саяси кезең басталады

28 тамыздағы алғашқы сессияны тек жаңа депутаттардың жұмысқа кірісуі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – 2025 жылдың қыркүйегінде басталған парламенттік реформаның институционалдық тұрғыдан іске қосылатын кезеңі.

Бір жылға жетпейтін уақытта Қазақстан бір палаталы Парламент құру бастамасынан жаңа Конституцияны қабылдауға, бұрынғы Парламенттің орнына Құрылтай құруға, оның 145 депутатын сайлауға дейінгі жолдан өтті. Ендігі басты мәселе – жаңа құрылымның іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні.

Бір жағынан, бір палаталы жүйе заң жобаларын қарау мен қабылдау процесін ықшамдауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, заң жобалары енді бұрынғыдай екі палатаның сүзгісінен өтпейтіндіктен, депутаттардың, тұрақты комитеттердің және Құрылтай басшылығының заң сапасына қатысты жауапкершілігі арта түседі.

Сайлау нәтижесінде бір партияның 145 орынның 110-ын иеленуі де алғашқы шақырылымның саяси сипатын айқындап отыр. Сондықтан алдағы бес жылда Құрылтайдың заң шығарушы орган ретінде дербестігі, парламенттік пікірталастың сапасы, Үкіметке бақылау тетіктерінің қаншалықты белсенді қолданылатыны және бес партиядан құралған фракциялардың жұмысы маңызды болмақ.

Ал таяу күндердегі басты назар 28 тамызға ауады. Құрылтайдың алғашқы сессиясымен бірге оның бес жылдық өкілеттігі басталып, Төраға мен тұрақты комитеттерді қалыптастыру, жаңа Үкіметті жасақтау және вице-президентті тағайындауға қатысты конституциялық рәсімдерге жол ашылады.

Осылайша, алғашқы сессия Қазақстанның жаңартылған саяси жүйесінің қағаз жүзіндегі нормалардан нақты саяси практикаға көшетін бастапқы нүктесіне айналмақ.

Оқи отырыңыз

{