«UFC белбеуі қалды»: Асу Алмабаев Ыстамбұлда чемпион атанды

«UFC белбеуі қалды»: Асу Алмабаев Ыстамбұлда чемпион атанды

Диана Орынбасар
Фото: Chris Unger/Zuffa LLC/gosrezerv.kz

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев ACBJJ 20 турнирінде жеңіске жетіп, All-Stars No-Gi санаты бойынша чемпион атанды. Турнир 30 тамызда Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Ora Arena-да өтті. Алмабаев ресейлік Халим Назруллоевпен белдесті.

Кездесу тоғыз минутқа созылды. Белдесу барысында қазақстандық спортшы бірнеше рет қарсыласын партерге түсіріп, жекпе-жектің басым бөлігінде бақылауды өз қолында ұстады.

Толық уақыт аяқталғаннан кейін төрешілер бірауыздан жеңісті Асу Алмабаевқа берді. Осылайша қазақстандық спортшы All-Stars No-Gi санатының чемпиондық белбеуін иеленді.

Асу Алмабаев – UFC рейтингіндегі үздік қазақстандық

32 жастағы Асу Алмабаев – қазіргі таңда UFC рейтингінің үздік 15 спортшысының қатарына кіретін жалғыз қазақстандық файтер. Соңғы жекпе-жегінде ол америкалық Чарльз Джонсонды сирек қолданылатын әдіспен мерзімінен бұрын жеңген болатын. Осы жеңістен кейін Алмабаевтың рейтингтегі орны жоғарылады. Қазақстандық файтердің UFC-дегі келесі жекпе-жегі туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Жарақаттан кейін спортқа қайта оралды

Биыл Асу Алмабаев жарақатына байланысты біраз уақыт жарыстардан тыс қалды. Ақпан айының басында ол жаттығу кезінде қолын жарақаттап алып, UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореноға қарсы жоспарланған жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды.

Фото: instagram.com/asu_zulfikar57

Алмабаевтың бапкері Эдуард Базровтың айтуынша, жарақат соңғы жаттығулардың бірінде болған. Спортшы соққы жасау кезінде қолын зақымдап, кейін ісіну мен ауырсыну пайда болған. Медициналық тексеруден соң оның қолы сынғаны анықталған. Осыған байланысты команда спортшының денсаулығына қауіп төндірмеу үшін жекпе-жектен бас тарту туралы шешім қабылдады. Алмабаев үшін бұл маңызды жекпе-жек болуы тиіс еді. Ол 1 наурызда Мексикада Брэндон Мореноға қарсы UFC турнирінің басты кездесуінде өнер көрсетуі жоспарланған болатын. Алайда жарақат бұл жоспарға өзгеріс енгізді.

Наурыз айының соңында қазақстандық файтер жарақатынан кейін жаттығуға қайта кіріскенін хабарлады. Ол жеңіл жаттығулармен шектелмей, келесі жекпе-жегіне дайындық аясында шетелдегі толыққанды оқу-жаттығу жиынына кірісті. Кейін Алмабаев октагонға сәтті оралып, 27 маусымда Бакуде америкалық Чарльз Джонсонды жеңді. Ал енді Стамбұлда өткен ACBJJ турниріндегі жеңісі оның жарақаттан кейін бабына қайта келгенін көрсетті.

ACBJJ қандай ұйым?

ACBJJ (Absolute Championship of Brazilian Jiu-Jitsu) – бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен кәсіби жарыстар өткізетін ұйым. Ол Absolute Championship Berkut (ACB) ұйымының негізінде құрылған.

ACBJJ турнирлеріне джиу-джитсу және грэпплинг шеберлерімен қатар аралас жекпе-жек өкілдері де қатысады. Олардың арасында UFC-де өнер көрсететін танымал спортшылар бар. Жарыстар екі негізгі форматта ұйымдастырылады: Gi – кимономен, ал No-Gi – кимонсыз белдесу.

Оқи отырыңыз

{