Түркиялық Семих Ипектің қазақ мәдениетіне қызығушылығы алғаш рет домбыра үнін естіген сәттен басталған. Түрік жыршысы, ақын әрі педагог бүгінде Алматыда тұрып, қазақ әндерін орындап, домбыра тартып жүр. Оның сөзінше, қазақ даласы мен түркі рухы өзіне әрдайым жақын болған. El.kz тілшісіне берген сұхбатында Семих Ипек Қазақстанға қалай келгенін және қазақ мәдениетін несімен ерекше жақсы көретінін айтып берді.
«Бір күні ерекше түс көрдім»
El.kz: Семих мырза, сіздің қазақ музыкасын ерекше жақсы көретініңізді байқадық. Домбыра тартып, қазақ әндерін орындап жүрсіз. Жалпы қазақ музыкасына қызығушылығыңыз неден басталды? Алғаш тыңдаған қазақ әніңіз есіңізде ме?
Семих Ипек: Қазақ музыкасына деген қызығушылығым, ең алдымен, өзім өскен ортамен байланысты. Мен Түркияның шығысындағы Ерзурум қаласында дүниеге келдім. Бұл өңірді түркі әлемін жалғап тұрған бір көпір деуге болады. Ерзурумның мәдениеті, дәстүрі, сөйлеу мәнері Әзербайжан, Қырым, Түркістан кеңістігіне өте жақын.
Біздің қалада жыраулық, ақындық дәстүр әлі күнге дейін сақталған. Бала күнімнен үйде үнемі жыршыларды тыңдап өстім. Түркілер, дастандар, термелер біздің күнделікті өміріміздің бір бөлшегі еді. Ерзурумда жыршылар жиі бас қосып, сөз сайыстырып, дастан айтып, әдебиеттің терең үлгілерін ортаға салатын.
Жас кезімде мені «саздың түп-тамыры қайда жатыр?» деген сұрақ қатты қызықтырды. Сол ізденіс барысында марқұм Бааеддин Өгелдің «Türk Kültür Tarihine Giriş» атты еңбегінен «домбыра – саздың атасы» деген сөйлемді оқыдым. Сол сөз маған қатты әсер етті. Сол сәтте «мен міндетті түрде домбыра табуым керек» деп шештім. Қазақ музыкасына қызығушылығым да осыдан басталды.
Ал алғаш тыңдаған қазақ әнім нақты есімде жоқ. Бірақ ол Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» туындысы болуы мүмкін.
El.kz: Домбыра тартуды қашан және қалай үйрендіңіз? Бұл аспап сізді несімен баурады?
Семих Ипек: Шынымды айтсам, домбыра тартуды арнайы оқу орнында үйренген жоқпын. Домбыраға деген сүйіспеншілігімнің арқасында қолыма алғаш домбыра тиді. Моңғолия қазақтарынан бір досым маған домбыра сыйлаған еді. Бірақ ол кезде музыкалық білімім болмағандықтан, тарта алмадым. Қолыма қайта-қайта аламын, бірақ дұрыс дыбыс шығара алмаймын.
Бір күні ерекше түс көрдім. Түсімде бір қазақ жыршысы қолындағы домбырасын маған ұсынып: «ал, балам, мына домбыраны тарт», – деді. Көзімді ашқаннан кейін домбыраға деген сезімім де, қолым да өзгергендей болды. Сондықтан мен домбыраны бір жағынан рухани жолмен үйрендім деп сенемін. Оны ұстазымнан, пірімнен үйренгендей қабылдаймын.
Бұл аспаптың мені ең қатты баураған тұсы – оның рухы. Мен үшін домбыра – адамның Жаратушымен, ата-бабасымен, өз жанымен байланыс орнататын үні. Домбыраның дыбысы адамды өткеніне, түп-тамырына жақындатады.
El.kz: Әңгімеңізден домбыраға ерекше байланысыңыз барын байқадық. Сіз үшін домбыраның үні нені білдіреді?
Семих Ипек: Домбыраның үні мен үшін өте қымбат. Өйткені домбыраның өзі қасиетті аспап деп ойлаймын. Мен оны әлемдегі ең көне ішекті аспаптардың бірі ретінде көремін. Шумерлердің пантурынан, еуропалықтардың гитарасынан да бұрын біздің аталарымыз домбыра тартқан. Сондықтан домбыра – жай ғана музыка құралы емес, тұтас өркениеттің жады.
Мен домбыраны адамның Тәңірмен байланысының бір белгісі деп қабылдаймын. Егер бір адам «домбыра тартқанда Құдаймен сөйлескендей боламын» десе, бұған таңғалмас едім. Өйткені домбыраның үні адамның жанына жақын, өте терең, рухани дыбыс.
Меніңше, домбыраның үні ғасырлар қойнауынан жетеді. Ол үннің ішінде тарих, боз дала, аталарымыздың тынысы бар. Домбыра бізге өткенді сөйлетеді. Бабаларымыздың қуанышын да, қайғысын да, соғысын да, көшін де, дастанын да жеткізеді. Көне түркі дастандары жыршылардың тілімен домбыраның ішегінде қайта тірілгендей болады. Сондықтан домбыраның үнінен жай ғана әуен естімеймін, тарихтың сөйлеп тұрғанын сезінемін.
«Қазақ қызына үйлендім»
El.kz: «Домбыраға деген махаббатым мені Қазақстанға алып келді» деген едіңіз. Қазақстанға көшу туралы шешім қалай қабылданды? Бұл аспап сіздің өміріңізді қалай өзгертті?
Семих Ипек: Иә, расында да, домбыраға деген махаббат мені Қазақстанға алып келді. Қазір Алматыда, Тәңір таудың етегінде тұрып жатырмын. Кейде өзімді көне дәуірдегі жыршылары сияқты сезінемін. Бұрынғы жыршы-жыраулар қолына сазын алып, ел-елді аралаған ғой. Мен де қолыма домбыра алып, жылдар бойы түрлі елдерді араладым.
Ұзақ уақыт Әзербайжанда тұрдым. Грузияда сазыммен жүрдім. Домбыраммен Еуропаға бардым. Иранда болдым. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан жерлерін араладым. Осы сапарлардың бәрінің негізінде домбыраға деген махаббат пен осы дәстүрге деген құрмет жатты.
Бірақ барлық сапарымның соңы Қазақстанға алып келді. Өйткені дәл осы жерде мен өзіме рухани жақын, өте мықты ұстаздармен таныстым. Олардан үйренуге, қазақ дастандарын туған топырағында зерттеуге, домбыра мәдениетін табиғи қалпында сезінуге мүмкіндік алдым. Мен үшін Қазақстан – жай ғана мемлекет емес. Бұл – домбыраның үні туған, түркі даласының рухы әлі де сақталған қасиетті мекен.
Домбыраға деген махаббат мені тек Қазақстанға алып келген жоқ, өмірімді де өзгертті. Мен қазақ қызына үйлендім. Баламызға Бекетай деп ат қойдық. Бекетай – ұлы қазақ ақыны, күйші әрі батыр Махамбет Өтемісұлы дүниеге келген жердің атауы. Біз бұл есім арқылы Махамбетке және осы қасиетті топыраққа деген құрметімізді білдіргіміз келді.
El.kz: Қазақстанның қалаларынан неге дәл Алматыны таңдадыңыз? Ол сізді несімен тартты?
Семих Ипек: Алматыны таңдауымның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, Алматы – Тәңіртаудың етегінде орналасқан, рухы бөлек қала. Мұнда өмір сүрген адам табиғатпен де, тарихпен де, мәдениетпен де етене жақын жүргендей сезінеді.
Жетісу өңірінің өзі мен үшін ерекше. Бұл аймақ селжұқтар мен оғыздардың тарихымен де байланысты маңызды мекендердің бірі ретінде айтылады. Сондықтан Алматы мен үшін жай ғана қала емес, тарихи жадымызбен байланыс орнататын жер.
Алматының бұрынғы астана болғаны да маңызды. Мұнда бай кітапханалар, концерт залдары, консерваториялар мен музейлер бар. Мәдени тұрғыдан адамды байытатын орта қалыптасқан. Өнер адамы әрі зерттеуші ретінде бұл атмосфера маған қатты әсер етті.
Бұған қоса, Алматы қазіргі кейбір үлкен қалалардағыдай тым қарбалас емес. Мұнда адам еркін тыныстай алады. Тәңіртаудың етегінде, табиғаттың ішінде өмір сүру жанға тыныштық береді. Мен Алматыны өмір сүруге қолайлы қала ғана емес, ата жұрттың рухын сақтаған ерекше мекен деп көремін.
«Көп жылдан кейін ата жұртыма қайта оралғандаймын»
El.kz: Қазақстанға қоныс аударғалы бері өміріңіз қалай өзгерді? Бұл ортаға үйренісіп кеттіңіз бе?
Семих Ипек: Алматыдағы өмірім маған өте ұнайды. Бұл жақта күн сайын жаңа дүние үйреніп, жаңа адамдармен танысып жатырмын. Қазақтың әнін, тарихын, мәдениетін өз ортасында танып-білу мен үшін үлкен әсер қалдыруда. Осында жүрген сайын қазақ мәдениетінің тереңдігін жақынырақ сезініп келемін. Бұл маған рухани тұрғыдан көп нәрсе берді.
«Қазақстанға үйрендіңіз бе?» деп сұрадыңыз. Бірақ мен Қазақстанға бұрыннан үйренгендеймін. Өйткені мың, мың жарым жыл бұрын біздің аталарымыз осы жерден көшкен. Мен өзімді бөтен елге келгендей сезінбедім. Керісінше, көп жылдан кейін ата жұртыма қайта оралғандай сезімде болдым.
Мен өзімді бұл жерде бөтен адам сияқты сезінбеймін. Қазақтың мәдениеті, тарихы мен рухы маған өте жақын. Сондықтан Қазақстанды басқа ел ретінде қабылдамаймын. Бұл жер – менің ата жұртым. Сол себепті туған жеріме қайта келгендей ерекше сезімдемін.
El.kz: Қазақстанға келгелі қазақ халқымен етене араласып жүрсіз. Қазақтардың қандай қасиеті сізге ерекше ұнайды?
Семих Ипек: Маған қазақ халқының ең ұнайтын қасиеттерінің бірі – шынайылығы мен адалдығы. Байқағаным, қазақтар артық өсек айтып, біреудің сыртынан сөйлегенді ұната бермейді. Көбіне айтарын ашық, тура жеткізеді. Осындай сөзді айналдырмай, тіке сөйлейтін мінезі маған өте жақын.
Одан бөлек, қазақ халқының өз дәстүрі мен мәдениетін әлі күнге дейін берік сақтап келе жатқаны мені қатты әсерлендіреді. Қазір заманауи қала өмірінде өмір сүрсек те, қазақтың болмысынан көне түркілер мен ғұндардың рухын байқауға болады. Бұл мәдени жалғастық мені ерекше толғандырады.
Көшпенді өмір салтын, киіз үй мәдениетін, ұлттық киімді, көне дала рухын бүгінге дейін жоғалтпай жеткізіп келе жатқан халықтардың бірі – қазақ халқы. Меніңше, түркі әлемі мұның қадірін білуі керек. Қазақтарға осы мұраны сақтап қалғаны үшін алғыс айтуымыз қажет.
El.kz: Қазақстанға алғаш келген кезде сізді ең қатты таңғалдырған не болды?
Семих Ипек: Қазақстанға алғаш келгенде мені бірнеше нәрсе қатты таңғалдырды. Шынымды айтсам, бала күнімде Қазақстанды басқаша елестететінмін. Тіпті адамдардың көбі әлі күнге дейін киіз үйде тұратын шығар деп ойлаған кездерім болды. Бірақ мұнда келіп, бәрін өз көзіммен көргенде бұл ойымның қате екенін түсіндім.
Қазақстанның өте заманауи, дамыған қалалары бар екен. Кейбір қалаларын көргенде тіпті Еуропадағы көптеген шаһарлардан да озық көрінді. Бұл мен үшін күтпеген әсер болды.
Сонымен қатар мені ойландырған бір нәрсе бар. Мен қазақ мәдениетін, қазақ музыкасын, қазақ тілін өте жақсы көремін. Қазақша естігенде де, сөйлегенде де ерекше рух сезінемін. Бірақ кейде кейбір қазақтардың күнделікті өмірде өз ана тілінде аз сөйлейтінін көру мені таңғалдырды.
Өйткені мен үшін қазақ тілі – өте терең, бай әрі әдемі тіл. Қазақша сөйлеген адамның өзінен бөлек бір рух сезіледі. Сондықтан уақыт өте келе қазақ тілінің қадірін бәрі тереңірек түсініп, көбірек бағалай бастаса екен деп тілеймін.
El.kz: Қазақстанда жүріп қазақ пен түрік халқының болмысындағы қандай рухани жақындықтарды байқадыңыз?
Семих Ипек: Меніңше, қазақ пен түрік мәдениетінің арасында өте терең рухани жақындық бар. Бұл екі халықтың дүниетанымы, болмысы мен өмірге көзқарасы бір-біріне өте ұқсас.
Қазақта да, түрікте де сөзіне берік, тура сөйлейтін, батыл адамдар ерекше құрметке ие. Екі халық та адалдықты, мәрттікті, ержүректікті жоғары бағалайды. Адамның байлығы мен атағынан бұрын мінезіне, сөзіне мән беру – екі мәдениетке де тән қасиет.
Бұл ұқсастықтарды жырлар мен дастандардан да анық байқауға болады. Қазақтың да, түріктің де эпостарында ерлік, батырлық, намыс секілді қасиеттер басты орынға шығады. Тіпті кейде біздің мәдениетте еңбекқорлықтан бұрын батылдық пен жүректі болу жоғары бағаланатындай көрінеді. Менің ойымша, мұның бәрі – көшпенді дала мәдениетінен қалған ортақ рухтың белгісі.
«Қазақ музыкасы – әлемдегі ең ерекше өнердің бірі»
El.kz: Қазақ музыкасы сізге қандай әсер береді? Неге көбіне дәстүрлі әндерді орындағанды жөн көресіз?
Семих Ипек: Қазақ музыкасы менің бойымда өте терең сезім оятады. Қазақ әндерін орындағанда мен жай ғана әуен айтып тұрғандай болмаймын. Керісінше, тұтас бір тарихтың, халық жадындағы мұң мен қуаныштың, рухани әлемнің ішіне кіріп кеткендей күй кешемін.
Кейбір әндерден ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарының қасіреті сезіледі. Патшалық Ресей мен кеңестік кезеңде азап шеккен қазақ жыраулары мен ақындарының мұңын естисің. Сонымен қатар еркіндік үшін күрескен қазақ жастарының жігері мен рухы да байқалады. Ал кейбір күйлер мен жырлардан көне түркі заманындағы батырлық пен дала рухын сеземін.
Сондықтан мен үшін қазақ музыкасы – әлемдегі ең ерекше өнердің бірі. Өйткені ол жай ғана әуен емес, тұтас бір халықтың жады. Әр әннің, әр күйдің ішінде тарих жатыр.
Белгілі түрколог Вильгельм Радловтың қазақ даласында көптеген ұлы домбырашылар өмір сүргені туралы айтқаны да өте маңызды деп ойлаймын. Ол Еуропаның ұлы композиторларын жақсы танысақ та, қазақ даласының жыраулары мен күйшілерін әлі толық танып үлгермегенімізді жазған. Меніңше, қазақ музыкасы мен оны жасаған тұлғалар әлемге әлдеқайда кеңірек танылуы керек.
El.kz: Қазір қандай қазақ әндерін орындап жүрсіз? Ән таңдағанда оның тарихын, шығу себебін зерттейсіз бе?
Семих Ипек: Орындайтын әндерімде міндетті түрде тарих пен ұлттық рух болғанын қалаймын. Мен үшін әннің әдемі әуені ғана жеткіліксіз. Әннің артында тағдыр, тарих, халықтың жадында қалған бір оқиға тұруы керек.
Соңғы уақытта жиі орындап жүрген шығармаларымның бірі – «Қарқаралы» әні. Бұл әннің тарихы өте ауыр әрі терең. Мәди Бәпиұлына әділетсіз жала жабылып, түрмеге қамалған кезде осы ән дүниеге келген. Төрт қабырғаның арасында отырып туған жерін, кең даласын, жайлауын сағынған адамның мұңы әннің әр жолынан сезіледі.
Бұл шығармада еркіндікті аңсаған адамның ішкі күйі өте анық беріледі. Ішіндегі арпалысымен жеке-дара қалған жанның бар сырын бөлісетін жалғыз серігі домбырасы сияқты.
Сондықтан мен бұл ән арқылы сол кезеңнің мұңын, сол адамның жан күйзелісін қайта сезінгендей боламын. Бұл шығарманың әсері мен үшін өте терең.
El.kz: Өзіңіз ерекше құрметтейтін қазақ өнерпаздары кімдер? Қай тұлғалардың шығармалары сізге рухани тұрғыдан жақын?
Семих Ипек: Сүйіп тыңдайтын қазақ өнерпаздарынан әншілерден гөрі жырауларға, күйшілерге көбірек мән беремін. Өйткені мен үшін қазақ музыкасы – тұтас бір халықтың тарихы, рухы мен жады.
Сондықтан мен ең алдымен қазақтың көне жыраулары мен күйшілерін ерекше құрметтеймін. Қорқыт атаны бүкіл түркі жұртының рухани атасы ретінде қабылдаймын. Сонымен қатар қазақтың ұлы жырауы Кетбұға сияқты тарихи тұлғалардың мұрасы да мен үшін өте құнды.
Ал кейінгі кезеңдерден Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Баба, Біржан сал секілді ұлы тұлғалардың шығармаларын жиі тыңдаймын. Олардың әр туындысында қазақ даласының рухы, тарихы, мұңы мен еркіндігі сезіледі.
Мен бұл шығармаларды жай тыңдап қана қоймай, олардың тарихын зерттеп, тереңірек түсінуге тырысамын. Өйткені олар бізге өте бай мәдени мұра қалдырды. Мен үшін осы тұлғалардың әрқайсысы – қазақ даласының үні мен халық жадын бүгінге жеткізген ерекше адамдар.
El.kz: Қазақ әндерінен бөлек, өзге түркі халықтарының шығармаларын да орындайсыз. Сізді түркі тілдеріндегі әндерге жақындатқан не?
Семих Ипек: Мен орындайтын әндердің басым бөлігі түркі тілдерінде. Қазақ тілінен бөлек, қырғыз, татар, түрікмен, өзбек тілдеріндегі әндерді де айтып жүрмін.
Шынымды айтсам, мен бұл тілдерді бір-бірінен бөлек дүние ретінде қабылдамаймын. Барлығын бір үлкен түркі әлемінің ортақ рухани мұрасы деп көремін. Тілі бөлек естілгенімен, түбі де, рухы да, тарихы да бір-біріне жақын.
Сондықтан түркі тілдерінде ән айту мен үшін – бір тамырдан тараған халықтардың үнін табыстыру секілді сезіледі.
Әр тілдің өз әуезі, өз бояуы бар. Бірақ бәрінің түбінде ортақ дала рухы сезіліп тұрады. Сол себепті мен үшін түркі тілдеріндегі әндерді орындау – тек музыка емес, рухани байланыс.
«Қазақ тілінің ішінде тарих та, сезім де, халықтың жаны да сақталған»
El.kz: Қазақ тілін қаншалықты жақсы меңгердіңіз? Қазақшаны жақсы түсінесіз бе?
Семих Ипек: Қазақ тілін жақсы меңгердім деп ойлаймын. Тіпті қазір қазақ тілі мен үшін бөтен тіл сияқты сезілмейді. Кейде өзімді Қазақстанда тумаған, бірақ қазақтың тілі мен рухына жақын адам ретінде қабылдаймын.
Меніңше, қазақ тілі – әр түркі баласы үйренуі керек өте бай, терең әрі көркем тілдердің бірі. Қазақша сөйлеген кезде адамның ішінде ерекше бір рух оянатындай сезім болады. Бұл тілдің табиғатында бір тереңдік бар.
Мен қазақша сөйлегенді өте жақсы көремін. Қазақ поэзиясын оқу, қазақ әдебиетін зерттеу, сол үлкен рухани мұрадан аз да болса нәр алу – мен үшін үлкен бақыт. Өйткені қазақ тілінің ішінде тарих та, сезім де, халықтың жаны да сақталған.
El.kz: Қазақша әндерді өте таза айтып жүрсіз. Әлеуметтік желіде көпшілік акцентіңіз қазақтарға өте жақын екенін жазады. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
Семих Ипек: Бұл жайлы қазақ достарым да жиі айтып жатады. Мен мұны туған жерім – Ерзуруммен байланыстырар едім. Өйткені Ерзурумдағы түрік тілі мен сөйлеу мәнері шығыстағы түркі халықтарының тілдеріне фонетикалық жағынан өте жақын.
Сол себепті Әзербайжан түрікшесін де еш қиналмай түсінемін, сөйлесе аламын. Қырым татарларының тіліне, өзбек, түрікмен тілдеріне де жақындық сезінемін.
Осының бәрі маған түркі тілдерінің дыбысталуы мен әуезін табиғи түрде қабылдауға көмектесті. Қазақша ән айтқанда да соның пайдасын көп көремін. Меніңше, туған жерім маған түркі тілдерінің үнін сезінуге ерекше мүмкіндік берген сияқты. Соның арқасында әртүрлі түркі тілдерінің арасында табиғи байланыс орната аламын деп ойлаймын.
El.kz: Түркияда домбыра қаншалықты танымал? Түрік жастары бұл аспапқа қызыға ма?
Семих Ипек: Түркияда домбыра күн өткен сайын кеңірек таныла бастады. Бұл мені қатты қуантады. Өйткені соңғы жылдары түркі әлемінде мәдениетке, тарихқа, ұлттық музыкаға деген қызығушылық айтарлықтай артқанын байқап жүрмін. Әсіресе жастар ата-бабасының мұрасына бұрынғыдан да жақындай түсті.
Домбыра да сол қызығушылық ерекше ауған аспаптардың біріне айналды. Түркияда өскен көптеген жастар домбыраны жай ғана музыкалық аспап ретінде емес, өз тамырымен байланыстыратын рухани дүние ретінде қабылдайды. Тіпті кей жастар «ата-бабама деген құрметімді қалай көрсетемін?» деп ойлағанда, домбыра үйренуді таңдайды.
Мен де осы бағытта онлайн домбыра сабақтарын өткізіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Қазір Түркияда домбыраға қызығатын жастардың саны күн сайын көбейіп келеді. Бұл жай әуестік емес, өз мәдениетін, өз тегін тануға деген ұмтылыс деп ойлаймын.
Болашақта Түркияда домбырамен күй шығаратын, оны жаңа деңгейге көтеретін талантты жастар шығады деп сенемін. Бұл қазақ мәдениеті үшін де, түрік мәдениеті үшін де үлкен олжа болмақ. Сол жастардың барлығына ризамын әрі оларды мақтан тұтамын.
«Қазақстанда қалғым келеді»
El.kz: Қазақстанда түрік тілі мұғалімі болып жұмыс істейсіз. Қазақ студенттерінің Түркияға және түрік тіліне қызығушылығы қандай?
Семих Ипек: Қазақстанда түрік тілі мұғалімі болып жұмыс істеу мен үшін өте құнды тәжірибе. Қазақ студенттерімен жұмыс істегенде арамызда бір табиғи жақындық барын сеземін. Көпшілігі сабақ барысында «біз негізі бір халық емеспіз бе?» немесе «осынша ұқсастық қалай сақталған?» деген сұрақтарды жиі қояды.
Сабақ кезінде сөздер, грамматика немесе сөйлеу құрылымы туралы айтқанда, олар көбіне «біз қатты ұқсайды екенбіз» деген таңданысын білдіріп жатады. Бұл мені таңғалдырмайды. Өйткені түркі тілдерінің арасында өте терең байланыс бар.
Мен студенттеріме үнемі біздің бір-бірімізден алыс емес екенімізді, тек бір-бірімізді көбірек танып, жақынырақ түсінуіміз керек екенін айтамын.
Меніңше, уақыт өте келе түрік тілін үйреніп жүрген қазақ жастары мен қазақ тілін үйреніп жүрген түрік жастарының арасында өте мықты мәдени көпір қалыптасады. Бұл тек Қазақстан мен Түркияны ғана емес, тұтас түркі әлемін жақындастыратын үлкен рухани байланыс болады деп сенемін.
El.kz: Қазақстанда қалғыңыз келе ме?
Семих Ипек: Иә, болашақта Қазақстанда қалғым келеді. Мұнда өзімді бақытты сезінемін. Күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, рухани тұрғыдан да байып келемін. Сонымен қатар алдағы уақытта басқа да түркі елдерінде тұрып, түрлі тәжірибе жинағым келеді. Бұған дейін Әзербайжанда тұрған кезім болды, ол жақтағы өмір де маған көп нәрсе үйретті.
Мен үшін түркі әлемінің әрбір өлкесі – бөлек тарих, бөлек мектеп. Бірақ қай жерде жүрсек те, бәріміз бір үлкен рухани отбасының бөлшегіміз деп ойлаймын.
Осы тұста Мұстафа Шоқайдың бір сөзі есіме түседі. Ол: «Әр түріктің жер бетінде екі отаны бар: бірі – оның туған жері, екіншісі – Түркия» деген. Мен бұл ойды өте терең әрі мағыналы сөз деп қабылдаймын. Өйткені Түркия – бүкіл түркі әлемін рухани тұрғыдан байланыстырып тұрған ортақ мәдени орталықтардың бірі.
Сондықтан Қазақстанда туған адамның да, Өзбекстанда немесе Әзербайжанда туған адамның да бір-біріне деген жақындығы бар деп ойлаймын.
El.kz: Сұхбат соңында Қазақстан халқына және тұтас түркі әлеміне айтар тілегіңіз қандай?
Семих Ипек: Қазақстанды да, тұтас түркі әлемін де шын жүректен жақсы көремін. Түркі халықтарының бір-біріне жақындай түсуіне аз да болса үлес қоса алсам, өзімді бақытты санар едім.
Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Солтүстік Кипр түріктері арасындағы байланыс әрдайым нығая берсе екен деймін. Болашақта Саха, Тыва, Ғағауызстан, Керкүк, Қырым, Тебриз секілді түркі жұрттарының да мәдени тұрғыдан бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түскенін көргім келеді.
Біз бір-бірімізді тереңірек танып, мәдени әрі экономикалық байланыстарымызды күшейтіп, түркі халықтарының рухани тұтастығын сақтай алсақ екен деп тілеймін.
Баршаңызға көп рақмет. Көк Тәңір жұртымыз Қазақстанды қорғасын, түркі халықтарының бірлігін бекем етсін.
El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!