Жапония астанасы Токиода ерекше мәдени іс-шара өтті. Қала көшелерінде қазақ диаспорасы ұйымдастырған ауқымды шеру өтіп, оған жүздеген жергілікті тұрғын мен қала қонақтары куә болды.
Бұл іс-шара дипломаттарды, студенттерді, шетелдегі қандастарды және қазақ өнеріне қызығатын жапон жұртшылығын бір арнаға тоғыстырды.
Диаспораның бірлігі
Токио төріндегі бұл іс-шара Қазақстан елшілігінің өкілдерін, жапонның жетекші оқу орындарында білім алып жүрген студенттерді және Күншығыс елінде тұратын қазақ диаспорасын бір мақсатқа ұйыстырды. Ұлттық киім киген қатысушылар қолдарына көк байрағымызды ұстап, мегаполис көшелерімен жүріп өтті. Олардың шеруі мыңдаған адамның назарын аударып, қала тұрғындарының қызығушылығын оятты.
Токио сияқты көпұлтты қала үшін мұндай этно-парадтар таңсық емес. Дегенмен қазақтың шеруі өзінің ауқымымен, мазмұнға бай бағдарламасымен ерекшеленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – Қазақстанды кеңінен танытып, ұлттық дәстүрдің тереңдігін жергілікті халыққа тірі байланыс арқылы жеткізу.
Токио көшесінде күмбірлеген күй
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі Елдос Сүгірбайдың өнер көрсетуі болды. Ол домбырамен қазақтың күйлері мен халық әндерін орындап, көпшілікті тәнті етті. Қос ішектен төгілген күмбір бүкіл көшені жаңғыртып, өтіп бара жатқан жұртты еріксіз тоқтатты.
Музыкаға ерекше құрметпен қарайтын жапон көрермені қазақтың күй өнерін зор ықыласпен қабылдады. Осылайша, көпшілік қазақ фольклорымен алғаш рет жақын танысуға мүмкіндік алды. Домбыраның үні олардың жүрегіне жол тауып, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыра түсті.
Қазақша сөйлеген жапон қызы
Жұрттың ерекше назарын аударған тағы бір сәт – жапон қызы Асканың сахнаға шығуы. Қазақтың ұлттық киімін киген ол таза қазақ тілінде сөйлеп, жиналған жұртты таңғалдырды. Аска тек тіл меңгеріп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрін де терең түсінетінін көрсетті.
Оның айтуынша, Алматыда бір жыл тұрғанының өзі үлкен тәжірибе болған.
Маған қазақтың дәстүрі мен музыкасы өте жақын. Диаспора ұйымдастыратын іс-шаралардың барлығына қатысуға тырысамын, Қазақстандағы жаңалықтарды да үнемі бақылап отырамын, – дейді ол.
Аска биыл тағы да Қазақстанға келіп, өнер мен қолөнер саласындағы достарымен қауышуды жоспарлап отыр.
Димаш феномені
Шеруге сондай-ақ әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жапониялық жанкүйерлері де қатысты. Фуми Фуруяма жетекшілік ететін фан-клуб құрамында жүзге жуық белсенді бар.
Фуруяманың айтуынша, Димаштың шығармашылығы жапон жастарының қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылығын оятқан. Тіпті кейбірі Абай мұрасын зерттеуге ден қойған.
Бұл – қазіргі қазақ мәдениетінің екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтып отырғанының айқын көрінісі.
Мәдени байланыстың жаңа форматы
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Арайлым мұндай бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай парадтар жапон жұртшылығын Қазақстанмен жүйелі түрде таныстыруға мүмкіндік береді.
Жапония халқы Қазақстанды танып, ұлттық киімімізді, ән-күйімізді, халқымыздың рухын сезінгенін қалаймыз. Осындай тірі форматтағы іс-шаралар арқылы біз соны тиімді жеткізе аламыз, – дейді ол.
Токио көшелерінде өткен бұл этно-парад – жай ғана мәдени іс-шара емес, екі ел арасындағы рухани байланыстың жарқын көрінісі. Қазақтың күйі күмбірлеп, көк туы желбіреген бұл күн жапон жұртшылығы үшін де, шетелдегі қазақтар үшін де есте қаларлық сәт болды.