Токио, Нью-Йорк және Париж: Қазақстан ашатын жаңа әуе бағыттары

Токио, Нью-Йорк және Париж: Қазақстан ашатын жаңа әуе бағыттары

Аян Қайырбаев
Фото: pixabay.com

Қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Токио мен Нью-Йоркке тікелей әуе рейстерінің ашылуын күтіп келеді. Бұл бағыттар бұған дейін бірнеше рет жарияланғанымен, іске қосу мерзімі кейінге шегеріліп келді. Азаматтық авиация комитеті қазіргі уақытта осы бағыттар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Қазақстаннан Токиоға тікелей рейс қашан ашылады?

Қазақстандықтар үшін ең көп күтілетін халықаралық бағыттардың бірі – Жапония астанасы Токио. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі әлі де пысықталып жатыр.

Қазіргі уақытта Токиоға тікелей әуе қатынасын биыл ашу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство.

Бұл бағыт бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Алайда рейсті іске қосу мерзімі бірнеше рет өзгерді. Сәуір айында Көлік министрлігі кешігуді Boeing Dreamliner ұшақтарының жеткізілу мерзімімен байланыстырған.

Мамыр айында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Токиоға тікелей рейс 2026 жылдың төртінші тоқсанында ашылуы мүмкін екенін айтқан. Ал премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстердің ұзақ уақыттан бері уәде етіліп келе жатқанын атап өткен.

Ол жоспарлардың кезекті рет тек сөз жүзінде қалмауы керектігін айтып, жұмысты нақты нәтижеге жеткізуді тапсырған.

Бұған дейін Air Astana Алматы – Токио бағыты бойынша тікелей рейсті 2026 жылдың наурыз айында іске қосуды жоспарлағаны хабарланған еді. Кейін рейстің ашылуы белгісіз мерзімге шегерілді.

Соған қарамастан, Азаматтық авиация комитеті Токио бағыты бойынша рейсті жыл соңына дейін іске қосу жоспары сақталғанын мәлімдеп отыр.

Нью-Йоркке тікелей рейс ашуға не кедергі?

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі де бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, АҚШ-қа рейстер ашу үшін америкалық уәкілетті органдардан тиісті рұқсаттар алу қажет.

Сонымен қатар, Қазақстан тиісті әуе кемелерінің жеткізілуін күтуде. Ұшақтардың жеткізілу мерзімі өндіруші зауыттың мүмкіндігіне байланысты болады.

Нью-Йорк бағытын ашуда Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесіне берілетін америкалық баға да маңызды рөл атқарады.

Америкалық сарапшылар Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалау жұмыстарын аяқтады. Мамандар елдегі авиациялық қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін тексерді.

Енді АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы (FAA) бағалау нәтижелері туралы Қазақстанның авиациялық билігіне ресми түрде хабарлауы тиіс. Осыдан кейін тараптар қорытынды консультациялар өткізіп, қандай шаралар қабылдау қажеттігін анықтайды.

Category 1 деген не?

Қазақстанның АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын дамытуындағы маңызды кезеңдердің бірі – FAA тарапынан Category 1 мәртебесін алу.

FAA (Federal Aviation Administration) — АҚШ-тың азаматтық авиация саласындағы қауіпсіздік талаптарын реттейтін және бақылайтын Федералдық авиация басқармасы.

Category 1 мәртебесі елдің азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау жүйесі FAA талаптарына сәйкес келетінін білдіреді.

Алайда бұл мәртебені алу АҚШ-қа тікелей рейстердің автоматты түрде ашылатынын білдірмейді. Одан кейін авиакомпаниялар қосымша рәсімдерден өтіп, рейстерді орындауға қажетті әуе кемелерімен қамтамасыз етілуі керек.

Нью-Йоркке рейс қашан ашылады?

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы келіссөздер бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Ықтимал тасымалдаушы ретінде Air Astana қарастырылып отыр.

Бұған дейін негізгі ықтимал бағыттардың бірі ретінде Алматы — Нью-Йорк рейсі аталған.

2025 жылдың мамырында Көлік министрлігі Қазақстан мен АҚШ арасында «ашық аспан» қағидаты бойынша әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылғанын хабарлаған.

Бұл келісім әуе компанияларына рейстер санына, бағыттарға және тасымалдаушылар санына шектеусіз ұшуға мүмкіндік береді.

Дегенмен тікелей рейстерді нақты іске қосу үшін америкалық авиация органдарының тиісті рұқсаттары, сондай-ақ екі ел арасындағы қашықтықты тоқтаусыз ұшып өте алатын әуе кемесінің болуы қажет.

Нью-Йоркке тікелей рейстің нақты ашылатын күні әзірге белгісіз. Мамыр айында Көлік министрі бұл бағыттың келесі жылдың екінші тоқсанында іске қосылуы күтілетінін айтқан.

Париж, Вена және Рим бағыттары да талқыланып жатыр

Қазақстан Токио мен Нью-Йорктен бөлек, Еуропаның бірқатар ірі қалаларына тікелей рейстер ашу мәселесін де пысықтап жатыр.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Париж, Вена және Рим бағыттары бойынша жұмыс жалғасуда. Алайда олардың нақты іске қосылатын күні әзірге айтылған жоқ.

Римге тікелей рейс ашу мәселесі 2024 жылдан бері талқыланып келеді. Ал 2025 жылы Көлік министрлігі бұл бағытты 2026 жылы іске қосуды жоспарлаған болатын.

Мамыр айында премьер-министр Олжас Бектенов 2027 жылы Астанадан Париж, Рим, Вена және Лондонға тікелей рейстер ашуды тапсырды.

Осылайша, Қазақстанның халықаралық әуе қатынасын кеңейту жоспарында бірнеше ірі бағыт бар. Токио мен Нью-Йорк рейстерінің іске қосылуы үшін әуе кемелерінің жеткізілуі, тиісті рұқсаттардың алынуы және авиациялық қауіпсіздікке қатысты қажетті рәсімдердің аяқталуы маңызды.

Қазақстандықтар үшін бұл бағыттардың нақты қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Дегенмен Азаматтық авиация комитеті Токио бағытын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз

{