13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызҚостанайдың «Тобыл» футбол клубы жекеменшік басқаруға өтті. Клубтың жаңа иесі – Olzha Agro агрохолдингі. Инвестор негізгі құраммен қатар академияны, балалар мен жасөспірімдер футболын және клуб инфрақұрылымын дамытуға басымдық бермек. Алайда басқару формасы өзгергенімен, «Тобылды» бюджеттен қаржыландыру әзірге тоқтамайды.
«Тобылдың» жаңа иесі кім?
Olzha Agro «Тобылдың» құрылтайшылары қатарына кіріп, клубты басқаруды өз қолына алды. Агрохолдингтің бас директоры – Әлішер Қожаназаров. Ол Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаровтың туған бауыры. Айдарбек Қожаназаров бұған дейін компанияны өзі басқарған. 2023 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланғаннан кейін холдинг басшылығын бауыры Әлішер Қожаназаровқа тапсырған.
Ал «Тобыл» футбол клубының президенті қызметіне Olzha Agro бас директорының кеңесшісі Айдос Дүйсенбиев тағайындалды. Жаңа басшылық негізгі команданың нәтижесімен ғана шектелмей, клубтың ұзақмерзімді даму жүйесін қалыптастыруға ниетті.
Негізгі команда, академия, балалар мен жасөспірімдер футболы және инфрақұрылымды дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл ретте «Тобылдың» тарихы, дәстүрі, клубтық түстері мен Қостанай өңірі және жанкүйерлермен байланысы өзгеріссіз қалады, – деді Айдос Дүйсенбиев.
Қазір «Тобылдың» футболшылар даярлау жүйесінде 360-қа жуық бала жаттығады. Клубтың жасөспірімдер командалары түрлі республикалық жарыстарға қатысып жүр. Үш команда мен қыздар құрамасы QJ League додасында өнер көрсетеді. Жаңа инвестор клубтың атауы мен дәстүрлі түстерін өзгертпейтінін де мәлімдеді. «Тобыл» бұрынғыдай Қостанайдың атынан сынға түседі.
Жекеменшікке өтсе де, бюджеттен қаржы алады
Клубтың жеке басқаруға берілуі мемлекеттік қаржыландыру бірден тоқтайды дегенді білдірмейді. 2026 жылы «Тобылға» бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат команданы дайындауға, Қазақстан Премьер-лигасының матчтарына қатысуға, инфрақұрылымды ұстауға, логистикаға, тамақтануға, қызметкерлердің еңбекақысына және өзге де шығындарға жұмсалады. Дегенмен алдағы уақытта клубтың бюджетке тәуелділігін біртіндеп азайту көзделіп отыр.
Алдағы бес жылда бюджеттен тыс қаражаттың үлесі артып, клубты коммерцияландыру шаралары жүзеге асқан сайын «Тобылды» мемлекеттік қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен қысқарту көзделген, – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Яғни алдағы бес жыл «Тобыл» үшін өтпелі кезең болмақ. Осы уақытта клуб демеушілік, маркетинг және өзге де коммерциялық бағыттар арқылы табысын арттырып, мемлекеттік қаржының үлесін азайтуы тиіс.
«Қайратты» жеңгені үшін 30 млн теңге сыйақы
Жаңа инвестор командаға алғашқы қаржылай сыйақысын да жариялады. 13 қыркүйекте Қазақстан Премьер-лигасы аясында «Тобыл» Алматыда «Қайратты» 4:1 есебімен жеңді. Қостанайлықтар сапында Урош Милованович дубль жасаса, Виталий Лисакович пен Луис Герра бір-бір голдан соқты.
Осы жеңістен кейін командаға 30 млн теңге көлемінде сыйақы берілетіні белгілі болды.
Мұндай жетістіктер басшылық пен құрылтайшылар тарапынан міндетті түрде еленуі керек. Кеше сол жерде командаға 30 миллион теңге сыйақы берілетінін жарияладық. Жігіттердің киім ауыстыратын бөлмеде қатты қуанғанын көрдік, – деді Әлішер Қожаназаров.
Оның айтуынша, жеке инвестор клубтың тек қаржылық жағдайына емес, футболшылардың мотивациясы мен команданың ішкі ахуалына да мән бермек.
Қазақстан футболында жеке инвесторлар көбейіп келеді
«Тобылдың» жекеменшік басқаруға өтуі – Қазақстан футболындағы соңғы жылдары қолға алынған коммерцияландыру саясатының бір бөлігі. 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби футбол клубтары тек облыстық бюджетке сүйенбей, өз бетінше табыс табуды үйренуі қажет екенін айтқан. Осыған байланысты клубтарға жеке инвесторлар тарту және оларды коммерцияландыру жұмыстары басталды.
Бұл модельде кәсіби командалар демеушілер тарту, билет пен клубтық атрибутика сату, маркетинг, академияны дамыту, трансферлік саясат және басқа да бағыттар арқылы кіріс көздерін көбейтуі тиіс. Соңғы уақытта Қазақстанның бірқатар футбол клубында басқару моделі өзгеріп, жеке бизнес өкілдері тартыла бастады. «Тобыл» да енді осы қатарға қосылып отыр.
«Тобыл» – Қазақстанның жүлделі клубтарының бірі
Қостанайлық «Тобыл» – Қазақстан Премьер-лигасындағы тарихы қалыптасқан клубтардың бірі. Команда екі рет ел чемпионы атанды. Қостанайлықтар Қазақстан чемпионатындағы алғашқы алтынын 2010 жылы жеңіп алса, 2021 жылы бұл жетістігін қайталады. Сондай-ақ «Тобыл» Қазақстан кубогын үш рет иеленген.
2026 жылғы маусымды да команда жүлдемен бастады. 28 ақпанда Астанада өткен Қазақстан Суперкубогында «Тобыл» мен «Қайрат» негізгі уақытта 2:2 есебімен тең түсті. Қостанайлықтар 89-минутта Асхат Тағыбергеннің голымен есепті теңестіріп, кейін пенальти сериясында 5:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша «Тобыл» өз тарихында төртінші рет Қазақстан Суперкубогын иеленді.
Енді Қостанай клубы үшін жаңа кезең басталып отыр. Жеке инвестордың келуі «Тобылдың» алаңдағы нәтижесімен қатар академиясының дамуына, инфрақұрылымына және коммерциялық әлеуетіне де әсер етпек. Ал алдағы бес жылда клубтың бюджетке тәуелділікті қаншалықты азайтып, тұрақты бизнес-модель қалыптастыра алатыны басты көрсеткіштердің бірі болмақ.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды