Бүгiн, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыАбай облысында TikTok-та тікелей эфир кезінде балағат сөз айтып, есірткі қолданатынын мәлімдеген бойжеткен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл оқиға әлеуметтік желідегі әрекеттер де заң талаптарына сай бағаланатынын тағы бір мәрте көрсетті. Осы орайда El.kz әлеуметтік желіде қандай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік көзделетінін саралап көрді.
TikTok-тағы тікелей эфир қалай аяқталды?
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контенттің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай мониторинг барысында TikTok-та тікелей эфир жүргізген қыздың балағат сөз айтып, есірткі қолданатынын жария түрде мәлімдегені анықталған.
Полицейлер оның жеке басын анықтап, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы әйелді ұстады. Ол Түркістан облысының тумасы болып шықты. Тексеру кезінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды. Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Әлеуметтік желіде балағат сөз айту заң бұзушылық па?
Қазақстан заңнамасында әлеуметтік желілер бөлек құқықтық алаң ретінде қарастырылмайды. Сондықтан интернетте жарияланған контентке де қолданыстағы заң талаптары толық қолданылады.
Егер әлеуметтік желідегі жарияланым немесе тікелей эфир қоғамдық тәртіпті бұзып, қоғамға ашық түрде құрметсіздік таныту ретінде бағаланса, мұндай әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы – «Ұсақ бұзақылық» бойынша қаралуы мүмкін.
Аталған бапқа сәйкес қоғамдық орындарда немесе көпшілікке қолжетімді ортада былапыт сөз айту, азаматтарға тиісу, айналадағы адамдарға құрметсіздік білдіретін өзге де әрекеттер құқық бұзушылық болып саналады.
Қандай жаза қарастырылған?
ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық жасағандарға:
20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл;
қоғамдық жұмыстарға тарту;
немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Нақты қандай жаза тағайындалатынын сот құқық бұзушылықтың сипатына, мән-жайына және кінәлі адамның әрекетіне қарай анықтайды.
Қандай жағдайда жауапкершілік туындайды?
Құқықтық тұрғыдан әрбір дөрекі сөз автоматты түрде құқық бұзушылық болып саналмайды. Алайда мынадай жағдайларда әкімшілік жауапкершілік туындауы мүмкін:
көпшілікке ашық ортада немесе әлеуметтік желідегі тікелей эфирде былапыт сөз айту;
қоғамдық тәртіпті бұзу;
айналадағы адамдарға әдейі құрметсіздік таныту;
азаматтарға тиісу немесе қоғамдық мораль нормаларын өрескел бұзу.
Егер мұндай әрекеттер әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тараса, олар да заң талаптарына сәйкес бағаланады.
Есірткіні насихаттағаны үшін де жауапкершілік бар
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде есірткіні насихаттауға, оны жарнамалауға немесе заңсыз айналымын дәріптейтін материалдарды таратуға жол берілмейтінін үнемі ескертіп келеді. Мұндай жарияланымдардың мазмұнына қарай адам әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
ІІМ не дейді?
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігінде құқыққа қайшы контентті анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.
Ведомство азаматтарды әлеуметтік желілерде заң талаптарын сақтауға, көпшілікке арналған платформаларда жариялайтын контенттің құқықтық салдарын ескеруге шақырады.
Бұған дейін біз Қазақстанда тоғыз TikTok стримері жауапқа тартылғаны туралы жазған едік.
Бүгiн, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыКеше, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды