«Технология адамға қызмет етуі керек»: Алматыда халықаралық форум өтті

«Технология адамға қызмет етуі керек»: Алматыда халықаралық форум өтті

Айзат Айдарқызы
Фото: Әділ Мәметәлі

Алматы тағы да халықаралық сарапшылар, кәсіпкерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосқан маңызды алаңға айналды. Жақында қалада 25 елдің өкілдерін біріктірген BE WOMAN ASIA 2026 халықаралық форумы өтті. Оған әлемдік технологиялық компаниялардың қалыптасуына үлес қосқан мамандар, танымал брендтердің негізін қалаушылар, «Оскар» сыйлығының иегерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлер қатысты.

Биыл форумның негізгі тақырыбы «Этикалық күш» (Ethical Power) болды. Бұл ұғым билікке, ықпалға, білім мен ресурстарға ие адамның оларды қаншалықты жауапкершілікпен пайдаланатынын білдіреді.

Форумда бүгінгі қоғам мен мемлекеттердің болашағына тікелей әсер ететін мәселелер талқыланды. Жасанды интеллект қабылдаған шешімдер үшін кім жауап береді? Бизнестің қоғам дамуындағы рөлі қандай? Мәдениет елдің халықаралық беделіне қалай ықпал етеді? Неліктен білім мен тең мүмкіндік орнықты дамудың басты шарттарының бірі болып қала береді?

Әйелдердің ықпалы әлемді қалай өзгертеді?

Facebook компаниясының алғашқы қызметкерлерінің бірі, Facebook Live жобасын іске қосуға қатысқан, Zuckerberg Media негізін қалаушы Рэнди Цукерберг Кремний алқабынан кәсіпкерлікке, театрға және жаңа технологиялық жобаларға дейінгі кәсіби жолын баяндады.

Оның айтуынша, жасанды интеллект бизнеске процестерді автоматтандыруға және дамуға мүмкіндік береді. Бірақ адамның бастамашылдығын, шығармашылық ойлауын және тікелей қарым-қатынасын алмастыра алмайды.

Жаңа өмір бастауға, жаңа саланы меңгеруге және өзіңізді шын қызықтыратын істің маманы болуға ешқашан кеш емес, — деді Цукерберг.

фото: Әділ Мәметәлі

Цифрлық саясат жөніндегі халықаралық сарапшы Тити Акинсанми жасанды интеллект ережелерін кім белгілейтіні және технологиялық шешімдер кімнің мүддесін қорғауға тиіс екені туралы мәселе көтерді. Ықпал психологиясы мен технология этикасының сарапшысы Натали Нахай алгоритмдердің адам талғамын қалыптастырып, дербес ойлау қабілетіне әсер ететінін айтты.

Технология адамға қызмет етуі керек, оны басқармауы тиіс, – деді Нахай.

Women in Tech Global қозғалысының негізін қалаушы Аюми Мур Аоки технология саласындағы әйелдер ынтымақтастығының маңызына тоқталды. Ол құрған халықаралық қозғалыс бүгінде жүздеген мың әйелді біріктіріп, олардың STEM саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі.

Спикерлердің ортақ тұжырымы – технология адам бақылауында қалуға тиіс. Жасанды интеллект қоғамның әлеуетін арттыра алады, бірақ қабылданған шешім үшін адамды жауапкершіліктен босатпайды.

Ықпалы әйелдің өсиеті

Форумдағы маңызды кездесулердің бірі пәкістандық режиссер Шармин Обейд-Чинойдың өмірі мен шығармашылығына арналды. Ол – екі мәрте «Оскар» алған, «Эмми» сыйлығының лауреаты және TIME нұсқасы бойынша әлемдегі ең ықпалды адамдардың бірі.

Оның деректі фильмдері қоғамдағы өзгерістерге ықпал етті. «Өзендегі қыз» фильмі «ар-намыс үшін өлтіру» деп аталатын қылмыс түріне назар аудартып, Пәкістан заңнамасының өзгеруіне септігін тигізді.

фото: Әділ Мәметәлі

Шармин алғашқы деректі фильміне қаржы тапқанша 80 ұйымға ұсыныс жібергенін айтты. Бүгінде ол кино түсірумен қатар, өзі құрған Pataka Pictures қоры арқылы басқа әйелдерге де мүмкіндік жасап жүр. Оның оқиғасы форумның негізгі идеясын нақты көрсетті: ықпал адамдардың өмірінде шынайы өзгеріс туғызғанда ғана мәнге ие болады.

Төрт қызға шәкіртақы бермек

Жеке таңдаудың күшін көрсеткен тағы бір спикер – БАӘ-дегі тұңғыш әйел авиация инженері Суад Әл Шамси. Кәсіби кедергілер мен теріс түсініктерді еңсерген ол бүгінде әлем бойынша 33 мың әйелге тәлімгерлік етеді және авиация саласында жұмыс істегісі келетін қыздарға жыл сайын шәкіртақы береді. Алматыда Әл Шамси Қазақстаннан екі қызға және БАӘ-ден екі қызға шәкіртақы тағайындау ниеті барын айтты.

Форумның беделді халықаралық қонақтарының қатарында Jo Malone London және Jo Loves брендтерінің негізін қалаушы, британдық кәсіпкер Джо Малон CBE де болды. Оның кәсіпкерлік жолы өмірдегі күрделі өзгерістерден кейін де бизнесті қайта құрып, тәуелсіздігін сақтап, жаңа кәсіби бағыт табуға болатынын көрсетеді.

фото: Әділ Мәметәлі

Пікірталас Орталық Азияның әлемдік кеңістіктегі орнын айқындау тәсілі өзгеріп келе жатқанын көрсетті. Өңір енді халықаралық мәдени жобаларды қабылдап қана қоймай, жаһандық аудиторияны қызықтыратын өз бастамаларын да ұсынып отыр.

Жасанды интеллект саласындағы мамандардың небәрі 22 пайызы – әйелдер 

Технология мен экономика дамығанымен, тең мүмкіндік мәселесі әлі де жүйелі шешімдерді қажет етеді.

UN Women өкілі Джерен Гювен Гюрес теңсіздіктің ауқымын көрсететін деректерді ұсынды. Оның келтірген бағалауынша, қазіргі қарқын сақталса, гендерлік теңдікке жету үшін тағы 171 жыл қажет болуы мүмкін. Жасанды интеллект саласындағы мамандардың небәрі 22 пайызы – әйелдер. Ал ақы төленбейтін үй шаруасы мен күтім міндеттері әлі де тең бөлінбейді.

Бізге қатысты шешім бізсіз қабылданбасын, – деді UN Women өкілі әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын арттыруға шақырып.

Тең мүмкіндік мәселесі мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысқан инклюзия жөніндегі пікірталаста да басты тақырып болды.

Оқи отырыңыз

{