Тәуелсіз Қазақстанның дипломаттары кімдер? Астанада жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Тәуелсіз Қазақстанның дипломаттары кімдер? Астанада жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Ажар Лаубаева
Фото: Сырым Рахимбеков

Астанада Ұлттық музейде дипломат, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Гүлсім Еңсепованың «Дипломатия дарабоздары» кітабының тұсаукесері өтті. Үш жыл бойы жазылған еңбекте тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуына үлес қосқан 20 дипломаттың өмір жолы мен қызметі баяндалады. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар мен ғалымдар қатысты.

«Бұл кітапты жазуды өзіме аманат санадым»

Кітап авторы Гүлсім Еңсепованың айтуынша, еңбекті жазу идеясы Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында туған. Ол еліміздің тәуелсіздігін халықаралық деңгейде танытуға атсалысқан дипломаттардың еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен.

Кадрда Гүлсім Еңсепова / Фото: Сырым Рахимбеков

Сыртқы істер министрлігіне 1993 жылдың басында алғашқы министр Төлеутай Сүлейменовтің бұйрығымен қабылдандым. Содан бері 30 жылдан астам уақыт дипломатия саласында еңбек етіп келемін. Ал алғашқы мамандығым – журналист. «Егемен Қазақстан» газетінде сегіз жыл жұмыс істедім. Сондықтан бұл кітапты журналистика мен дипломатияның тоғысқан тұсынан туған еңбек деуге болады, – деді автор.

Фото: Сырым Рахимбеков
Фото: Сырым Рахимбеков

Жинаққа Төлеутай Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Бірғаным Әйтімова, Сағынбек Тұрсынов және басқа да белгілі дипломаттардың өмір жолы енген. Автор олардың көпшілігімен қызметтес болғанын атап өтті.

Бұл кісілердің барлығын өз көзіммен көрдім, бірге жұмыс істедім. Сондықтан олардың саяси портретін жасауды болашақ ұрпақ алдындағы аманатым деп қабылдадым. Дипломат болуды армандайтын жастар үшін бұл кітаптың берер өнегесі көп деп ойлаймын, – деді Гүлсім Еңсепова.

Автор кітапты жазуға үш жыл жұмсаған. Мемлекеттік қызметтегі негізгі жұмысынан қолы босаған уақытта материал жинап, естеліктерді қағазға түсірген.

Оның айтуынша, ең күрделі тұсы – кітап кейіпкерлерінің өмірі мен қызметіне қатысты деректердің дәлдігін сақтау.

Кітапқа енген адамдардың бәрі – көзі тірі тұлғалар. Сондықтан бір деректі немесе бір цифрды қате беруге болмайды. Олардың барлығы жазылған материалдарды алдын ала оқып, өз ұсыныстарын айтты. Кейбір тұстарын толықтырып, түзетулер енгізді. Осылайша кітапқа төтенше және өкілетті елші дәрежесіндегі 20 дипломат енді, – деді ол.

Фото: Сырым Рахимбеков
Фото: Сырым Рахимбеков

«Бір үстелде үш адам отыратынбыз»

Тұсаукесер барысында Гүлсім Еңсепова тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының алғашқы жылдарындағы қиындықтарды да еске алды.

Ол еңбек жолында Қазақстанның Германиядағы алғашқы елшілігінде қызмет атқарған. Сол кезде елшілік Бонн қаласында орналасқан.

Алғашқы елшілікте жұмыс істеген кезде ғимарат табудың өзі үлкен қиындық болды. Ал Сыртқы істер министрлігі жаңадан құрылған уақытта отыратын орындығымыз да жетіспейтін. Бір үстелде үш адам отыратынбыз. Біріміз орнымыздан тұрған кезде екіншіміз келіп отыратын. Осындай жағдайда жұмыс істесек те, дипломаттар барлық қиындықты еңсере білді, – деп еске алды автор.

Оның сөзінше, сол кезеңдегі қызметкерлердің қажырлы еңбегі мен тәжірибесі кітаптың негізгі арқауына айналған.

Төлеутай Сүлейменов жас дипломатқа қалай бата бергенін айтты

Іс-шараға Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов те қатысты. Ол Гүлсім Еңсепованың министрлікке алғаш жұмысқа орналасқан кезін еске алды.

Кадрда Төлеутай Сүлейменов / Фото: Сырым Рахимбеков

Гүлсім Бақытқызы мен министр болған кезде жап-жас қыз еді. Жұмысқа қабылданғанда қандай қызмет атқарғысы келетінін сұрадым. Ол атташе болғысы келетінін, кейін елші атануды армандайтынын айтты. Сол кезде батамды беріп, «Өсе бер, алдыңда бүкіл әлем тұр» дедім. Содан бері министрлікте жақсы қызмет атқарып келеді, – деді Төлеутай Сүлейменов.

Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның шетелдерде дипломатиялық өкілдіктерін ашу жұмыстары қалай жүргізілгеніне де тоқталды.

Сыртқы істер министрі болған кезімде 18 елшілік аштық. Дипломаттарымыз Германияға, Бельгияға және басқа мемлекеттерге аттанды. Гүлсім Бақытқызы да сол кезеңнен бері дипломатия саласында еңбек етіп келеді. Кітабын оқып, өз ұсыныстарымды бердім. Еңбектің қазақ тілінде жазылғаны да маңызды, – деді ол.

Бұрынғы министр авторды жаңа еңбегінің жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Сыртқы істер министрлігі авторға құттықтау жолдады

Тұсаукесерге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ұлан Қасымбеков те қатысып, ведомство басшылығының құттықтау хатын жеткізді.

Ол мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

Кадрда Ұлан Қасымбеков / Фото: Сырым Рахимбеков

Жауапкершілігі мол мемлекеттік қызмет пен үлкен ізденісті талап ететін шығармашылықты қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Гүлсім Бақытқызының Сыртқы істер министрлігі ұжымындағы орны ерекше. Біз оны өте қадірлейміз, – деді Ұлан Қасымбеков.

Сондай-ақ ол Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы Серік Кенжебаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Дипломатия дарабоздары» атауы елге адал қызмет етіп, отандық дипломатияның дамуына үлес қосқан тұлғаларға деген құрметті білдіреді. Олардың өнегесін оқырманға жеткізу арқылы сіз дипломатиядағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға үлес қосып отырсыз, – делінген құттықтау хатта.

Министрлік өкілі авторға естелік сыйлық табыстады.

Жас дипломаттарға арналған еңбек

Гүлсім Еңсепованың айтуынша, кітап тек дипломатия саласының мамандарына ғана емес, халықаралық қатынастар мен саясаттануға қызығатын жастарға да арналған.

Автор бүгінде халықаралық журналистика пәнінен дәріс беретінін, студенттердің қазақстандық дипломаттардың өмірі мен қызметіне ерекше қызығушылық танытатынын айтты.

Студенттер біздің дипломаттарымыз туралы жиі сұрайды. Олар үшін бұл тұлғалар аңыз сияқты. Ал мен олардың көпшілігімен бірге жұмыс істедім. Сондықтан өзім көрген, білген дүниелерді жастарға жеткізгім келді. Бұл еңбек оқу құралы ретінде де пайдалы болады деп сенемін, – деді ол.

Фото: Сырым Рахимбеков
Фото: Сырым Рахимбеков

Автордың пікірінше, «Дипломатия дарабоздары» кітабы тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің қалыптасу кезеңін танытып қана қоймай, осы саланы таңдаған жастарға бағыт-бағдар беруді көздейді.

Оқи отырыңыз

{