Татамидегі туыстар: әлемдік дзюдодағы атақты ағайындылар

Татамидегі туыстар: әлемдік дзюдодағы атақты ағайындылар

Айзат Айдарқызы
Фото: El.kz коллажы

4-11 қазан күндері Әзербайжанның Баку қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұған дейін -48 кг, -52 кг, -60 кг, -66 келідегі жүлдегерлер анықталды. Арасында бір үйден шыққан ағайындылар да бар. Солардың бірнешеуіне шолу жасап көрелік. 

 Абэ әулетінде 11 әлем біріншілігінің жүлдесі бар

Әлемдік дзюдода ағайындылар туралы сөз болғанда, алдымен Абэ отбасы еске түседі. Ута мен Хифуми бала кезінен бірге жаттығып, дзюдодағы кәсіби жолын қатар бастады. Екеуінің де Олимпиада және әлем чемпиондары деген атағы бар. Әсіресе, 2021 жылы Токио Олимпиадасында ағайындылар  бір күнде Олимпиада чемпионы атанды. Ута 52 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетсе, Хифуми 66 келіде алтын алды.

Ал Бакудегі 2026 жылғы әлем чемпионатында екеуі тағы да перформанс көрсетті. Ута – алтыншы рет, Хифуми бесінші рет әлем чемпионы атанды. Халықаралық дзюдо федерациясы олардың Бакудегі жетістігін «ерекше нәтиже» ретінде атап өтті. 

Антонио мен Джованни Эспозито

Ағайынды дзюдошылардың тағы бір жарқын мысалы – Италиядан шыққан Антонио және Джованни Эспозито. Екеуі де қазір әлемдік татамиде өнер көрсетіп жүр әрі Бакудегі әлем чемпионатының қатысушылары. Джованни 73 келіге дейінгі салмақта, ал Антонио 81 келіге дейінгі салмақта Италия намысын қорғайды. Бүгін Баку татамиінде Джованни Эспозито шеберлігін көрсетіп, ширек финалға шықты. 

Антонио Эспозито – 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы. Ол Париж Олимпиадасында бесінші орын алып, Еуропа чемпионатында күміс медаль иеленген. Ал Джованни 2015 жылы кадеттер арасында әлем чемпионы атанып, ересектер арасында да халықаралық жарыстарда да жүлдеге ілінген. 

Олардың отбасын дзюдо спорты байланыстырады. Өйткені екеуін де дзюдоға әкелері Джузеппе мен оның ағасы Паскуале әкелген. Паскуале Эспозито да дзюдомен айналысқан. 

Антонио мен Джованнидің ерекшелігі – олар үйде бауыр болғанымен, алаңда бір-біріне спарингте серік  бола алады. Қарсыластарын талдап, стратегия құра алады. Біреуі татамиге шықса, екіншісі тақымын қысып, тілеуін тілейді. 

IJF-ке берген сұхбатында ағайындылардың екеуі де отбасылық байланыстың спорттағы жолдарына ерекше әсері еткенін айтқан. Бакуде де олардың жолы назар аударуға тұрарлық. Джованни 6 қазанда 73 келіге дейінгі салмақта татамиге шығады. Ал Антонио 7 қазанда 81 келіде өнер көрсетеді. 

Cейя және Маша Бальхаустар

Сейя және Маша Бальхаус – белгілі неміс дзюдошылары. Олар 2000 жылы 27 шілдеде Гамбург қаласында дүниеге келген. Егіз апалы-сіңлі  спортшылар әлемдік деңгейде табысты өнер көрсетіп жүр. Маша Бальхаус 52 келіге дейінгі салмақта белдеседі. Кеше Баку татамиінде жартылай финалда Ута Абэден жеңіліп, жұбаныш белдесуіне шықты. Кейін қола үшін күресте қарсыласына жол беріп, 5 орынға тұрақтады. Ол Әлем чемпионатының бірнеше дүркін қола жүлдегері (2024, 2025 жж.) және 2024 жылғы Париждегі Олимпиада ойындарының қатысушысы. 


Сейя Бальхаус 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Бүгін Әзірбайжандағы әлем чемпионатының жартылай финалында өнер көрсетіп жатыр. Ол 2025 жылғы Еуропа чемпионатының алтын жүлдегері атанды. Олар Германияның ішкі турнирлерінде бір уақытта (әрқайсысы өз салмағында) ел чемпионы атанған, сондай-ақ 2025 жылы Будапеште өткен Әлем чемпионатында аралас командалық жарыста бірге қола жүлдені жеңіп алды.

Борчашвилилер

Ағайынды дзюдошылар туралы айтқанда Австрия атынан өнер көрсеткен Борчашвилилерді де айналып өту қиын. Шамиль мен Вахид Борчашвили – әлемдік деңгейде танылған ағайындылар. Шамиль –Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әрі әлем чемпионатының жүлдегері. Вахид те халықаралық аренада Австрия намысын қорғады.

Олардың бір турнирде қатар өнер көрсетуі де кездескен. Мысалы, 2023 жылғы Баку Grand Slam-де Шамиль 81 келіде күміс алса, оның ағасы Вахид те сол салмақта жарыс жолына шыққан. Бұл отбасының тарихы дзюдода бір-біріне бәсекелес бола отырып, қатар өсуге болатынын көрсетеді.

Эль-Нахастар

Канада құрамасының өкілдері Мохаб пен Шади Эль-Нахас та – дзюдо әлеміндегі ағайындылар. Олар дзюдоны Египетте бастап, кейін отбасымен Канадаға қоныс аударған. Үлкен ағасы Мохабтың ізін інісі Шади жалғастырған. 

Ең қызығы, белгілі бір кезеңде Мохаб інісіне жаттықтырушы болған. Шади жарыс кезінде ағасының кеңесіне жиі жүгінетінін айтқан. Тіпті Мохабпен жаттығу үшін күрес мәнерін өзгертуге тура келген. Бастапқыда оңқай болған Шади уақыт өте солақай дзюдошыға айналған. 

Егіз Штольдер

Германиялық Тереза мен Эмили Штоль – дзюдодағы егіз спортшылар. Екуі де 57 келі салмақта Германия намысын қорғаған. Егіз қыздар дзюдоға кездейсоқ келген. Ағалары Мартин дзюдо секциясына баратын.  Тереза Штоль 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. Токио Олимпиадасында командалық сында қола жүлдегер атанды. Германияның бірнеше дүркін чемпионы. 

фото: Getty Images

Қызығы сол,  2017 жылы тағдыр оларды халықаралық жарыстың ширек финалында кездестіреді. The Hague Grand Prix-де егіздер бір-біріне қарсы белдесіп, Тереза жеңіске жетті. Ол кейін күміс медаль алса, Эмили қола жүлдеге ие болды. Осылайша, егіз қыздар  бір турнирде бір салмақта қатарынан екі жүлде алды.

Оқи отырыңыз

{