Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі

Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі

Аян Қайырбаев
Фото: Ерлан ОМАР, «EQ»

«Таза Қазақстан» – дақпырт пен даңғазадан ада, жалған іс пен жалаң сөз араласпаған, тазалықты ту еткен, өскен жер, өнген ортаны өркендеткен өзекті бас­тама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған акция бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болды.

Бұл – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғатқа қам­қорлық көрсетуге, қоғамды жауапкершілікке тәр­бие­леуге бағытталған маңызды қадам. Осы орай­да «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңында қоғам қайраткерлері, зия­лы қауым өкілдері мен сала мамандары бас қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілік, ысырап­шылдықпен күрес, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылады.

Жаңарудың жарқын үлгісі

Бауыржан ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:

«Таза Қазақ­стан» акциясы 2024 жылы 8 сәуірден жүзеге асырыла бастады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқа­ев облыстар мен қалалардың әкім­­деріне аумақ­тарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың аса маңыздылығын ерекше атап өтті. Елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналатын болды. Бұл тұжырымдар мемлекеттің бас­ты құжаттарына да енгізіле бастады. Табиғатты аялау қажеттігі жаңарған Конституциямызда алғаш рет көрініс тапты. Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп нақты міндет қойылды. Демек, бұл – жалпыхалықтық іс. Бұған әр адам атсалысуға тиіс. Себебі бұл жай міндет емес, Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет».

Мәселеге әр қырынан келуге болады. Алдымен, ойға оралатыны – айналаны аялау, яғни қоршаған ортаны қорғау. Сыртқы әлемнің сұлулығын сақтау. Ауаның да ақысы, судың да сұрауы бар екенін ұмытпау. Яғни өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктің тазалығын қам­тамасыз ету. Осы тұрғыдан Пре­зиденттің: «Халықтық сипат алған нау­қанның мақсаты – экологиялық сана қа­лып­тастыру, азаматтық жауап­кер­ші­лік­ті арттыру», деген сөзін әрдайым есте ұстауымыз қажет.

Екінші, мемлекетімізді көркейту. Тазалық ұғымын басты өлшем етіп алу. Яғни туып-өскен, өніп-өркендеген ел-жұртыңның, аяулы атамекеніңнің тазалығы. «Біз «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек», деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ортақ үйдің орнықты дамуы – келелі келешектің кепілі.

Үшінші, өзіміз мекен етіп жатқан жеріміздің тазалығы. Әр шаңырақтан шуақтың кетпеуі. Мерейлі мекеннің мәртебелі болуы. Әр тұрғынның берекелі баспанасында тазалық ұғымының салтанат құруы. Ел басшысы осыған орай «Тазалық әр үйден басталуы керек» деген тұжырым жасады.

Төртінші, ұрпақты тазалыққа баулу. Тазалық табалдырықтан бастау алады. Туған үйіңнің табалдырығынан. Басқан баспалдағыңнан. Құтты қадамың­нан. Жүрген жолыңнан. Шарлаған шақыры­мыңнан. Беттеген белесіңнен. Шыққан шыңыңнан. Қысқасы, тазалық пен тәрбиенің түйісетін тұстары көп. Прези­денттің: «Кішкентай кезінен тазалыққа үйрен­ген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады», деген сөзін осы тұрғыдан түйсінген жөн.

Бесінші, сананы тазарту. Бойдың тазалығын, ойдың тазалығын сақтау. Тегінде мұны бесінші қатарға емес, бәрінің алдына, яғни бірінші қатарға қойсақ та болар. Өйткені сана дегеніміз – бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас дүниенің өзегі. Сана тазарса, барлық нәрсе тазарады. Тазару жаңаруға, жаңару жаңғыруға бас­тайды. Осының бәрі Мемлекет басшы­сы­ның мына тұжырымынан туындайды: «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғыр­на­маның ажырамас бөлігі. Бұл – тек қор­шаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз».  Біз бүгін осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде әңгімелесеміз.

Сонымен, әңгімемізді «Сана тазармай, қала мен дала тазармайды» деп бас­та­дық. Ендеше, сана қалай тазармақ? Ол қалай іске асады? Оған сіздер қандай үлес қоса аласыздар? Қай тұрғыдан атса­лы­суларыңыз мүмкін? Міне, өзде­ріңіз­бен бірге осы жөнінде сөз қозғаймыз.

Өркениетті елдердің өрісті өнегесі

Еділ ЖАҢБЫРШИН, Халық Кеңесінің мүшесі:

Осыдан 21 жыл бұрын техника ғылымдарының докторы атағын қорғаған кезімде Ташкенттен келген ғылыми кеңестің мүшесі Усман Ходжаев деген профессор маған: «Сіз физиканың экологиясын індете зерттеген екенсіз. Ендігі жерде көзге көрінбейтін әлем­нің экологиясын зерделегеніңіз абзал», деп кеңес берді. Өзбек ғалымының сөз астарында сана тазалығы, ой мөлдірлігі жатыр. Сана­ны тазарту үшін жүрегіміз тыныш, таза болуы шарт. Жер бетіндегі игілік атаулының бәрі де адам қолымен жасалады. Өкініштісі, бүлдіруші де – адамзат.

Мәжілістің VIII шақырылымының  депутаты болып жүрген кезімде, радиоак­тивті қалдықтарға қатысты заң жобасын әзірлеу кезінде Норвегия еліне іссапармен бардық. Сонда арнайы өкілдерден қоқыс полигонына ертіп баруды өтіндік. Бізге Драммен қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонды көрсетті. Қоқыс алаңына ұқсата алмайсыз, қолқаңды қабар күлімсі иіс мүлде сезілмейді. Өйткені қоқысқа төгілген заттың 98 пайы­зы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Жағымсыз иіс таралмауының тағы бір себебі, мұнда тамақ қалдықтары төгілмейді. Ал біздің елорданың өзінде полигонға төгілетін қоқыстың 44 пайызы – тамақ қалдығы. Оның бәрі қоқыспен мидай араласып іріп-шіріп жатыр. Норвегтер тамақ қалдығын бөлек ыдысқа, тұрмыстық қалдықты өзге қапқа жинап, қоғамдық қоқыс жәшігіне салады.

Тағы бір таңдандырғаны, арнайы дүкен бар екен. Әркім өзінің үйіндегі тұтынбайтын, бірақ әлі де кәдеге асатын артық-ауыс мүлік-мүкәмалын осы дүкенге өткізеді. Осы арадан өзге норвегиялық келіп, қажетіне жарайтын затын таңдап ала алады. Норвегтерден осындай игілікке қалай жеткенін сұрағанымда, тәрбиені балабақшадан бастағандарын айтты. Яғни балдырған балабақшаға барғанда тәрбиешілері оған тұрмыстық қалдықтарды қалай сұрыптау қажеттігін үйретеді. Отбасында әке-шешесі қоқыс қалдығын дұрыс сұрыптамаса, баласы ескерту жасайды. Сана мәдениетін қалыптастыруға бұл мемлекет 40 жылға жуық уақытын сарп еткен. Ел бүгінде игілігін көріп отыр.

Тағы бір мысал, Қытайдың 10 миллионнан астам тұрғыны бар Чанша деген қаласына барғанымызда да, қоқысты өңдеп, игілігіне малынып отырған халықтың тіршілігіне тәнті болдық. Мұнда арнайы зауытта күніне 10 мың тоннаға дейін қоқысты өртеп, энергия көзін айырады екен. Осы қалдықтың 9 мың тоннасы күнделікті тұтынудан шықса, қалған 1 мың тоннасы – кәріз жүйесінен жиналған лас суды тазалайтын стансаларда сүзіліп үйілген лай. Сыртынан қараған жанға мұнда қоқыс өндіретін зауыт бар десе сенбейтіндей, айналасы абаттандырылып, көгалмен көмкерілген. Бүтіндей бір қаланың қоқысын өртегенде ешқандай қою түтін ауаға таралып, атмосфераны ластамайды. Өйткені бірнеше сүзгіден өткізеді. Қоқыс қалдығын өртегенде түсетін күлдің өзін құрылыс материалын шығаратын цех, кәсіпорындар пышақ үстінен бөліп әкетеді. Қысқасы, бір ел сана мәдениетін балабақшадан баланың зердесіне тоқу арқылы тазалықтың шыңына шыққан. Екінші мемлекет технологияның әлеуетін молынан пайдаланып, игілікке кенеліп отыр. Менің түсінгенім, екі елдегі басты құндылық – азаматтарының жүрегіндегі тазалыққа баса мән беруі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Таза Қазақстан» ұғымы әр адамның өз үйінен, ауласынан, көшесінен, ауылынан, қаласынан басталатынын үнемі айтып келеді. Сана тазарғанда ғана біз осынау ауқымды түсініктің астарына  тереңдей үңіле аламыз.

Адамның ойы да сұлу болуы керек

Серік ЕГІЗБАЕВ, Құрылтай депутаты:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы туралы айтқанда: «Бұл –  жай ғана сенбілік немесе уақытша акция емес», деп атап өтті. Бұл, ең алдымен, әрбір азаматтың ішкі мәдениеті, сана тазалығы мен арының айнасы, бәрімізді біріктіретін жал­пы­ұлттық идео­логия. Егер біз қалаларымыз бен ауылдарымыздың мұнтаздай таза, көркем болғанын шын қаласақ, өз­ге­рісті өз бойы­­­мыз­дан бастауымыз керек. Өз ойы­мызды, ниетімізді, табиғатқа деген көзқарасымызды түпкілікті өзгерт­пейінше, сыртқы орта ешқашан түзел­мейді. Өйткені таза орта – мөлдір сананың жемісі.

Абай Құнанбайұлы Он тоғызыншы қарасөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды», деп текке айтпаған. Ұлттың іргесі отбасындағы тәрбиеден қаланады. Классик жазушы Антон Чеховтың: «Адамның бойындағының бәрі: жүзі де, киімі де, жаны да, ойы да сұлу болуы керек», деген сөздері осыны меңзесе керек.

Сана тазалығы әр үйдің босағасынан, отбасы жылуынан бастау алуға тиіс. Ұрпақтың бойына «Адал азамат» деген биік ұғымды сіңіре алсақ қана қоршаған ортаға шын жанашыр, жауапты қоғам қалыптастырамыз. Бүгінде экологиялық мәдениет пен тазалық түсінігі мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары мәртебеге ие болды. Ата заңымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттігіміздің негізгі қағидаты болып шегеленді.

Ауыл – біздің рухани бесігіміз. Атамекеннің әрбір сүйем жерін таза ұстау, өзен-көлдерімізді қорғау, жайылымдарды тоздырмау ата-баба аманатына адалдығымыз болса керек. Санасы тұнық, еңбекқор, туған жерін жан-тәнімен сүйетін азамат қана Ұлы даламыз бен қалаларымызды гүлдендіре алады.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясын жаңа деңгейге шығарып, «Ұлттық тазалық стандартын» әзір­леу­ді тапсырды. Бұл – жай ғана техникалық құжат емес, азаматтардың мінез-құлқын, адамгершілік нормасын, елге деген құрметін айқындайтын құндылық. Туған жерін ластайтындарға, табиғатқа қиянат жасайтындарға қоғамда «нөлдік төзбеушілік» атмосферасын қалыптастыруымыз керек.

Ата-бабамыз: «Атаңнан мал қалған­ша, тал қалсын!» деп бекер айтпаған. Президентіміз бастап берген жалпы­ұлт­тық идеология әрбір үйдің, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуға тиіс. Санамызды тазартып, ниеті­мізді түзеп, білек сыбана еңбек етсек, еліміз­дің қаласы да, даласы да көркейе түседі.

«Таза Қазақстан» – ортақ жауапкершілік

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Бас редакторлар клубының президенті:

«Таза Қазақстан» бастамасы қоғам алдына маңызды міндет қойды. Ол – туған жерге жанашырлықты әр азаматтың күнделікті ұстанымына айналдыру. Еліміздің жаңаруы әрқайсымыздың өз ісімізге, қоғамдық ортаға деген жауап­кер­шілігімізден басталады. Президент Ұлттық құрылтай отырыстарында адал азамат қалыптастыруға, заң мен тәртіпті орнықтыруға, ысы­рап­шыл­дықты тыюға ерекше мән берді. Тазалық мәдениеті осы міндеттермен тікелей сабақтас. Өйткені қоғамдық сананың деңгейі адамның күнделікті әрекетінен көрінеді.

Тазалық тұрақ­ты дағдыға, одан әрі қоғамдық нормаға айналуы керек. Ұлттық құрылтай жұмысына қатыс­қан азамат ретінде бұл бастамалардың қоғамдағы нақты сұраныстан туға­нын жақсы түсі­немін. Сенаттағы қызметімде де қабыл­данған шешімнің құндылығы оның адам өміріне әкелген өзгерісімен өлшенетініне көз жеткіздім. Осы тұрғыдан халықаралық тәжірибеде назар аударарлық сабақтар бар. Мысалы, Норвегия тәжірибесі еркіндік пен жауапкершіліктің бірлігін көрсетеді. Бұл елде табиғат аясында еркін серуендеу құқығы табиғатты сақтау міндетімен ұштасады. Норвегияның Қоршаған орта агенттігі демалған орынды ретке келтіріп, қоқысты өзіңмен бірге алып кету қа­жеттігін түсін­­­діреді. Табиғатты пай­­далану құқығы оны күтіп ұстауға мін­­­­деттейді. Су­сын ыдыстарын ке­­пілақы­­­мен қай­­­­­тару жүйесі де осы ұста­­­­ным­­ды қолдайды. Ар­найы белгісі бар бос плас­тик бөтелке мен алюминий құты­ны өткізіп, кепілақыны қайтарып алуға болады. Infinitum жүйесінде өндірушілер мен импорттаушылардың жауапкершілігі де қарастырылған. Бұдан шығатын қорытынды – азаматтың дұрыс әрекет жасауына қолайлы жағдай қажет. Қалдықты тапсыру жеңіл әрі түсінікті болса, жауапты тұтыну күнделікті әдетке айналады.

Жапония тәжірибесі де тазалық мәдениетінің тәрбиеден басталатынын аңғартады. Бұл елдің мектептерінде оқушылардың сынып пен ортақ кеңістікті бірге тазалауы Tokkatsu тәрбиелік іс-әрекеттер жүйесімен байланысты. Токио университетінің зерттеушілері оны бірлесіп жұмыс істеуге, өзара қарым-қатынас пен жауапкершілікке үйрететін тәжірибе ретінде сипаттайды. Өзі күткен ортаның қадірін бала ерте түсінеді. Өзгенің еңбегін бағалауды үйренеді. Біз осы тәрбиелік мазмұнға мән беруіміз керек. Баланың жасына сай, қауіпсіз әрі педагогикалық тұрғыдан ойластырылған ортақ іс ұқыптылықты бойға сіңіреді.

Сингапур тәжірибесінде жүйелілікке басымдық берілген. 1968 жылы 1 қазанда Ли Куан Ю бастаған «Keep Singapore Clean» бастамасы іске қосылды. Ол қоғамдық ағарту мен тұрғындарды жұмылдыруды тәртіп талаптарымен ұштастырды. Бұл бағыттағы жұмыс кейін де тұрақты жалғасты. Сингапурдың Ұлттық қоршаған орта агенттігі бүгін де қоғамдық аумақтарды тазалау, халықты ағарту және заң талаптарын орындату бағыттарын қатар жүргізеді. Құқықбұзушыларға сот шешімімен қоғамдық орындарды тазалау жұмысы тағайындалуы мүмкін.

Халықаралық тәжірибені өз жағда­йы­мыз­ға бейімдеп, нақты іске айналдыру айрықша  маңызды. «Таза Қазақстанның» болашағы осы ортақ жауапкершілікке байланысты. Тазалық әр отбасындағы тәрбиеге, әр азаматтың әдетіне, бүкіл қоғамның өмір салтына айналуға тиіс.

Біз табиғатқа тәуелдіміз

Ирина ТЕН, Құрылтай депутаты:

Қоршаған ортаның табиғи байлығы, орман-көлі, ағын суы, асау толқынмен таласқан теңізі – бәрі-бәрі кейде шеті-шегі жоқ, сарқылмайтын ресурс секілді көрінеді. Теңіз дейтінім, өзім Арал өңірінің тумасы болғандықтан, экология тақырыбы маған бала күннен таныс. Сандық түбінде өткеннің белгісіндей қалған ескі суреттерді, әкем жиған альбомды ақтарып отырып, теңіз бауырында өскен алдыңғы толқынға қатты қызығатынмын. Аяныштысы, мен өсіп- жетілген сайын бұрын екі арасында кеме қатынаған, асау да айдынды теңіз тартыла берді. Арал тағдыры елімізге ғана емес, дүниежүзіне сабақ болды. Сол себепті біздің буынның ең негізгі міндеті – табиғатты сақтау ғана емес, оны қалпына келтірумен де байланысты дер едім.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында, «Таза Қазақстан» концепциясында осыған ерекше мән берілген. Осы ретте Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин мырзаның ұстанымын мен де қуаттағым келеді. Экономиканың экологиялық мәселелер есебінен дамығаны дұрыс емес. Ірі кәсіпорындар табиғатқа келтірген орасан зор залалы үшін жауапкершілікке тартылуға тиіс.

Партия жастары үшінші жыл қатарынан ірі қала, ауданаралық жол, автомагистралдардың бойында қоқыс жинап, тазалыққа үн қосатын эстафета ұйымдастырып келеді. Қоқыс тас­та­мауға шақы­ра­тын осындай өміршең бас­та­ма­лардан өзге жүр­гі­зу­шілер са­бақ алса, жол үс­тін­де таби­ғатты ластамаса екен дейміз. Себе­бі тазалыққа әрбір адам жа­уапты. Қалып­тасқан, санасы сергек адам оған бейжай қара­майды. Саналы ұлт­тың артын­да таза­лық­қа жаны құмар, мәдениетті ұлт тұрады.

Әріптестер Жапония, Норвегия, басқа да дамыған елдердің үлгісін мысал етіп жатыр. «Тазалық таза жерде емес, тазалық сақтаған жерде болады». Дөп айтылған сөз. Біз де алдағы жылдары қоқыс жинайтын адамдардың санын көбейтуден қоқыс тастамайтын буын қалыптастыруға көбірек күш салуымыз керек.

Қоқысты өңдеу өнеркәсібіне қатысты мәселелер – өз алдына бөлек, үлкен тақырып. Ол да кешеуілдемей, ілесе дамуға тиіс. Біз табиғатқа тәуелдіміз. Таза ауамен тыныстап, ас-суымыз, керек-жарағымыздың бәрін содан ажыратамыз.

Еліміздің әсем табиғаты – бізге дейінгі буынның қалдырған байлығы. Сол аманатқа қиянат жасамай, кейінгі толқынға қалдыру – бізге парыз. Саналы таңдау дегеніміз осы.

Қоршаған ортаға жанашырлық – нағыз патриотизм

Әйгерім СЕРІКЖАНОВА, Халық Кеңесінің мүшесі:

Өзіңе, сөзіңе, ісіңе адал болу, заң мен тәртіпті сақтау, өз құқығыңды қорғай отырып, өзгенің құқығын таптамау секілді түсініктерді елді, жерді таза ұстау деген ұстаныммен жалғастыруға болады. Тәуелсіз елдің патриоты болу деген қолға қару алып, Отанды сыртқы жау­дан қорғау деген түсінікпен ғана өлшенбейді. Отанды сүю  – отба­сына, мемлекетке, қор­шаған ортаға жана­шырлық. Пре­зидент «Таза Қазақстан» бастамасы ­туралы айтқанда аула тазалығынан бөлек, сананың, жүректің тазалығы туралы ой қозғады. Меніңше, жекелеген мемлекеттік институттар, білім ордалары, азаматтық қоғам – бәрі бірігіп әрекет еткенде ғана идеядан басталып, жалпыхалықтық сипат алған «Таза Қазақстан» жобасы нәтиже береді. Рас, цифрлық технологиялар адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты сұранысты жылдам өтеуге ықпал етеді.

Мысалы, жуырда біз креативті индустриялар саласында жаңа цифрлық платформаны іске қостық. Онда креа­торлар өз жобаларын ұсынып, оған қажетті қаржыландырудан басқа да керек-жарағын түгендейді. Сол секілді бірнеше әріптесімізбен «Таза Қазақстан» ұстанымы аясында іске асатын жобаларды әзірлеудеміз. Оның ішінде цифрлық платформа, GIS жүйесі қамтылады. Тіпті саябақтарда қоқыс тастау дерегін анықтап, мониторинг жасайтын арнайы бақылау камераларын орнату мәселесін IT мамандарымен талқылап, қарастырып жатырмыз. Уақыты келгенде ол да үйлесе жатар. Одан бөлек, күнделікті өзіміз пайдаланатын әлеуметтік желінің әлеуетіне, коммуникация құралдарына иек арт­қанымыз да жөн. Экология мәдениетін үлгі ету, қала, ауыл тазалығына шығатын жұмысшылардың есіл еңбегін насихаттау – баршамызға ортақ міндет.

Салақ ұлт болмайды

Қуат БОРАШ, Президент жанындағы Мемлекеттік бас­қа­ру академиясы Мемлекеттік саясат­тың ұлттық мектебінің директоры:

Маған дейін сөйлеген әріптестердің ой-пікірін зерделеп отырғанда Мемле­кет басшысының «Халқымыздың дүние­танымын, өмірлік көзқарастарын өзгер­туіміз қажет. Егер ол өзгермесе, жасалып жатқан реформалардың бәрі бекер» деген сөзі ойыма оралды. Адамзаттың жаратылысында ұқыпты немесе салақ ұлт деген жоқ. Құдай бәрін бірдей етіп жаратқан. Оны өзгертуге заң мен тәртіп тәжірибесі ықпалдасады. Біз неміс халқын таза, ұқыпты ұлт ретінде мысал етеміз. Бірақ сол ұлтпен қатар, тұтас Еуропаның өзін XV ғасырға дейін антисанитария өте қатты жүдеткен. Тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды, басқа да заттарды, бәрін түгел терезеден лақтыра беретін жаман әдетке үйреніпті. Көшеде сапырылысқан халық күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмай, зәрезап болған. Ол аздай, өлексенің иісі әр іргеден мүңкіп, ауру тарап жатқан кез. Германияның оңтүстік-батысындағы тарихи Швабия аймағында орын тепкен Вюртемберг графтығының билеушісі V Ульрих қоқысты тыюға білек сыбана кіріседі. Бірден халық қоқыс қалдықтарын түнде ғана шығарсын әрі оны белгіленген орынға апарсын деген өкім шығарады. Алайда тұрғындар оған құлақ аса қоймайды. Көп кешікпей сол өкімге қоқыс тастайтын үйдің көршісі, заңсыздықты көре тұра ол туралы ешкімге тіс жармаса, оған үлкен айыппұл салынады деген жарлық шығады. Көршінің қоқыс тастағанын билікке жеткізгендерге сол қоңсыласы жерінің бір бөлігін береді деген үкім қосылады. Соның ізімен бірте-бірте қоқысты бейберекет лақтыру тыйы­лып, аймақта тәртіп орнайды да, екі-үш ұрпақ алмасқан соң тазалық мәдениеті неміс ұлтының ұстынына, діліне айналады. Осындай тәжірибелерді мысал еткенде қоқыс тастағанға жоғары айыппұл салатын Сингапурдың тәжірибесін де аттап өте алмаймыз. Менің айтпағым, тек айыппұлдың жайы емес. Озық технологиялардың мүмкіндігін де мо­лынан пайдалану керек. Белгі­лен­беген жерге қоқыс тастайтындарды бейнебақылау камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау арқылы да қоғамға әсер етуге болады. Оның сәтті үлгісін бірнеше қала, облыс көрсетіп келеді.

Тазалық – ұлтымызға ежелден жат емес. Қазақ ұғымында бұған қатысты жүздеген, мыңдаған мақал-мәтел, аталы сөздер бар. Олардың көпшілігі күнделікті тыныс-тіршілігімізде жиі қолданылады, санамызда берік жатталған. Біз осы үрдіспен ұлттық тамырдан тарта отырып, барша бұқараның, жастардың санасына әсер ете білгеніміз абзал.

Тазалықтың артында орасан еңбек жатыр

Альберт ЕСАЛИЕВ, «Астана тазалық» ЖШС-ның бас директоры:

Қаланың тазалығын қамтамасыз ету оңай іс емес. Дегенмен одан да маңызды міндет бар. Ол – адамдардың тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту. Мен бұл мәселені қаланың тазалығын қамтамасыз ететін кәсіпорынның басшысы ретінде күн сайын көріп жүрмін. Таңертең тұрғындар таза көшеге шығады. Ал сол тазалықтың артында таң атпай жұмысқа кірісетін, кейде түн ортасына дейін еңбек ететін, қыстың аязында да, жаздың аптабында да өз міндетін атқаратын адамдар бар. Көшені тазалау біздің күнделікті жұмысымыз болса, тазалықты сақтау әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Осы екі бағыт қатар жүргенде ғана тұрақты нәтижеге қол жеткіземіз.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоршаған ортаны күтіп ұстауға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған жұмыс жүргізіліп келеді. Айталық, «Астана тазалық» кәсіпорны мектептермен бірлесіп, оқушыларға арналған ашық сабақтар легін бас­тауды жоспарлап отыр. Оларға тазалықтың артында адам ең­бе­гі тұрғанын, қор­­шаған ортаның бә­рімізге ортақ екенін, әрбір адам­ның өз әрекеті үшін жауапты екенін жеткізгіміз келеді. Меніңше, мұн­дай сабақтар құр­ғақ дәріс түрін­де өтпеуі керек. Балаларға таза­лық қызмет­кер­лерінің күнделікті жұмысын көрсету, арнайы техниканың қалай жұмыс істейтінін түсіндіру, қалдықтардың қалай жиналатынын таныстыру керек. Бала сол еңбекті өз көзімен көргенде ғана оның маңызын тереңірек түсінеді. Бүгін тазалық қыз­меткерінің жұмысымен танысқан оқушы ертең көшеге қоқыс тастамауға саналы түрде ұмтылуы мүмкін. Біз осы арқылы балалардың бойында еңбекке құрмет пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырғымыз келеді. Себебі  балаға тазалық туралы айтумен қатар, оның мәнін түсіндіру қажет. Мұндай тәрбие отбасында басталып, мектепте жалғасып, қоғам тарапынан қолдау тапса, жақсы нәтижеге жеткізеді.

Екінші мәселе қалдықтарды сұрып­тауға байланысты. Өздеріңіз білетіндей, қоқысты бөлек жинау мәдениетін да­мы­туға  тұрғындарға қолайлы жағдай жасау қажет. Сұрыптауға арналған кон­тей­нер­лердің қолжетімді болуы, олар­дың уақтылы босатылуы, жиналған қал­­дық­тардың тиісті бағытқа жеткізілуі маңызды.

Сананың кемелдену көрінісі

Сымбат ШӘКІРОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, PhD:

«Сана тазалығы – ұлт мәдение­тінің өлшемі» дегеннің астарына терең­дей үңілсек,  адам болмысына, қоғам мәде­ниетіне, ұлт­тың рухани кел­бетіне қатысты бірқатар маңызды философиялық ой жатыр. Айна­ла­мызды тазартуға ұмтылып жүрген біз санамызды қан­шалықты тазарта алып жүр­міз? Сана дегеніміз не? Оны неден қа­лай тазарту қажет? Дөңгелек үстелде қозғалған тақырыптың тоғысар тұсы да осы болса керек. Философиялық тұрғыдан сана – адамның дүниені танып-білу, өзін-өзі түсіну, өз әрекетіне баға беру мен қоршаған ортамен саналы қатынас орнату қабілеті. Таза сана – өз қатесін түсінеді, оны мойындап, түзетуге ұмтылады. Өйткені адам кемелдігінің өлшемі оның қателесуінде емес, өзін-өзі жетілдіру қабілетінде. Сана таным арқы­лы тазарады. Алай­да білімінің кемерінен асуы сана кемел­ді­гінің өлшемі емес. Сондықтан да білімді адамның бәрі парасатты бола бермейді. Екінші, сана ар арқылы да бұлақ тұнығындай тазарады. Қазақ дүниетанымында ар – адами қасиеттің ішкі өлшемі. Адамды әрдайым сырттан бақылау мүмкін емес, әр әрекетін де заңмен реттеу де қиын. Десе де адам өз арының алдында жауап беруі – оның адамгершілік кемелдігінің белгісі. Үшінші, сана жауапкершілік жүгін арқалай алу арқылы да тазарады. Өзінің әрекеті тек қарақан басына ғана емес, өзгелерге, қоғамға, табиғатқа, сонымен қатар келер ұрпаққа игілігін төгетінін түйсіне алғанда оның санасы даму деңгейіне көтеріледі. Сана – өзінің өзегінен өткізе қабылдаған ақиқаттың өмірлік ұстанымға, сол қағиданы күнделікті әрекетке айналдыра алғанда ғана кемелденеді.

Таза сана өзгеше ойлаудан тартынбайды, өзгенің пікірін тыңдай алады, қайшылықты күшпен емес, парасат-пайыммен шешуге ұмтылады. Әркім өз әрекетіне сын көзбен қарап, қатесін мойындай білгенде, ардың талабын сыртқы фактордан жоғары қоя алғанда, жеке басының мүддесінен гөрі қоғам мен табиғат алдындағы жауапкершілікті ойлағанда, ең бастысы айтқан сөзі мен әрекеті өзара қабысқанда ғана сананы тот баспайды.

Балаға ата-ана сыншы

Әбділда МЕЙІРБЕКОВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­тех­ни­ка­лық зерттеу университетінің профессоры:

«Таза Қазақ­­стан» жалпы­ұлт­­тық бағ­дар­­ла­ма­сының негізгі мақ­сатта­рының бірі – экологиялық сананы қалып­тас­тырумен бай­ланыс­ты. Эко­ло­­гиялық са­на, мәдениет қалып­тас­пай, таза­лыққа жете алмаймыз. Мұнда жекелеген адамдардың экология мәде­ниетінен бас­тап, өндірістік мәде­­­­­­­ниетті де қа­пер­­ден шығар­­­­мау­­ға тиіспіз. Еліміз қоқысты сұрып­­­тап жинайды деген үлкен бастама егемендіктің елең-алаңынан айтыла бастады. Алайда әлі күнге дейін осы жұмыстарға көңіл толмайды. Әлбетте, қоқысты сұраптап жинау арқылы қалдықты қайта өңдеп, кәдеге жаратуға болады. Оның сыртында, қоқысты дұрыс жинаудың өзі де – тәрбие. Экологиялық мәдениеттен баршамыздың хабарымыз болса, бұл шаруа әлдеқашан үйлесіп, көл-көсір пайдасы тиер еді. Қоқысты өңдеу экономиканың бір тетігі ретінде қаланып,  табиғи ресурстарды үнемдер едік.

2016 жылы тұрмыстық қатты қал­дық­тарды жинау мәселесімен бір­шама айналыстым. Соның ізімен қалдықтарды жинау жүйесінің тиімді жолын да ұсынып жатырмыз. Өкінішке қарай, қазір тозған, сыйымдылығынан асқан, экологиялық талапқа сай келмейтін полигондар көбейді. Оны алдын алудың түп негізі қоқысты сұрыптап, дұрыс жинаудан басталады.

Біз саналы ұрпақ қалыптастырамыз деген ұстанымды нақты іспен көрсете білуіміз қажет. Қайбір жылдары елдегі барлық ЖОО-да экология пәні міндетті компонент ретінде оқу бағдарламасына қосылған еді. Қазір мұндай талапты енгізу әр білім мекемесінің өз қалауында. Өкінішке қарай, күнделікті тіршілік, сапырылысқан шаруаның арасында экология мәселесін айтуға әрбір отбасының уақыты жете бермеуі мүмкін. Меніңше, тазалық қағидатының негізі білім мекемелерінде, әсіресе мектепте қалыптасады. Бала көргенін істейді. Сондықтан мұғалімдердің тазалық, экология туралы айтқан білімін үйде ата-ана тәрбиемен толықтырып отыруға тиіс. Балаға ата-анасы үлгі. Егер үлкендер қоқысты үйде бөліп жинауға дағдыланса, санасы сергек ойын баласы тазалық мәдениетін бірден бойына сіңіріп жетіледі. Экологиялық мәдениет, экологиялық сана осылай қалыптасады.

Обал мен сауаптың салмағы

Айдана ҚҰЛМАНОВА, Қазақстандық даму институтының сарапшысы:

Дөңгелек үстелдің бұл жолғы тақырыбы сана тазалығына арналып отыр. 2004 жылы ысырапшылдықтың зардабы туралы зерттеуімен Нобель сыйлығын алған кениялық ғалым Вангари Маатаи өзінің ғылыми еңбегінде заманауи экологиялық қағидаларды толық қамтитынын паш етті. Эколог ғалым әлемдік сыйлық алған еңбегінде reduce (тұтынуды азайту), яғни  артық зат сатып алмау; reuse (қайта қолдану) әр затты тозығы жеткенше тұтыну; recycle (қайта өңдеу) – қалдықты сұрыптап шикізатқа айналдыру; respect (құрметтеу) – адам еңбегіне құрметпен қарау ұғымына баса тоқталады.

Кейбір елдерде тәрелкедегі бір түйір дәннің өніп, ас болып алдыңызға келуі жолында адамдардың қан­шама еңбегі жатқаны айрықша бағаланады. Осы дәннің тағамға айналуына дейін­­гі жұмысты арқа­ла­ған жандар­­­ға құрмет таныту ұғымы ерекше. Осы қарапайым түсінікті түйсінген әрбір адам ысырапшылдыққа жол бермейді. Мұны неге айтып отырмын? Полигондарға төгілген қоқыстың ішінде иістенетін де, бұзылып шіріндіге айналатын да – тамақ қалдығы. Тағам қалдығын қай­та өңдеу әрекеті тым шабан, есесіне, тұр­мыстық қатты қал­дықтарды, те­мір-терсекті қай­та кәдеге жарату жүйелі жолға қойы­лып келеді. Мұн­дай заттардан иіс-қоңыс шықпайды.

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылы жүргізген қорытындысында қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу ісі қарқын алса, керісінше, коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату тым кенже қалғаны айқындалды. Өкінішке қарай, біз тағамды тұтынуда ысырапшылдыққа әлі де жол беріп келеміз. Техниканы, пластик кесінділерін қайта өңдеп, басқа өнім шығаруға қолданудың мүмкіндігі жоғары. Ал тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуді емес, обал мен сауапқа баса мән беріп, ысырапшылдыққа ұрынбауымыз керек.

«Жасыл экономика» тұжырым­да­ма­сының өзегі – ресурстарды қайта өңдеу. Бұл экономикалық дамудың эко­логиялық жауапкершілікпен тығыз бай­ла­ныс­ты екенін, яғни кез келген табысты экономиканың негізінде табиғатты қорғау қағидаттары жатқанын айқындай түседі.

Бауыржан ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:

Бүгінгі басқосуда талқылаған мәселе бірқатар ұғыммен сабақтасып жатыр. Мұны Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады», деп атап көрсетті.

Президент тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу, бұл ұғымды ұлттық брендке айналдыру жөнінде міндет қойып отыр. Ұлт болмысын өзгертетін жалпыұлттық қозғалыстан қай-қайсымыз да шет қалмауымыз керек.

Түйін

Қоршаған ортаның тазалығы адамның ішкі тазалығынан, яғни сананың жаңғыруынан бастау алады. Осы орайда «Таза Қазақстан» мемлекеттің экологиялық саясаты мен ұлттың ішкі мәдениетін тоғыстыратын басты идеологиялық тұғыр. Ысырапшылдықты тыйып, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ табиғатқа тұтынушылық көзқарастан арылу – бүгінгі буынның келер ұрпақ алдындағы перзенттік аманаты. Демек, қала мен даланы қоқыстан, ал қоғамды енжарлықтан арылтудың жалғыз жолы – әрбір азаматтың ортақ іске деген жауапкершілігін терең түйсініп, ең алдымен санасын тазартуы.

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ, Сәндібек АСАНӘЛІ, «Egemen Qazaqstan» 

Оқи отырыңыз

{