9 мамырда Берлинде Қазақстан мен тұтас Орталық Азия үшін бұрын болмаған оқиға өтті. Алғаш рет қазақстандық спортшы World Para Swimming Series кезеңіне қатысты. Турнирге әлемдегі ең мықты паражүзушілер жиналады. Сондықтан бұл – халықаралық параспорттағы ең беделді жарыстың бірі.
Тұрақты қолдаудың жемісі
Берлиндегі жарыста ел намысын Әмір Алпамыс қорғады. Ол World Para Swimming Series турниріне қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы спортшы атанды.
Әмір кәсіби спорт жүйесінен шыққан спортшы емес. Аутизмі бар баланың халықаралық деңгейге дейін жетуі – отбасының сенімі, жаттықтырушының табанды еңбегі және Idsport федерациясы қалыптастырған қолдаудың нәтижесі.
Төрт жыл ішінде федерация инклюзивті спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Әңгіме тек жарыс ұйымдастырумен шектелген жоқ. Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылардың құқықтары спорт жүйесінде ресми түрде ескеріле бастады. Заңнамалық және нормативтік деңгейдегі өзгерістер аутизмі бар азаматтардың жоғары жетістіктер спорына келуіне жол ашты.
2026 жылдың ақпанында Қазақстан халықаралық спорт кеңістігіне Дастан Ордабай арқылы танылған еді. Ол да кәсіби спорты емес. Әмір мен Дастанның нәтижесі – тұрақты қолдау мен дұрыс дайындық болса, ерекше спортшылар әлемдік деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдеді.
Федерация президенті Дина Темірғалиева мен жаттықтырушы Ернұр Сайлаубек спортшылармен бірге алғашқы күннен қатар жүрді. Халықаралық аренаға шықпай тұрып, бапкер Әмір мен Дастанмен бірге әуесқой жарыстарға қатысып, әр кезеңді бірге өткерді. Бүгінгі нәтиженің артында дәл осындай сенім мен ұзақ еңбек тұр.
Халықаралық классификациядан өтті
Әмірдің анасы Әлия Әбдібайтова жарыстың олардың отбасы үшін жай ғана спорттық дода емес, ұзақ жылғы еңбек пен сенімнің жемісі екенін айтты. Жаттықтырушы Ернұр Сайлаубектің сөзінше, Берлиндегі жарыста Әмір өз нәтижелерін айтарлықтай жақсартқан.
100 және 200 метр еркін стильде жеке рекордтарын жаңартты. Ал 400 метр еркін стильдегі уақытын бес секундқа қысқартты, – деді ол.
Сонымен қатар Әмір 100 метр брасс бойынша толық халықаралық классификациядан өтті.
Енді ол тек S14 емес, SB14 санатында да жарыса алады. Бұл оған кешенді жүзу бойынша халықаралық турнирлерге қатысуға мүмкіндік береді, – деді жаттықтырушы.
Федерация президенті Дина Темірғалиева:
Мақсат — бір жарыстың нәтижесі емес. Қазақстан мен Орталық Азия спортшылары әлемдік спорт қозғалысының толыққанды бөлігіне айналуы керек, – деді.
Virtus-тың маңызы қандай?
Қазір серіктестер мен жанашыр жандардың қолдауы арқасында ерекше спортшылар халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр. Қазақстан Virtus халықаралық федерациясының құрамына енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет саналады. Virtus – Халықаралық паралимпиада комитетінің ресми мүшесі. Федерация бүгінде жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, велоспорт, баскетбол, шаңғы споры секілді бірнеше бағытты дамытып келеді.
Idsport жетістіктерінің қатарында:
Федерация аясында халықаралық шаңғы жарыстары да өтті. Ал келесі маңызды кезең – пара үстел теннисі. ITTF World Para Future халықаралық турнирі 2026 жылғы 13–16 шілде аралығында Тайландта өтеді.