Тарихи мүмкіндік: Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін

Тарихи мүмкіндік: Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін

Диана Орынбасар
Фото: olympic.kz

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина осы аптада WTA рейтингінде алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін. Отандасымызға бұл мүмкіндік Цинциннати турнирінде рейтинг көшбасшысы Арина Соболенконың жарыстан ерте шығып қалуынан кейін туындады.

Рыбакинаға екі жеңіс қажет

Әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко Цинциннати турнирінің 1/8 финалында чехиялық Сара Бейлекке (WTA №35) есе жіберді. Кездесу 6:7 (7:9), 4:6 есебімен аяқталды. Беларусь теннисшісінің жеңілісінен кейін Рыбакинаның рейтингте көш бастау мүмкіндігі артты. Есеп бойынша, Еленаға әлемнің бірінші ракеткасы атану үшін Цинциннатиде тағы екі кездесуінде жеңіске жетіп, финалға шығу жеткілікті.

Егер қазақстандық теннисші финалға жолдама алса, Соболенкодан 1 ұпайға озып, WTA рейтингінің көшін бастайды. Ал турнир чемпионы атанса, арадағы басымдық 351 ұпайға дейін ұлғаяды.

Келесі қарсыласы – Ига Швёнтек

Елена Рыбакина Цинциннати турнирінің 1/8 финалында ресейлік Диана Шнайдерді жеңіп, ширек финалға шыққан болатын. Енді жартылай финал жолдамасы үшін қазақстандық теннисші әлемнің бесінші ракеткасы, польшалық Ига Швёнтекпен кездеседі.

Фото: sport5.by

Айта кетейік, Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің жеңімпазы 1000 рейтингтік ұпайға ие болады. Сондай-ақ чемпионға 1 миллион АҚШ долларынан астам қаржылай сыйақы беріледі. Егер Рыбакина Цинциннатиде қажетті нәтижеге қол жеткізсе, ол мансабында алғаш рет WTA рейтингінің бірінші сатысына көтеріледі.

Рыбакина үшін сәтті маусым

2026 жыл Елена Рыбакина үшін нәтижелі өтіп жатыр. Қазақстандық теннисші биыл Australian Open турнирінде топ жарып, мансабындағы екінші «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алды. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ Рыбакина биыл әлемдік рейтингте алғаш рет екінші орынға дейін көтерілді. WTA мәліметінше, қазақстандық теннисшінің еншісінде 2026 жылы екі жекелей титул бар.

Фото: olympic.kz

Цинциннати турнирінің алдында Рыбакина Торонтода өткен WTA 1000 санатындағы Canadian Open жарысында финалға дейін жетті. Турнир барысында ол Наоми Осака мен Коко Гауффты жеңіп, шешуші кездесуде Ига Швёнтекке есе жіберді. Рыбакина биыл WTA 1000 турнирлеріндегі жеңіс саны бойынша да көш бастап келеді. Цинциннати турнирінің ресми мәліметі бойынша, оның осы санаттағы жарыстарда 24 жеңісі бар. Сондай-ақ ол 2026 жылы хард кортта 28 матчта жеңіске жетіп, бұл көрсеткіш бойынша да WTA турындағы үздік нәтиже көрсетіп отыр.

Енді Цинциннатидегі сәтті өнері Рыбакинаға мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілуге мүмкіндік беріп отыр.

Оқи отырыңыз

{