18 Маусым, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?Өзбекстан ұлттық құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы тұңғыш ойынын өткізді. Тарихи кездесуде өзбекстандықтар Оңтүстік Американың азулы құрамаларының бірі – Колумбияға қарсы алаңға шықты. Тартысты өткен матчта Өзбекстан құрамасы 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ бастаманы тәжірибелі колумбиялық футболшылар өз қолына алды. Дегенмен Өзбекстан қорғанысы сенімді ойнап, қарсыласқа қауіпті соққылар жасауға мүмкіндік берген жоқ.
Уақыт өте келе өзбекстандықтар қарымта шабуылдарға шыға бастады. Бірінші таймдағы ең қауіпті сәт 31-минутта тіркелді. Колумбия шабуылшысы Луис Диас айып алаңына еніп, қақпаның алыс бұрышын көздеген еді, алайда доп бағанаға тиіп кері қайтты.
Колумбияның қысымы барған сайын күшейіп, 40-минутта нәтижесін берді. Луис Диастың тамаша пасынан кейін Даниэль Муньос қақпашымен бетпе-бет шығып, есеп ашты. Осылайша алғашқы тайм Колумбияның 1:0 есебіндегі басымдығымен аяқталды.
Үзілістен кейін Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро бірнеше ауысым жасап, ойынға тың серпін беруге тырысты.
Бұл шешім өз нәтижесін 60-минутта көрсетті. Алаңға жаңадан шыққан Хамданов допты сақтап қалып, айып алаңына әуелете пас асырды. Элдор Шомуродовтың соққысын колумбиялық қақпашы қайтарғанымен, доп Аббосбек Файзуллаевтың алдына түсіп, ол бос қақпаны дәл көздеді.
Осылайша Файзуллаев Өзбекстан құрамасының әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы голдың авторы атанды.
Алайда өзбекстандықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Араға бес минут салып, Шомуродовтан айырылған доптан кейін Колумбия қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Луис Диастың соққысын қақпашы қайтара алғанымен, доп бәрібір қақпа торынан табылды – 2:1.
Матч соңында Өзбекстан есепті теңестіруге бар күшін салды. Қосымша уақытта Ақмаль Мозговойдың соққысы қақпа маңдайшасынан сәл ғана жоғары өтті. Ал Шомуродов тағы бір қауіпті шабуылды нәтижелі аяқтай алмады.
Ойынға қосылған тоғыз минут ішінде Өзбекстан есепті теңестіре алған жоқ. Керісінше, Колумбия үшінші голын соғып кетті. Хаминтон Кампас айып алаңына бағытталған пасты баспен дәл аяқтап, матчтың нүктесін қойды.
Осылайша Колумбия К тобының алғашқы турында 3:1 есебімен жеңіске жетіп, үш ұпай еншіледі.
Топтағы жағдай:
Айта кетейік, топтағы алғашқы кездесуде Португалия құрамасы Конгомен 1:1 есебімен тең түскен болатын.
Келесі матч
Өзбекстан құрамасы келесі ойынын 23 маусым күні Португалияға қарсы өткізеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 22:00-де басталады.
Еске салайық, Өзбекстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысып отыр. Сондықтан Колумбиямен өткен матчтағы гол ел футболы үшін тарихи оқиға ретінде тіркелді.
18 Маусым, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр