30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыАстанада 94 жылдық тарихы бар Корей театрының шынайы оқиғасына негізделген «Театр алға ұмтылуда!» музыкалық спектаклі сахналанды. Қойылым Орталық Азияға күштеп қоныс аударылған корейлердің тағдыры мен қиын кезеңде де тіліне, мәдениеті мен өнеріне адал болған театр әртістерінің өмір жолын арқау етеді.
Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өткен спектакльді Корей мәдени орталығы Сеул өнер және мәдениет қоры және театр ұжымымен бірлесіп ұйымдастырды. Қойылым 2004 жылдан бері бауырлас қала саналатын Сеул мен Астана арасындағы мәдени алмасу аясында ұсынылды. Сондай-ақ ол биыл қыркүйекте Корея Республикасында өтетін алғашқы «Корея – Орталық Азия» саммитіне арналды.
94 жылдық тарих сахнада қайта жаңғырды
«Театр алға ұмтылуда!» спектаклі 1932 жылы құрылған Корей театрының шынайы тарихына негізделген. Қойылымда Кореядан жолға шыққан 13 адамнан тұратын көшпелі театр труппасының тағдыры баяндалады.
Спектакльде Приморье өлкесіндегі Синханчхон корей ауылынан Орталық Азияға жүк пойыздарымен күштеп қоныс аударылған корейлердің тағдыры да көрініс табады. Туған жерінен ажырап, қаһарлы аяз, аштық пен ауыр сынақты бастан өткергендердің арасында театр әртістері де болды. Алайда олар қандай қиындыққа тап болса да, өнерден қол үзбей, өз тілі мен мәдениетін сақтауға тырысты.
Қойылымдағы басты рөлдердің бірін Оңтүстік Кореяның театр және кино актері Ким Сон Он сомдайды. 48 жастағы актердің өнер саласында жүргеніне 25 жылға жуықтаған. Спектакльде ол Корей театры труппасының жетекшісін бейнелейді.
Ким Сон Онның айтуынша, оның кейіпкері труппа мүшелеріне бұйрық беріп, соңынан ертетін басшы емес. Керісінше, әртістермен бірге бір жолда жүріп, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыратын тұлға.
Оның басты мақсаты – халқының тілін, әнін және мәдениетін сақтау. Сол үшін әртістердің басын қосып, театр құрады. Мінезі жұмсақ, адамдармен тіл табыса біледі. Бірақ ұлттық мәдениетті сақтауға келгенде ұстанымы өте берік. Дәл осы қасиеті театрды алға жетелеуге күш береді, – дейді Ким Сон Он.
Актердің сөзінше, қойылым бір адамның ғана өмірін емес, тұтас театр ұжымының тағдырын көрсетеді.
Бұл – Корей театрын құрған адамдардың ортақ тарихы. Олар қанша қиындық көрсе де, өз тілін, әнін және мәдениетін жоғалтпауға тырысты. Біз сол адамдардың ұлттық құндылықтарын сақтап қалу үшін қандай жолдан өткенін көрерменге жеткізгіміз келді, – дейді ол.
500 үміткердің арасынан 13 актер таңдалды
Қойылымның актерлік құрамы арнайы кастинг арқылы жасақталған. Тыңдалымға 500-ге жуық адам өтініш беріп, олардың арасынан 13 актер іріктелген. Гастрольдік сапарға да осы құрам шыққан.
Қазақстанға алғаш келген Ким Сон Онға Астана мен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ерекше әсер қалдырған. Бұған дейін шығармашылық топ Бішкек пен Ташкентте өнер көрсеткен.
Астанаға алғаш рет келіп отырмын. Қаланың көрінісі өте әдемі екен. Оның қаншалықты дамығанын көріп таңғалдым. Қ. Қуанышбаев атындағы театр да ерекше әсер қалдырды. Осындай үлкен әрі көркем театр болады деп ойламадым. Оңтүстік Кореяның өзінде мұндай ауқымды театрлар көп емес. Бұл сахнада өнер көрсету біз үшін үлкен қуаныш, – дейді актер.
Қойылымның көркемдік ерекшелігі
Қойылымда корейдің дәстүрлі өнеріне де ерекше мән берілген. Ұлттық музыка заманауи аспаптармен үндесіп, спектакльдің әсерін күшейте түседі.
Пхансори мен самульнори өнері аккордеон, керней және гитара үнімен астасып, қойылымға ерекше реңк береді. Музыка кейіпкерлердің көңіл күйін ашып, оқиғаның әсерін күшейте түседі.
Қойылымның шығармашылық тобында режиссер Пён Ён Джин мен драматург О Се Хёк жұмыс істеген. Пён Ён Джин биыл 62-ші Baeksang Arts Awards марапатында «Жас театр қайраткері» сыйлығына ие болған.
Спектакльге корей этносының төртінші буын өкілі, актриса Ли Александра да қатысады. Оның қойылымға қатысуы сахнада баяндалған тарихи оқиға мен бүгінгі корей диаспорасы арасындағы сабақтастықты айшықтай түседі.
Қойылым шамамен 100 минутқа созылды. Спектакль корей тілінде қойылып, көрерменге қазақ және орыс тілдеріндегі субтитрлер ұсынылды.
Қазақстан мен Кореяның мәдени байланысы нығайып келеді
Сеул өнер және мәдениет қорының төрағасы Сон Хён Чон Қазақстанға төртінші рет келгенімен, Астанаға алғаш рет табан тіреген.
Еңбек жолын қоюшы режиссер ретінде бастаған ол кейін Сеул қаласының мәдениет саласында басшылық қызмет атқарған. Қазір қорды басқарып, өнер адамдарын қолдау, мәдени жобаларды дамыту және шығармашылық бастамаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істейді.
Оның айтуынша, Сеулдің өнер ортасында Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры туралы бұрыннан жақсы пікір қалыптасқан.
Бұған дейін Сеулден келген режиссерлер мен өнер адамдарының бұл театрға жоғары баға бергенін еститінмін. Осы жолы келген актерлер мен шығармашылық топ та сахнаның мүмкіндігіне, ғимараттың сәулеті мен техникалық жабдықталуына риза. Көптеген әртіс болашақта да осында келіп, жұмыс істеуге ниетті, – дейді Сон Хён Чон.
Астана мен Сеул 2004 жылдан бері бауырлас қалалар ретінде байланыс орнатып келеді. Осы уақыт аралығында екі тараптың мәдени қарым-қатынасы да кеңейген. Кореялық өнерпаздар Қазақстанға шығармашылық жобалармен келсе, қазақстандық өнер өкілдері Кореяда түрлі мәдени шараға қатысып жүр.
Сон Хён Чон биыл Астанаға жеткізілген спектакльдің өзі екі ел арасындағы тарихи байланыстың тереңдігін көрсетеді деп санайды.
Корей театрының тарихына арналған бұл қойылым Қазақстан мен Корея арасындағы тарихи әрі мәдени байланысты көрсетеді. Қазақстанда жүз мыңға жуық этникалық корей тұрады. Олардың Корея мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап келе жатқаны біз үшін маңызды. Мәдени алмасу арқылы екі елдің байланысы одан әрі нығаяды деп ойлаймын, – дейді қор төрағасы.
Бірлескен жаңа жобалар жоспарланып отыр
Гастроль кезінде екі елдің театрлары алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
26 тамызда Сеул өнер және мәдениет қоры мен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум екі елдің театр саласындағы ынтымақтастығын кеңейтіп, мамандар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермек.
Біз байланысты актерлер мен қойылымдар алмасумен ғана шектегіміз келмейді. Режиссерлер, зерттеушілер, техникалық мамандар және театр саласының өзге де өкілдері бір-бірімен тәжірибе бөліссе дейміз. Болашақта Қазақстан мен Корея арасында бірлескен қойылымдар мен жаңа шығармашылық жобалар көбейеді деп үміттенемін, – дейді Сон Хён Чон.
Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль де спектакльдің екі ел арасындағы тарихи байланысты еске салатын туынды екенін атап өтті.
«Театр алға ұмтылады!» – корей текті әртістердің қайсарлығы мен рухының беріктігін баяндайтын, сонымен бірге күштеп қоныс аударудың ауыр кезеңінде корейлерге көмек қолын созған Қазақстанмен достықты еске салатын спектакль. Халықтарымыз арасында қиын-қыстау кезеңдерде қалыптасқан терең тарихи байланыстарға сүйене отырып, Корея мен Қазақстан арасындағы достық пен мәдени алмасу алдағы уақытта да нығайып, дами береді деп сенемін, – дейді Ку Бон Чхоль.
Сеулден басталған гастроль Астанада аяқталды
«Театр алға ұмтылуда!» спектаклінің премьерасы 13-14 тамызда Сеулдің Тэханно ауданындағы QUAD театрында өтті. Кейін шығармашылық топ қойылымды Бішкек пен Ташкент көрерменіне ұсынды. Ал 27 тамызда Астанада өткен спектакль халықаралық гастрольдік турдың соңғы қойылымы болды.
Сеул мен Орталық Азияның үш елін қамтыған жобаны жалпы 2,5 мыңға жуық көрермен тамашалады.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды