22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алдыОңтүстік Кореяның танымал актрисасы Пэ Су Джи, жанкүйерлер арасында Сюзи атымен кеңінен танылған жұлдыз Қазақстанға келді. Әлеуметтік желілерде актрисаның Ақтау әуежайында жүрген видеосы тарағаннан кейін бұл жаңалық санаулы сағаттың ішінде-ақ қызу талқыға түсті. Видеода әуежай қызметкерлерінің актрисаны арнайы қарсы алып, гүл мен қазақстандық шоколад табыстағаны көрінеді. Ал жанкүйерлер бұл сапарды Маңғыстауда түсіріліп жатыр деген қауесетке айналған кореялық дорамамен байланыстырады.
Қазақстанда кореялық дорама түсіріліп жатыр ма
Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен фан-парақшаларда Қазақстанда «Men of the Harem» атты кореялық дораманың түсірілімі өтіп жатқаны туралы ақпарат кеңінен тарай бастады. Желі қолданушыларының жазуынша, түсірілім жұмыстары Алматыда, Ақтауда және Маңғыстаудағы әйгілі Бозжыра шатқалында ұйымдастырылуы мүмкін. Әсіресе Бозжыраның ерекше табиғаты мен кинематографиялық пейзажы кореялық жобаларға өте сай келетіні туралы пікірлер жиі айтылып жатыр.
Одан бөлек, фан-қоғамдастықтарда Оңтүстік Кореяның тағы екі танымал актері – Чжи Чан Ук пен Ли Су Хектің Қазақстанға келуі мүмкін екені де қызу талқылануда. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталмағанымен, желідегі қызығушылық күн сайын артып келеді. Тіпті әлеуметтік желілерде түсірілімге 15 күнге «массовка» іздеп жатқаны туралы хабарламалар да тарап үлгерген. Осыдан кейін қазақстандық жанкүйерлер «Бозжыраға барып, корей жұлдыздарын көріп қайтамыз» деп әзілдеді.
Ақтаудағы мәдени-ойын-сауық жаңалықтарын жариялайтын «Afisha Aktau» парақшасы да актерлердің Қазақстанға келуі мүмкін екенін жазған. Алайда әзірге түсірілім тобы да, актерлердің ресми агенттіктері де бұл ақпаратқа қатысты нақты мәлімдеме жасаған жоқ.
Сюзидің Ақтаудағы видеосы желіні шулатты
Айта кетейік, бұған дейін Пэ Су Джи өзінің Instagram сторисінде Алматыда жүргенін көрсеткен еді. Актрисаның 19 мамыр күні жариялаған суреттері қазақстандық жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырған болатын. Ал Ақтаудағы видео бұл қызығушылықты тіпті күшейтіп жіберді.
Әлеуметтік желі қолданушылары Сюзиді әуежайдан көргендерін жарыса жазып жатыр. Threads платформасында жарияланған пікірлердің өзі-ақ жанкүйерлердің эмоциясын аңғартады.
«Сюзи Ақтауға келді, мен оны көрдім»;
«Екі елдің сұлулығы тоғысқан туынды болайын деп тұр ма сонда?»;
«Suzy келді. Өкінішке орай суретке түскісі келгенімен менеджерлері рұқсат берген жоқ, шын өмірде көргеніме сене алмай жатырмын»;
«Сьюзи келді Ақтауға, иә. Қарапайым, общий залдан шықты әуежайда. Чжи Чан Ук та осылай шыға ма екен?» – деп жазды желі қолданушылары.
Бозжыра кореялық жобаның жаңа локациясына айнала ма
Көпшілік бұл сапардың Қазақстан туризмі үшін де пайдалы болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Себебі егер шынымен кореялық жоба Маңғыстауда түсірілсе, онда Бозжыра шатқалы мен Каспий жағалауы халықаралық аудиторияға кеңінен танылуы мүмкін. Мұндай жобалар түсірілгеннен кейін сол жерлерге қызығатын туристер саны көбейетін жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан жанкүйерлер Қазақстан табиғатының кореялық жобада көрсетілуін үлкен мүмкіндік ретінде бағалап отыр.
Пэ Су Джи кім
Пэ Су Джи – Оңтүстік Кореядағы ең танымал актрисалардың бірі. Ол 1994 жылы дүниеге келген. Әнші, актриса, модель әрі тележүргізуші ретінде танылған жұлдыз Кореяда «Ұлттың алғашқы махаббаты» деген бейресми атаққа ие.
Сюзи алғаш рет 2010 жылы JYP Entertainment агенттігі құрған «miss A» қыздар тобы арқылы танылды. Кейін актрисалық мансабын бастап, қысқа уақыт ішінде Азиядағы ең танымал жұлдыздардың біріне айналды.
Ол көрерменге «Dream High», «While You Were Sleeping», «Start-Up» секілді танымал дорамалар арқылы жақсы таныс. Ал «Anna» драмасындағы рөлі үшін сыншылардың жоғары бағасына ие болды. Сонымен қатар 2012 жылы шыққан «Architecture 101» фильмі Сюзидің мансабындағы ең үлкен бетбұрыстардың бірі саналады. Дәл осы фильмнен кейін оған «Ұлттың алғашқы махаббаты» деген атақ берілген еді.
Бүгінде Пэ Су Джи Оңтүстік Кореядағы ең жоғары гонорар алатын ең танымал актрисалардың қатарында. Сондықтан оның Қазақстанға келуі отандық жанкүйерлер үшін күтпеген әрі ерекше жаңалыққа айналды.
Айта кетейік, бұған дейін атақты актер Чжи Чан Ук Қазақстанға келуі мүмкін екені жайлы жазған едік.
22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова30 Сәуір, 23:45
Өзбек боксшыларының осал тұсын таптым І Түнгі 10-да ұйықтап қаламын – боксшы Темірлан Мұқатаев