Сырға той мен сырға салудың айырмасы қандай? Ұмыт бола бастаған дәстүрдің мәні

Сырға той мен сырға салудың айырмасы қандай? Ұмыт бола бастаған дәстүрдің мәні

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақ халқының қыз балаға қатысты салт-жоралғыларының бірі – сырға той. Бүгінде «сырға той» мен «сырға салу» ұғымдарын шатастырып жататындар бар. Алайда олардың мақсаты мен мәні бөлек. Бірі – кішкентай қыздың құлағын тесіп, алғаш сырға тағуына арналған қуаныш болса, екіншісі – құдалық кезінде жасалатын рәсім. Біз бүгін сырға тойдың шығу мәніне, тәрбиелік маңызына және екі дәстүрдің айырмашылығына тоқталамыз.

Сырға той – қандай той?

Қазақ дәстүрінде баланың өсіп-жетілуіне байланысты түрлі жоралғылар қалыптасқан. Соның бірі – қыз баланың құлағын тесіп, алғаш сырға тағуына арналған сырға той.

«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің негізін қалаушы, тарихшы-этнолог Тұрар Саттарқызының айтуынша, ертеде бұл қуанышты кей отбасылар ағайын-туысын жинап атап өткен. Қыздың құлағына сырға тағу оның есейе бастағанын білдіретін нышандардың бірі саналған.

Сырға той қыз тәрбиесімен де байланысты болған. Құлағына алғаш сырға тағылған қызға анасы мен жеңгелері бойжетудің мәнін түсіндіріп, қолөнерге, ұқыптылық пен әдептілікке баулыған.

Осыған орай халық арасында «Қызымыз сырғалы, қыз санатты болсын» деген тілек айтылған. Бұл – қыз баланың аман-есен өсіп, тәрбиелі болып жетілуіне деген ізгі ниеттің көрінісі.

Қыз баланың құлағын неше жасында тескен?

Қыздың құлағын тесетін жасқа қатысты деректер әртүрлі. Кейбір дәстүр сипаттамаларында бес жас аталса, жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова «Күретамыр» кітабында қыз баланың құлағын көбіне жеті жасынан бастап тескенін түсіндіреді.

Оның айтуынша, осы кезеңнен бастап қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Анасы мен жеңгелері оған кесте тігу, ою ою сияқты қолөнер түрлерін үйреткен. Осылайша құлақ тесу жоралғысы қыздың балалық шақтан есейе бастау кезеңіне өтуімен байланыстырылған.

Фото: Тұрар Саттарқызы (жеке мұрағатынан)

Этнолог Тұрар Сәттарқызы да дәстүрдің осы қырына назар аударады:

«Қазақтың салт-дәстүрі – тұнып тұрған тәрбие мектебі емес пе?! Бірақ кейінгі кезде құрсақ шашу, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, ұл баланы сүндетке отырғызу, қыз баланың құлағын тесу сияқты тамаша салт-дәстүрімізөзгеріске ұшырады», – дейді ол.

Маманның пікірінше, бүгінде кейбір ата-аналар қыз баланың құлағын сәби кезінде сән үшін тескізеді. Ал бұл жоралғының тәрбиелік мазмұнына көп жағдайда назар аударыла бермейді.

Қазақ танымында сырға нені білдірген?

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында сырға әшекей бұйым ғана емес, белгілі бір символдық мәні бар зергерлік зат ретінде де бағаланған.Халықтық наным-сенімдерде алтын мен күмістен жасалған әшекейлерге ерекше қасиет телінген. Соның ішінде сырға қыз баланы тіл-көзден сақтайды деген түсінік кездеседі. Алайда бұл – ғылыми тұрғыдан дәлелденген қасиет емес, халықтық наным.

Сырға тағу қыз балаға көрсетілген құрметтің, оның болашағына арналған жақсы тілектің белгісі ретінде де қабылданған. Ал этнографиялық зерттеулерде зергерлік бұйымдардың адамның әлеуметтік және ғұрыптық мәртебесін білдіру үшін қолданылғаны айтылады.

Сырға той мен сырға салудың айырмасы қандай?

Екі жоралғыда да қыз балаға сырға тағылғанымен, олардың атқаратын қызметі әртүрлі.

Сырға той – кішкентай қыздың құлағын тесіп, алғашқы сырғасын тағуына байланысты өткізілетін отбасылық қуаныш. Бұл дәстүр қыздың өсіп-жетілуімен және тәрбиесімен байланысты.

Ал сырға салу – құдалыққа қатысты рәсім. Жігіт жағы болашақ келініне сырға тағып, екі әулеттің құдалық жөніндегі келісімін білдірген. Бұл қыздың айттырылғанының белгісі саналған.

Дегенмен құдалық жоралғылары барлық өңірде бірдей болмаған. Кей жерлерде сырға тағудың орнына қызға үкі қадау, тана немесе басқа әшекей тағу дәстүрлері кездескен.

Демек, сырға тойды қалыңдыққа сырға салу рәсімімен шатастыруға болмайды. Біріншісі қыз баланың есейе бастауына қатысты болса, екіншісі некелесу алдындағы құдалық қатынастарымен байланысты.

Ұмыт бола бастаған дәстүр қалай жаңғырып жатыр?

Бүгінде ұлттық салт-жоралғыларды қайта таныстыруға бағытталған бастамалар бар. Солардың бірі – Тұрар Сәттарқызы жетекшілік ететін «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жұмысы. Аталған ұйым қыз баланың құлағын тесуге арналған сырға тойды да ұлттық тәрбие дәстүрлерінің бірі ретінде насихаттап келеді.

«Қарап отырсаңыз, қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген дана халық. Біздің салт-дәстүріміздің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, оның астарында терең тәрбие, үлкен тағылым, өмірлік өнеге жатыр. Сәбидің дүниеге шыр етіп келуінен бастап, ер жетіп, есейгеніне дейінгі әрбір кезеңді халқымыз белгілі бір жөн-жоралғымен атап өтіп отырған. Шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, тілашар секілді дәстүрлердің барлығы да жай ғана қуаныш тойы емес, әрқайсысының өзіндік мәні мен тәрбиелік маңызы бар. Осы арқылы ата-бабамыз баланың бойына ізгілік пен адамгершілікті сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйреткен. Ұл мен қыздың тәрбиесіне де айрықша көңіл бөліп, олардың болашақта елге сыйлы, отбасына қадірлі, саналы да парасатты азамат болып қалыптасуын көздеген. Яғни қазақтың әрбір салт-дәстүрі ұрпақты өнегелі, өрелі, рухы биік, текті тұлға етіп тәрбиелеуге бағытталған. Сондықтан біз дәстүрді тек өткеннен қалған мұра ретінде емес, ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралы ретінде қарастыруымыз керек», – деп атап өтті Тұрар Сәттарқызы.

Бүгінде сырға той өткізудің баршаға ортақ міндетті тәртібі жоқ. Әр отбасы бұл қуанышты өз қалауынша атап өте алады. Дегенмен дәстүрді жаңғыртуда оның сыртқы рәсімінен бұрын тарихи және тәрбиелік мазмұнын дұрыс түсінудің маңызы зор.

Сырға тойдың негізгі мәні де қыз баланың өміріндегі жаңа кезеңді атап өту, оған құрмет көрсету және ұрпақтар сабақтастығын сақтауда жатыр.

Оқи отырыңыз

{