30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыТүркі халықтарының тарихында өзіндік орны бар печенегтер бір кездері Сырдария бойы мен Арал маңын мекендеген көшпелі тайпалардың бірі болды. Кейін тарихи оқиғалардың ықпалымен батысқа қарай қоныс аударып, Қара теңіз далаларын мекендеді, Киев Русімен және Византиямен соғысып, тіпті Константинопольге дейін жетті. Алайда олардың қуатты мемлекет ретіндегі дәуірі XI ғасырдың соңында аяқталды.
Тарихшылардың пікірінше, печенегтер VII–VIII ғасырларда түркі тілдес халық ретінде қалыптасты. Олар Сырдария өзенінің алабында және Арал теңізі маңындағы кең далаларды, қазіргі Қазақстан аумағын қоныс еткен.
Халықтың төл атауы шамамен «Бәчәнәк» болған деп есептеледі. Кейін бұл атау әртүрлі халықтардың жазбаларында түрліше кездеседі. Византиялықтар оларды пацинактар, араб деректері бажнак деп жазса, славян жылнамаларында «печенег» атауы орнықты.
Кеңестік археолог әрі тарихшы Светлана Плетнёва бұл атауды түркі тіліндегі «Бече» есімімен байланыстырып, ол печенег тайпалық бірлестігінің көсемдерінің бірі болуы мүмкін деген пікір айтқан.
Печенегтердің шығу тегі жөніндегі зерттеулерде «қаңғар» атауы ерекше орын алады. Шығыстанушы Йозеф Маркварт бұл этнонимді ежелгі деректердегі Каң деп аталған Сырдарияның төменгі ағысымен байланыстырған. Кейін бұл болжамды белгілі ғалымдар Василий Бартольд, Александр Щербак және Сергей Кляшторный түрлі ғылыми тұжырымдармен толықтырды.
Қазақстандық тарихшы Болат Көмеков араб деректеріне сүйене отырып, қаңғар тайпалары Жайықтан Ертіске дейінгі кеңістікті мекендегенін және кейін кимектер мен оғыздардың ықпалына түскенін дәлелдейді.
Бастапқыда «қаңғар» атауы печенег бірлестігінің бір бөлігін ғана білдірсе, уақыт өте келе бүкіл халықтың ортақ атауына айналған.
IX ғасырдың ортасында Орталық Азиядағы саяси жағдай өзгерді. Күшейген оғыздар мен кимектердің қысымы салдарынан печенегтердің көп бөлігі ата қонысын тастап, батысқа қарай көшті.
Тарихшы Ярослав Пилипчук бұл көші-қонды дәл осы екі мемлекет бірлестігінің күшеюімен байланыстырады. Ұзақ жылдарға созылған көш нәтижесінде печенегтер Еділден өтіп, IX ғасырдың соңына қарай Қара теңіздің солтүстік далаларын, Доннан Дунайға дейінгі аумақты иеленді. Олар бұл өңірден венгр тайпаларын ығыстырды.
Печенегтер тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – Киев Русімен қарым-қатынас.
968 жылы олар Киев қаласын қоршауға алды. Бұл кезде князь Святослав Балқан түбегінде жорықта жүрген болатын. Қаланы тек воевода Претич бастаған жасақтың келуі ғана аман алып қалды.
Көп ұзамай бұрынғы одақтастық жауластыққа ұласты. 970 жылы печенегтердің бір жасағы Святослав әскері құрамында Византияға қарсы соғысқанымен, Аркадиополь түбіндегі шайқаста қаза тапты.
Ал 971 жылдың көктемінде Днепр өзенінің өткелінде печенег ханы Күре Святославтың әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, князьдің өзін де, жасағын да талқандады. Кейбір жылнамаларда бұл туралы мәліметті Святославтың жорығынан зардап шеккен жергілікті тұрғындар жеткізгені айтылады.
Византия империясы печенегтермен ұзақ уақыт бойы екіжақты саясат ұстанды. Бірде оларды шекараны қорғауға жалдап, сый-сияпат берсе, енді бірде Руське қарсы айдап салды.
XI ғасырдың екінші жартысында Манцикерт түбіндегі шайқаста Византия селжұқтардан ауыр жеңіліске ұшырағаннан кейін империя әлсірей бастады. Осыны пайдаланған печенегтер бұрынғы келісімдерді елемей, өз бетінше әрекет етті.
Олар Смирна әмірі Чакамен одақ құрып, Фракия мен Мезияны ойрандап, Константинопольге жақындады.
1091 жылдың 29 сәуірінде Левунион тауы маңында печенегтердің тағдырын шешкен ұлы шайқас өтті.
Византия әскері қыпшақтармен күш біріктіріп, таң ата печенегтердің лагеріне күтпеген жерден шабуыл жасады. Шамамен қырық мың адамнан тұратын көшпелілердің қатарында жауынгерлер ғана емес, олардың отбасы мен көш керуені де болған.
Император Алексей Комниннің қызы Анна Комнина өз еңбегінде бұл шайқастың жаппай қырғынға айналғанын жазады. Оның айтуынша, гректер мен қыпшақтар ешкімді аямаған.
Осы жеңілістен кейін печенегтер Қара теңіз далаларындағы саяси әрі әскери күш ретінде өмір сүруін тоқтатты.
Жеңілістен кейін аман қалған печенегтердің бір бөлігі Венгрияға қоныс аударып, XIII ғасырдың екінші жартысына дейін шекара қызметін атқарды.
Белгілі тарихшы Питер Голден печенегтерді Қара теңіз даласын әр кезеңде мекендеген түркі көшпелі халықтарының маңызды буыны ретінде қарастырады. Оның пікірінше, олар оғыздар, қыпшақтар және Алтын Орда дәуіріндегі тайпалар арасындағы тарихи сабақтастықтың бір бөлігі болды.
Кейбір зерттеушілер гагауздар мен Қырым татарларының жекелеген топтарын печенегтердің алыс ұрпақтары болуы мүмкін деп санайды. Дегенмен мұны толық дәлелдейтін тілдік немесе жазба деректер өте аз сақталған.
Печенег тілі бүгінгі күнге дейін толық жеткен жоқ. Ол туралы мәліметтер негізінен Византия императоры Константин Багрянородныйдың еңбектерінде кездесетін бірнеше сөзден және көрші халықтардың жылнамаларында сақталған көсемдердің есімдерінен ғана белгілі.
Сырдария бойынан басталған печенегтердің бірнеше ғасырлық көш жолы Еуропаның жүрегіне дейін созылды. Олар өз дәуірінде Еуразия даласындағы саяси тепе-теңдікке ықпал етіп, түркі халықтарының ортағасырлық тарихында өшпес із қалдырды.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды