Білім

Stanford пен OpenAI оқытқан бағдарлама: тоғыз елдің басшылары Қазақстанда білім алды

09.06.2026 10:11
Амангүл Тілейқызы
Фото: El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Жасанды интеллект енді тек IT мамандарының емес, компания басшылары мен мемлекеттік қызметкерлердің де басты құралына айналып келеді. Астанада Stanford University HAI мен OpenAI Academy серіктестігінде жүзеге асқан AI Leaders бағдарламасының алғашқы түлектері марапатталды.
 
Сегіз апта ішінде тоғыз елден келген 800-ден астам басшы жасанды интеллектті ұйым жұмысына енгізудің жолдарын меңгеріп, өз компаниялары үшін 110-нан астам AI-стратегия әзірледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама Қазақстанның Орталық Еуразиядағы жасанды интеллект хабы ретіндегі рөлін күшейте түспек.
 
Салтанатты іс-шара alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтіп, оған ҚР премьер-министрінің орынбасары әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы әрі бас директоры Әсет Әбдуәлиев, халықаралық сарапшылар мен бағдарламаның қатысушылары қатысты. 
 
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

AI Leaders бағдарламасы Орталық Еуразиядағы бизнес пен мемлекеттік сектор басшыларына арналған алғашқы өңірлік бастама ретінде бағаланып отыр. Бағдарламаны Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub әзірлеген. Оның академиялық жетекшісі – Stanford University HAI профессоры, Google Research-тің бұрынғы директоры, жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең танымал оқулықтың бірінің авторы Питер Норвиг.

Сегіз аптаға созылған бағдарлама барысында тоғыз елден келген мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен ірі бизнес құрылым өкілдері жасанды интеллект технологиясын басқару мен стратегия жасау бағытында білім алды. Қатысушылар өз ұйымдары үшін нақты AI-стратегияларын әзірлеп, цифрлық трансформацияның басым бағыттарын анықтады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бағдарламаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, бүгінде жасанды интеллект мемлекеттердің, компаниялардың және тұтас экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып келеді.

Бағдарлама барысында жасанды интеллекттің экономикаға, мемлекеттік басқаруға және бизнестің болашағына ықпалы жан-жақты талқыланды. Қазір бұл технология шешім қабылдау мәдениетін өзгертуде, еңбек өнімділігін арттыруда және жаңа мүмкіндіктер ашуда маңызды рөл атқарып отыр, – деді министр.

800-ден астам басшы оқудан өтті

Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы әрі бас директоры Әсет Әбдуәлиевтің айтуынша, AI Leaders бүгінгі таңда Орталық Еуразиядағы бизнес көшбасшыларына арналған ең ірі білім беру бағдарламасына айналған.

Бұл бағдарлама Stanford University, OpenAI және Silkroad Innovation Hub қолдауымен жүзеге асырылды. Екі ай бойы, яғни 8 сәуір мен 27 мамыр аралығында оқыту жүргізілді. Оған тоғыз елден 800-ден астам бизнес көшбасшысы қатысты. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің ұйымдар мен бизнесті трансформациялаудағы мүмкіндіктерін түсіндіру болды, – деді ол.

Оның сөзінше, бағдарлама аясында қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты нәтижелерге де қол жеткізген.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

800 қатысушы 150 ұйымның атынан келді. Біз олардың көмегімен 110-нан астам жасанды интеллект стратегиясын әзірледік. Бұл ұйымдардың жиынтық капитализациясы 150 миллиард доллардан асады. Ал онда жұмыс істейтін қызметкерлер саны 300 мыңнан көп. Сондықтан бағдарламаның әсері тек басшылардың өзімен шектелмейді, ол тұтас ұйымдардың трансформациясына ықпал етеді, – деді Әсет Әбдуәлиев.

Ол бүгінде жасанды интеллекттің сәнге айналған технология емес, бизнестің өміршеңдігіне әсер ететін қажетті құрал екенін атап өтті.

Қазір жасанды интеллект – болашақтың технологиясы емес, бүгінгі күннің талабы. Сондықтан бизнес қауымдастық әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізуі қажет. Біз қатысушыларға Stanford университеті мен OpenAI сарапшыларының тәжірибесін ұсынып қана қоймай, өз компанияларына нақты AI-стратегия әзірлеуге көмектестік. Енді олар бағдарламадан алған білімін ертеңнен бастап өз ұйымдарында қолдана алады, – деді ол.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Сондай-ақ жоба аясында Орталық Еуразиядағы жасанды интеллект бойынша ең ірі кәсіби қауымдастық құрылғанын айтты.

Бағдарлама аяқталғаннан кейін де қатысушылар өзара байланысын үзбейді. Олар тәжірибе алмасып, үздік практикалармен бөлісіп, ұйымдарын одан әрі бәсекеге қабілетті етуге жұмыс істейді. Бұл біздің өңір үшін аса маңызды, – деді Әбдуәлиев.

 
«Біз енді Қазақстанмен емес, әлеммен бәсекелесеміз»

Бағдарлама түлектерінің бірі – «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабай бұл оқуды кәсіби даму жолындағы маңызды белес деп бағалады. Оның айтуынша, орталық қазіргі таңда қазақ тілін жасанды интеллект арқылы дамытуға бағытталған бірнеше ірі жобаны жүзеге асырып жатыр.

Осындай әлемдік деңгейдегі сарапшылардан дәріс алып, олардың тәжірибесін тыңдау мен үшін үлкен мектеп болды. Өзімді кәсіби тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілген мамандардың қатарында сезінемін. Мұндай мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын, – деді.

Мақпал Жұмабайдың сөзінше, «Тіл-Қазына» бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында төрт жасанды интеллект агентін әзірлеуде.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Қазір интеллектуалды көмекші, мәтіндегі қателерді анықтайтын жүйе, синхронды аударма құралы және қазақ тілін үйрететін жасанды интеллект агенттері жасалып жатыр. Бұл жобаларды әзірлеу барысында біз тек Қазақстандағы өнімдермен емес, әлемдік технологиялық шешімдермен бәсекелесіп отырмыз, – деді ол.

Оның пікірінше, бағдарлама ұзақ мерзімді перспективада құндылығын жоғалтпайтын өнім жасаудың жолдарын түсінуге мүмкіндік берген.

Біз бір жылға емес, он жылдарға қызмет ететін жобаларды қалай құру керек деген сұраққа жауап алдық. Ең бастысы – біздің жобалардың бәсекеге қабілеттілігі әлемдік өнімдерден кем емес екеніне көз жеткіздік. Сондықтан әрі қарай да өз біліміміз бен тәжірибемізді жетілдіріп, дамуды жалғастыруымыз қажет, – деді орталық басшысы.

AI Leaders бағдарламасы Қазақстандағы жасанды интеллект жылы аясындағы ең маңызды жобалардың біріне айналып отыр. Бағдарлама еліміздің тек технологияны тұтынушы емес, оны енгізіп, тиімді пайдалана алатын өңірлік хабқа айналу жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.

Оқи отырыңыз