Кеше, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?Кейінгі бірнеше жылда әлеуметтік желілерде «Ugly hot» термині жиі айтыла бастады. TikTok, X және Reddit қолданушылары әлемге танымал актерлерді осы санатқа жатқызып, қызу талқылайды. Бір қызығы, осы сөз тіркесі сырттай қарағанда төмендеткендей көрінгенімен, шын мәнінде комплимент ретінде қолданылады.
Ugly hot деген не?
Ағылшын тілінен аударғанда ugly – «ұсқынсыз», hot – «тартымды», «сексуалды» деген мағына береді. Бірақ терминнің мәні мүлде басқа. Дәстүрлі сұлулық стандартына толық сәйкес келмесе де, харизмасы мен энергетикасы өзіне тартып тұратын, мінезді әрі өзіне сенімді адамды осылай сипаттайды. Яғни мұндай актердің бет-әлпеті модельдік стандартқа сай болмауы мүмкін. Дегенмен олардың экрандағы образы мен тартымдылығы көрерменді өзіне баурап алады.
Психологтар да адамның сыртқы келбеті ғана емес, дауыс мәнері, өзін ұстауы, харизмасы, интеллекті мен эмоциясы рөл ойнайтынын айтады. Сондықтан кейбір актерлер алғаш көргенде ерекше әсер қалдырмаса да, уақыт өте келе миллиондаған жанкүйердің сүйіктісіне айналады.
«Ugly hot» ұғымы әлеуметтік желілерде 2010 жылдардың соңында пайда болды. Кеңінен таралуы TikTok платформасымен байланысты. Әсіресе, пандемия кезеңінде желі қолданушылары дәстүрлі сұлулық стандарттарын қайта қарап, актерлерді өзінше іріктей бастады.
Голливудтағы ugly hot феномені
Осы термин туралы оқи бастағаныңызда бірден Адам Драйверді еске түсірдіңіз, білем. Бір қарасаңыз, америкалық актердің жақ сүйегі ұзын, қоңқа танау, келбеті ерекшеленіп тұрады. Классикалық Голливуд ханзадасы емесі анық. Соған қарамастан Драйвер әлемдегі ең тартымды актердің бірі саналады. Жанкүйерлердің көпшілігі осы актерді ugly hot феноменінің символы деп атайды.
Джереми Аллен Уайт та – кейінгі жылдары әлеуметтік желіде ең көп талқыланған актерлердің бірі. «The Bear» сериалындағы рөлінен кейін оның жанкүйерлері күрт көбейді. Тіпті көптеген сән брендтері актерді жарнамалық компанияға шақыра бастады.
Ал Рами Малек өзінің ерекше көзі мен бет-әлпетінің арқасында бірден көзге түседі. Ол да ugly hot актерлер туралы мақалалар мен рейтингтерде жүр. Сондай-ақ бұл тізімге актерлер қатарында Киллиан Мерфи, Эдриан Броуди, Венсан Кассель, Бенедикт Камбербэтч, Пит Дэвидсон, Николас Кейдж, Хайме Лорэнте мен Том Хиддлстонды кіргізеді.
Қазақстанда ugly hot деп кімді атауға болады?
Бұрын кино индустрияда актердің түр келбеті, бойы маңызды болса , қазір ерекше харизма мен актерлік қабілет әлдеқайда маңызды. Кейінгі кезде әлемдік кино нарығында сырт келбеті стандартқа сай келмейтін актерлерге сұраныс артты. Себебі көрермендер экраннан шынайы, «тірі» кейіпкерді көргісі келеді.
Бұл жерде нақты өлшем жоғын тағы бір рет еске саламыз. Өйткені ugly hot – ресми атақ немесе ғылыми термин емес. Ол көбіне әлеуметтік желідегі аудиторияның қабылдауына негізделеді. Сондықтан оқырманға бірнеше нұсқа ұсынамыз.
Дулыға Ақмолда
Иә, Дулыға Ақмолда – классикалық сұлулық стандартына сай келмейтін, бірақ актерлік шеберлігі мен харизмасы экраннан көрініп тұратын өнер адамы. Оның «Сержан братан» сериалындағы рөлі көпті тәнті еткені тағы бар.
Ерік Жолжақсынов
Ерік Жолжақсынов та аса сымбатты болмаса да, дауыс, харизма, өзін-өзі ұстауымен жанкүйерлердің жүрегін жаулаған актер.
Асан Мәжит
Міне, Асан Мәжит – нағыз «Ugly hot» ұғымына синоним бола алатындай актер. Оның студент кезіндегі түрі мен қазіргі келбетін салыстырып көріңіз. Актер болу тынымсыз еңбек екеніне көз жеткізесіз. Оған қоса екінші пландағы рөлде ойнаса да, басты рөлдегі кісіні аурасымен ығыстыра алатындай мысы бар ойыншы.
Нышанбек Жұбанаев
Осы актердің «Көк тарландары» немесе «Мұнай» сериалындағы образын еске түсіріңізші. Нышанбек Жұбанаевтың харизмасы, ойнау шеберлігі экран алдындағы көрерменді тәнті етпей қоймайды.
Мақсат Рахмет
Мақсат Рахмет – өзін жақсы да, жаман да кейіпкердің рөлінде сынап көрген, жанкүйерін тапқан актер. Харизма, дауыс, дене бітімі де «Ugly hot» атануға сұранып тұр.
Әсет Иманғали
Әсет Иманғали әлдеқашан көрерменнің бағасын алып қойған. Киноиндустрия қазіргідей дамымай тұрғанда-ақ стандартқа сай келмесе де, сұранысты болудың үлгісін көрсеткен.
Чингиз Капин
Чингиз Капин – көпқырлы, талантты актер. Нағыз Голливудтың вайбы бар, энергиясы Эдриан Броудиден кем емес өнер адамы.
Олжас Тоғымбет
Кейінгі кезде бірталай фильмде басты рөлді сомдап жүрген Олжас Тоғымбет те бірден мұндай нәтижеге жеткен жоқ. Ол да қосалқы рөлден бастап, ерекше келбеті мен энергиясының арқасында жанкүйердің жүрегіне жол тапты.
Саят Исембаев
Иә, кейде елімізде «Ugly hot» актерді культқа айналдыру Саят Исембаевтан басталғандай көрінеді. «Рэкитер» фильмінде ережеге бағынбайтын жігіттің рөлін жақсы алып шықты.
Мақсат Сәбитов
Мақсат Сәбитов те актерлік шеберлік пен харизманың адамды жетістікке жетелейтінін көрсеткен актер.
Әлішер Исмаил
Әлішер Исмаил – жас буынның арасынан бірден көзге түсетін, болашағынан үлкен үміт күттіретін актер.
Шағуан Үмбетқалиев
Шағуан Үмбетқалиев – актерге қандай рөл берілгені емес, оны қалай сомдап шыққаның танымал болуға жол ашарын көрсеткен актер.
Дамир Амангелдин
Көрерменге жақсы таныс Дамир Амангелді «Қара аула» сериалы мен «Үкім» фильмі арқылы танымал болды.
Кеше, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр