«Сталкинг – қылмыстың басы ғана»: Белігілі журналист өзін жылдар бойы аңдығандар туралы ашық айтты

«Сталкинг – қылмыстың басы ғана»: Белігілі журналист өзін жылдар бойы аңдығандар туралы ашық айтты

Көктем Қарқын
Фото: El.kz/Сырым Рахимбеков

Астанада журналист Дана Нұржігіттің сталкинг тақырыбына арналған «Көлеңке. 115-1» кітабының тұсаукесері өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, заңгерлер, депутаттар, құқық қорғау саласының өкілдері мен белгілі тұлғалар қатысты. Автор жаңа еңбегінде сталкингтің адам өміріне тигізетін зардабын және одан қорғану жолдарын сөз етеді.

Дана Нұржігіт сталкинг мәселесін сырттай бақылаушы ретінде емес, оның салдарын өзі бастан өткерген адам ретінде баяндайды. Автордың айтуынша, сталкинг – бір сәтте болатын оқиға емес, айлар, тіпті жылдар бойы жалғасуы мүмкін психологиялық қысым.

Сталкинг – қылмыстың басы ғана! Ол бір сәтте емес, айлар, кейде тіпті жылдарға созылатын үдеріс, – деп жазады журналист кітаптың кіріспесінде.

Автордың айтуынша, бұл еңбекті жазудағы басты мақсаты – қоғамға сталкингтің не екенін түсіндіріп, оның қаншама адамның басынан өтетінін көрсету.

Бұл – қаншама қыздың басынан өткерген оқиғасы. Халыққа мұны толыққанды түсіндіру керек деп қолға қалам алған едім. Сталкинг жайлы сұхбат бергеннен кейін көптеген адам пікір қалдырды, – дейді Дана Нұржігіт.

Журналист кітаптың алғы сөзін жазуға әдебиетшілерді емес, заң саласының мамандарын әдейі шақырғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселені құқықтық тұрғыдан түсіну маңызды. Ал кітаптың соңында оқырмандар өз ойларын жазып, авторға хат қалдыра алады.

Кітаптың иллюстрацияларын Дана Нұржігіттің өмірін жақыннан білетін немере сіңілісі Дариға Нұржігітова әзірлеген.

Автор шығарманың құрылымында да сталкингтің ерекшелігін көрсетуге тырысқан. Кітапта телефон қоңырауларының уақыты мен әр жылға ауысатын даталар берілген. Кейіпкердің бірде алға жылжып, бірде өткеніне оралуы оның ішкі арпалысын, болған жағдайды қайта-қайта саралауын бейнелейді.

Сталкингке қарсы заң қалай қабылданды?

Кітапқа алғысөз жазғандардың қатарында Қазақстанның құрметті заңгері Абзал Құспан, Құрылтай депутаты Снежана Имашева және полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова бар.

Абзал Құспан автордың азаматтық ұстанымы сталкинг мәселесін қоғамдық кеңістіктен заңнамалық деңгейге көтеруге ықпал еткенін атап өткен. Оның айтуынша, Дана Нұржігіт осы заңды қабылдау бастамасын көтерген тұлғалардың бірі болды.

Сталкингке қатысты заң жобасы 2023 жылдан бастап талқыланып, 2025 жылы күшіне енген. Заң қолданысқа енгеннен кейін құқық қорғау органдары бұл бап бойынша қылмыстарды тіркеп, кінәлілерді жауапкершілікке тарта бастаған. Дегенмен құқық қорғау қызметкерлерінің өзі сталкингті әлі нақты білмейді. Өйткені мұнда дене жарақаты болмайды. Сөзбен айтылған дәлелдер де болмауы мүмкін. Заң тұрғысынан материалдық дәлел жоқ. Жәбірленушінің психологиялық жай-күйі, қысым, қорқыту әрекеттері тұрғысынан бағаланады, – дейді Абзал Құспан.

Заңгердің айтуынша, сталкингке қатысты сот-тергеу тәжірибесі қалыптаса бастаған. Ендігі міндет – заңның қолданысын жетілдіріп, оның тиімділігін арттыру.

Ал Құрылтай депутаты Снежана Имашева кітап атауының өзі құқықтық маңызға ие екенін атап өткен. «Көлеңке. 115-1» атауы Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі сталкингке қатысты 115-1-бапқа сілтеме жасайды. Бұл бап сталкингті жеке құқық бұзушылық ретінде тануда маңызды қадам болды.

Қайталанатын қоңырау мен аңдуға бейжай қарамау керек

Полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова сталкингтің белгілеріне назар аударуға шақырады. Оның айтуынша, қайталанатын қоңыраулар мен хабарламалар, аңду, адамның үйіне немесе жұмыс орнына рұқсатсыз келу, әлеуметтік желілер арқылы бақылау – жай ғана мазалау емес.

Мұндай әрекеттер адамның қауіпсіздігіне, жеке кеңістігіне және еркін өмір сүру құқығына қауіп төндіруі мүмкін.

Кітаптың соңында автор полиция қызметкерлерінің кеңесіне сүйене отырып, сталкинг белгілерін анықтау, дәлелдерді сақтау және полицияға жүгіну тәртібі туралы нұсқаулық ұсынады. Осылайша, шығарма оқырманға мәселенің мәнін түсіндіріп қана қоймай, осындай жағдайға тап болғанда қандай әрекет жасау керектігін де көрсетеді.

«Көлеңке. 115-1» – жеке оқиғаға негізделген еңбек қана емес, қоғамда ашық талқылануы тиіс өзекті мәселені көтеретін кітап. Автордың негізгі ойы – әр адамның өз өмірін еркін сүруге құқығы бар. Ал сталкингке қарсы күресте үнсіз қалмай, мәселені ашық айту мен заң аясында әрекет ету маңызды.

Оқи отырыңыз

{