Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін

Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін

01.07.2026 17:12
Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Осыдан бірнеше жыл бұрын халықаралық жарыста қазақша бір ауыз сөз есту мұң болатын. Қазір жағдай өзгерді. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде таблодан қазақша қаріпті көргенде көз сүйсінді. ҚФФ өкілдері Македония жерінде ұлттық құрама тізімін қазақша хабарлағанда бөркімізді аспанға аттық, білем. Осылайша мамандар спортта мемлекеттік тілдің жаңа дәуірі басталғанын көрсетті.

Қазақ тіліне сұраныс қалай артты?

Көрсетті де, жаңа деңгейге өтуіміз керегін нұсқады. Қазақша жазылғанына қуанатын емес, калькасыз, сауатты контент жасауды талап ететін деңгейге жеттік. Белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлы да өзгерісті жоққа шығаруға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын спорттағы қазақ тілінің жағдайы мүлде басқа еді.

Жалпы,  бұрын қазақ тілі спорт саласында мүлдем қолданылмады десек болады. Қазір мемлекет талап еткеннен кейін, заң күшінде болған соң бәрі соның аясында жұмыс істеуге тырысады. Әлі де олқылықтар көп. Бірақ байқасаңыздар, ақырындап болса да қазақ тілінде ақпарат беруге ұмтылыс байқалады, – дейді Есей Жеңісұлы.

Комментатор кейінгі жылдары спорт тақырыбындағы қазақша контенттің көбеюі де оң әсер еткенін айтады. YouTube платформасында қазақша хабар жүргізетін, сараптама жасайтын арналар пайда болды. Спортшылардан қазақша пікір сұрайтын, талап ететін журналистер көбейді. Соның бәрі федерацияларды да, клубтарды да аудиторияның сұранысымен санасуға мәжбүрледі. 

Иә, мұндай өзгерісті футболдан анық байқауға болады. Есей Жеңісұлы Қазақстан футбол федерациясының кейінгі жылдары мемлекеттік тілге көбірек мән бере бастағанын айтады. 

Менің ойымша, Қазақстан футбол федерациясы бұл жағынан үлгі бола алады. Баспасөз бөлімінде Ермұхамед Мәуленнің кезінде басталған жұмыс Әлімжан Асқар келгеннен кейін де жалғасты. Баспасөз мәслихаттары қазақша басталады. Экс-бас бапкер Талғат Байсуфинов мүмкіндігінде мемлекеттік тілде сөйледі. Пресс-конференцияға өзімен бірге қазақша жауап бере алатын ойыншыларды әкелді, – дейді ол. 

Жалпы, мұндай мысалдар көп. Әсіресе, Күрес пен Дзюдо федерациясы әуелден қазақша сөйледі. Кейінгі кезде Ауыр атлетика федерациясы да мемлекеттік тілге көбірек мән бере бастады. Мысалы, Бокс федерациясының Instagram парақшасындағы кейінгі он жазбаның сегізі ана тілімізде. Волейбол федерациясының контенті толықтай қазақ тілінде деуге болады.   

Барлығы бірдей өзгеріп жатқан жоқ...

Дегенмен спорттағы мемлекеттік тілдің жағдайын бір ғана мысалмен бағалау қиын. Қазақшаға басымдық берген федерациялар бар. Бірақ әлі күнге дейін ресми ақпаратты мемлекеттік тілде жариялауға асықпайтын ұйымдар да кездеседі. Спорт журналисі Ақырыс Сейітқазының айтуынша, кейінгі жылдары көптеген спорт ұйымы әлеуметтік желіні екі тілде жүргізуге көшкенімен, бұл үрдістен шет қалған федерациялар тағы бар.

Қазір адамдар қазақша ақпаратты көбірек күтеді. Соған қарамастан кейбір федерациялар қазақша ақпарат жариялауға асығар емес. Мысалы, Стенд ату, Үстел теннисі федерацияларының әлеуметтік желісінен қазақша жазбаларды көрмейміз. Бұл жағынан көңіл толмайды,  –дейді ол. 

Спорт журналисінің айтуынша, мәселе әлеуметтік желімен ғана шектелмейді. Қазақстан спортында жұмыс тілі әлі де негізінен орыс тілі болып отыр.

Жарыс ережелері, ресми құжаттар, келісімшарттар, күнделікті жұмыс – бәрі дерлік орыс тілінде жүреді. Жаттығу барысында да көптеген бапкер нұсқауды орысша береді. Сондықтан спорттағы қазақ тілі толық үстемдік құрды деуге әлі ерте, – дейді Ақырыс Сейітқазы.

Сонымен бірге спорт журналисі кейінгі жылдары оң өзгерістер де бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан бокс федерациясы, Күрес федерациясы және Дзюдо федерациясы мемлекеттік тілге басымдық береді.

Бұл федерациялардың қазақша жұмысына көңілім толады. Бірақ мұндай тәжірибе барлық спорт ұйымына ортақ деуге келмейді. Спорттағы тілдің жағдайы қоғамдағы жалпы тілдік ахуалмен бірдей. Жалпы жағдай қалай болса, барлық салаға солай әсер етеді, – дейді ол.

Иә, қазақша ақпаратты мүлде жарияламайтын федерациялар бар. Ал қазақшаға көшкен ұйымдардың алдында енді басқа міндет тұр. Ендігі міндет – мемлекеттік тілді міндет үшін емес, кәсіби стандарт ретінде қолдану.

Ендігі талап – қазақша жазу емес, дұрыс жазу

Жоғарыда айтқанымыздай, қазір жай ғана қазақша жазу жеткіліксіз. Оның сауатты, табиғи әрі қазақ тілінің заңдылығына сай болғаны маңызды. «Арсенал» алаңында VAR жүйесіндегі «Гол соғуды тексеру», «Ықтимал айыпдопты тексеру» тіркесін еске түсірейікші. Әлеуметтік желіде бірі мұны халықаралық аренада қазақ тіліне көрсетілген құрмет десе, енді бірі аударманың калька екенін айтып, сынға алды.

Шынында, осы құбылыс қазақ тілінің рөлі күшейіп, сауатты жанкүйердің көбейгенін көрсетті. Осы тұста аударманың дұрыс-бұрыстығын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері Мадияр Қазыбектен сұрадық Оның айтуынша, стадион таблосындағы «Гол соғуды тексеру» тіркесі тілдік нормаға толық сәйкес келмейді.

«Гол соғуды тексеру» деген сөйлем нормаға сай емес. Дұрысы – «соғылған голды тексеру» немесе «соққан голды тексеру». Өйткені гол соғылып қойылған. Оның үстіне VAR жүйесі гол соғу әрекетінің өзін емес, голға алып келген эпизодтың дұрыстығын тексереді. Яғни офсайд болды ма, қолмен ойнады ма, ереже бұзылды ма – соны қарайды, – дейді маман.

Осы сияқты «Ықтимал айыпдопты тексеру» тіркесіне де тіл маманының айтары бар.

«Біздіңше, «Пенальти ықтималдығын тексеру» деген нұсқа тілдік нормаға әлдеқайда жақын. Әлеуметтік желідегі жазбаға қарағанда, клубтың медиа қызметі бұл тіркестерді өздері аударған болуы мүмкін», – дейді Мадияр Қазыбек.

Бұл терминдердің калька аударма екенін Есей Жеңісұлы да айтты. Футболдың айналасында жүрген мамандар Google аудармашының көмегіне емес,  кәсіби маманның көмегіне жүгіну керегін атап өтті. Спорт терминін, атауын қазақшалауға келгенде салада әлі де мәселе барын жеткізді.

«Комментатор сөздігі» атты қазақ тіліндегі спорт терминдерін дайындаған кезде терминді орыстар – ағылшын тілінен, біз орыс тілінен  аударатынымыз байқалады. Қазақ тілі тұйық етістіктен аяқталатын терминдерге өте ыңғайсыз. Мысалы, баскетболда Slam Dunk терминінің тікелей аударсаң «төбесінен тастау» болады. Мұны қазақша қалай аламыз? Осындай нәрселер әлі де шешімін таппады. Баскетболға келгенде сала мамандары қиналғанымен, волейболда жағдай әлдеқайда жақсарды, – дейді Есей Жеңісұлы.

Білікті маман спорт журналистерінің сөз қолданысы мен жазу стиліне де мән беріп, ескерту жасап жүретінін айтады. Әсіресе, бірізді жазуға, ережені сақтау керегін атап өтті.

Жеңіл атлетикада журналистер арасында бірізділік жоқ. «Үш секіру» – «triple jump» – «тройной прыжок» дейтін термин бар. Соны журналистерге ескертсек те, «үш қарғып секіру» дейді. Журналистерге «triple jump» деген бірінен кейін бірінің артынан үш рет секіруді білдіреді. Ал қарғып секіре ме, орғып секіре ме өзі біледі» деп түсіндіреміз. Сонда да қате жазатындар жетеді, – дейді Есей Жеңісұлы.

Спорттағы мемлекеттік тілдің жағдайын бір ғана футболмен өлшеуге болмайтынын білеміз. Қысқы спорт түрлерінде де кейінгі жылдары оң өзгерістер байқалады. Дегенмен кей жарыстарда қазақ тілі әлі де екінші кезекке ысырылып жататынына куәміз.

«Ел чемпионаты орысша өтті»

11 жылдан бері спорт журналисі әрі комментаторы болып жүрген Лилиана Қанатқызы мұндай жағдаймен бірнеше рет бетпе-бет келгенін айтады.

Осы жылдар ішінде қысқы спорттағы қазақ тілі біршама жақсарды. Қазақша сөйлеп, ойын жеткізе алатын спортшылар көбейіп келеді. Бірақ олардың саны әлі де аз, – дейді ол. 

Журналистің айтуынша, республика чемпионаттарының тек орыс тілінде өткеніне ашынып, әлеуметтік желіде мәселе көтерген. Кейін ұйымдастырушылар жағдайды түзетуге тырысқан.

Былтыр мәнерлеп сырғанаудан өткен Қазақстан чемпионатында жарысты қазақша бастап, ары қарай спортшылардың аты-жөнін де, ұпайын да тек орысша хабарлады. Сол сияқты көркем гимнастикадан ел чемпионатында да жарыс түгелдей орыс тілінде өтті. Себебін сұрағанымда, қазақша жүргізетін маманның сырқаттанып қалғанын айтты, – дейді Лилиана Қанатқызы.

Демек, ел чемпионатында қазақ тілінің жабықтан сығалауы немесе мемлекеттің тілдің тағдыры бір маманға байланып қалуы салада жүйелі жұмыстың әлі де жетпей жатқанын көрсетеді.

Қазақ тілі де жанкүйер жинайды

Спорттағы қазақ тілінің сұранысқа ие екенін федерациялардың өзі де байқап отыр. Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбектің айтуынша, қазір әлеуметтік желілерді қазақша жүргізу – оқырманмен байланысты күшейтудің бірден бір жолы.

Дзюдо федерациясы әлеуметтік желідегі парақшаларын алғаш қолға алғаннан-ақ қазақша жүргізуге мән берді. Әрине, маңызды ақпараттарды екі тілде жариялаймыз. Бірақ мүмкіндігінше қазақша жазуға тырысамыз. «Қазақша жүргізсең оқырман жиналмайды» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, қазақша жазылған ақпаратқа қызығушылық жоғары», – дейді ол.

Федерация халықаралық жарыстарда да мемлекеттік тілге басымдық береді. Мәселен, Астанада өткен Grand Slam турнирі қазақ және ағылшын тілдерінде жүргізілген.

Біз халықаралық жарыстарды қазақ және ағылшын тілдерінде өткіземіз. Ашылу салтанатынан бастап ресми хабарландыруларға дейін осы екі тіл қолданылады. Құжаттар да қазақша және ағылшынша дайындалады. Бұл ешқандай саяси ұстаным емес. Бұл – мемлекеттік тілге деген қалыпты құрмет, – дейді федерация өкілі.

Оның айтуынша, спорттағы тіл мәселесі көбіне сол спорт түрінің аудиториясына, федерация басшылығының ұстанымына және коммуникация мамандарының жұмысына байланысты.

Коммуникация маманы ретінде түрлі спорт федерацияларымен бірге жұмыс істеп көрдім. Соның ішінде қысқы спорт түрлері де бар. Сол жерде жағдай кішкене басқаша. Меніңше, тілдің жайы спортпен айналысатын өңірлерге, спортшыларға, спорт басқармасының басшыларына байланысты деп ойлаймын. Басшылармен қатар қызметкерге де байланысты. Егер PR маманы басшысына «қазақша жазайық, жарысты қазақша өткізейік» десе, қарсы болмайды деп ойлаймын, – дейді Әйгерім Тоқсанбек.

Қош, жанкүйерлердің әлеуметтік желіде спорттағы қазақша сөз қолданысына, комменаторлардың сөздік қорына талдау жасап жүргені қуантады.  Бұл мемлекеттік тілдің маңызы артып, салада сілкіну барын көрсетеді. Қалғаны – қазақша сұхбат беретінін кесіп айтатын спортшы мен саланы қазақша сөйлететін басшыға байланысты.

Оқи отырыңыз